ХАЛЫҚ САНЫ АЗ БОЛСА ДА «ACTIV» МҰНАРАСЫ ОРНАТЫЛДЫ

Нақты іс қашанда нәтижеге бастайды. 2020 жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы ауылдық округке жалпы құны 174 миллион 795 мың теңге болатын 12 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Былтыр 13 дана ауыл шаруашылығы техникасына қол жеткізілді. Жалпы құны 155 миллион 180 мың теңгеге бағаланған бұл техникалар лизингке және шаруалардың жеке қаражаттарына алынды.

Ал биыл жыл басынан бері «Тасбұлақ», «Азамат-2002» шаруашылықт ары жаңа «Беларусь-892», «Беларусь-82,1» тракторларын алып қойды. Осылайша жергілікті диқандар көктемгі егіс-дала жұмыстарына тас түйін дайындықпен кірісіп кетті.

Әлем елдері цифрландыруға мән беріп, салаларды сандық технологияға бейімдеуде. Ол үшін жоғары жылдамдықты интернетті кәдеге жаратып, телекоммуникациялық инфрақұрылымның өрісін кеңейте түсуіміз шарт.

Бүгінде аудан бойынша барлық елді мекендер ғаламтор желісіне қосыла бастады. Цифрлық технологияларды дамытудың басты мақсаты – халықтың қолжетімділігін арттыру.

Бұл тұрғыда ауылдық округке қарасты Үшбас ауылына көптен күткен 3G интернет желісі келді. «Ғаламтордан қалыс қалып, қоғамда болып жатқан жаңалықтардан қол үздік» деген ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Осыған дейін ауылдағы ата-аналар карантин уақытысында мектеп жасындағы балаларының онлайн сабаққа жөнді қатыса алмайтындығын айтып, шағымданып келген. Бұл туралы «Jambyl» телеарнасының «Уәде мен үде» бағдарламасында қозғалған. Осы орайда тиісті министрліктің «Мемлекеттік – жекеменшік әріптестік» жобасы аясында ұялы операторының базалық кеңжолақты жүйесі аталған ауылдық округке де жеткенін қуанышпен айтамыз.

«ACTIV» байланыс операторының елді мекендерге байланыс желісін орнатудағы шарты халық саны 250 адамнан асу болса, Үшбас ауылындағы адам саны 170 адамды құрайды. Дегенмен ауыл тұрғындары байланыс мұнарасын және электр энергиясына қажетті бағандарды өз күштерімен (жеке қаржыларына) орнатып, жұмыстың алға басуына лайықты үлес қоса білді.

Жанысбек АРЫСТАНБЕКОВ,
Түркістан ауылдық округі әкімі
аппаратының бөлімше басшысы.
Сарысу ауданы.

aqjolgazet.kz