Хандық дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ әйелі – Шоқанның әжесі

Айғаным Сарғалдаққызы 1783 ж Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.
Уәли хан 54 жасында 17-дегі Айғанымды төртінші әйел етіп алған. Айғаным әкесі Сарғалдақтан араб, парсы, шағатай тілдерін үйреніп, шығыс ойшылдарының шығармаларын оқып өскен. Орыс, француз тілдерін де жетік меңгерген. Өте білімді, саяси сауатты болған.
Жазушы И.Стрелькова Айғаным туралы «Младшая жена хана Вали, умная и властная Айганым была женщиной образованной, знала несколько восточных языков, обладала незаурядным поэтическим талантом и прозорливостью опытного политика» деген.
1821 ж Уәли хан дүниеден өткенде Айғаным 38 жаста, ұлы Шыңғыс 10 жаста болған. Осы тұста Ресей патшалығы Айғанымды «Орта жүздің ханы» деп таниды. Осыған орай Айғанымды «хандық дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ әйелі» деп атаушылар бар. Бірақ бұл «хандық» ұзаққа созылмай, 1822 жылы М.М.Сперанскийдің «Сібір қазақтарын басқару» атты ережесі шығады да, Орта жүздің хандығы жойылады. Ал Айғаным Көкшетау дуанына біраз жыл аға сұлтан болған.
1827 ж Айғаным өзінің баласы Шыңғысты – Шоқанның әкесін әскери училищеге оқуға береді. Әскери училищені бітірген Шыңғыс 23 жасында Аманқарағай округіне аға сұлтан болып тағайындалады, оған майор, кейіннен полковник шені беріледі.
12 жастағы Шоқанды да, шешесі Зейнептің қарсы болғанына қарамай, Омбы қаласына оқуға жіберді. Шоқанның ғалым болып қалыптасуына әжесі Айғанымның әсері көп болған.
Айғаным ханым 1833 ж Патша үкіметінің қаржысына медресе-мешіт салдырған.
Айғанымның өмірден өткендігі туралы немересі Шоқан былай жазған: «1852 жылы қазан айының 19-ы күні мұсылманша бейсенбіде, екінті намазының кезінде қазақтың орта жүзінің ханы марқұм Уәлидің жесірі Айғаным Сарғалдаққызы 70 жаста дүние салды. 20-сы күні жұмада жерленді. Оның тоғыз ұлы бар еді: екеуі жас кезінде, екеуі жиырмалар шамасында қайтыс болған».
Yerbol Sarmurzin