Иісшіл иттер жарысы өтті

5513 әскери бөлімі атқыштар батальонының базасында ҚР Ұлттық ұланы Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінің кинолог мамандары арасында қызметтік иттермен жеке және командалық көпсайыс өтті. Оған 8 команда, 23 кинолог маман қатысты.

Жеті қазынаның біріне жататын қызметтік иттер бұл күні іздестіру қызметі, есірткі заттарын іздеу және жарылғыш заттарын іздеу аталымдары бойынша бақ сынасты.

Сайыс нәтижесінде іздестіру қызметі аталымы бойынша 5513 әскери бөлімінің 2 жедел мақсаттағы батальонының кинология қызметі мамандар тобының аға сержанты Абылай Адасханов «Махно» лақап атты қызметтік итімен жеңімпаз атанды. Ал, есірткі заттарын іздеу аталымында 5513 әскери бөлімінің атқыштар батальоны кинология қызметі мамандар взводының аға сержанты Әлімхан Жампейісов «Аргон» лақап атты қызметтік итімен үздік деп танылды. Соңғы жарылғыш заттарын іздестіру аталымында 6506 әскери бөлімінің 3 жедел мақсаттағы батальоны кинология қызметі мамандар тобының бөлініс бастығы Ерболат Асанов «Риза» лақап атты қызметтік итімен жеңімпаз атанды. Ал, командалар арасында 5513 әскери бөлімінің командасы ең үздік атанып, бірінші орынға ие болды.

«Aq-jol»-Aqparat.