Халифа Омардың әділеттілігі.

 

Біздің жыл санауымыздың 640 жылдары Мысыр мұсылмандар билігіне өтті. Осы тұста қала ортасындағы жайлы жерге қолбасшы Әмір ибн Ас құрылыс мешіт құрылысын жүргізе бастайды.

Ол жер бұрын ұлты яһуди адамның иелігінде болған екен. Жерінен айырылған адам әділдік іздеп Мәдинадағы мүміндер әміршісі Омар ибн Хаттабқа келеді.

Бұл кезде мұсылмандардың тасы өрге домалап, халифаның атағы жер жарып тұрған заман. Шағымданушы қалаға келіп, әуелі патша ордасын іздейді.

Ешқандай сарай жоқ. «Жарты әлемді жаулап алған мұсылмандар әміршісінің сарайы болмауы мүмкін емес». Осылай әрі-сәрі күйге түскен жөйт бауыр жолай ұшырасқан бір мұсылманнан.

– Патшаның сарайы қайда?- деп сұрайды. Ана адам «Мәдинада патша сарайы болған емес» деп жолаушыға таңдана қарап жөніне кетеді.

Мән-жайды дұрыс түсіндіре алмаған болармын деп топшылаған жолаушы келесі біреуден:
– Халифа Омардың үйі қайда, — деп сұрайды.

Ана кісі алыстан келген қонақты жетелеп әкеліп, жұпыны қара балшық тамды нұсқап «Міне мынау халифаның үйі» дейді де жөніне кетеді.

«Әлем әміршісі мұндай үйде тұруы мүмкін бе?». Әбден есі шыққан яһуди имене басып табалдырық атайды.

Қызметті құлдан «Халифа Омардың үйі осы ма?» деп сұрайды.
– Қош келіпсіз қонағым, патшамыз Омардың үйі осы. Не шаруамен келдіңіз?

– Әділдік іздеп келдім.
– Олай болса күтіңіз, болмаса ол кісі анау бір шеттегі құрма бағында ағаш отырғызып жүр, барып жолығуыңзға болады.

«Атақшы патша қара жұмыс істейтін болғаны ма?». Таңданыс пен толғанысқа шырмалған ойымен алысып, жөйт бауыр бақша келеді.

Адам көрінбейді. Тек аласа ағаштың түбінде үстіне жыртық шекпен киген бір адам демалып отыр. Қасына барады.

– Мен мүміндер әміршісі Омарды іздеп жүр едім…
– Іздеген адамыңыз мен шаруаңызды айтыңыз?

Мысырлық қонақ мұсылмандар әскерінің басшысы Әмір ибн Ас өзіне әділетсіздік жасағанын, иелігіндегі жеріне келісімін алмай мешіт тұрғызып жатқанын айтып шағымданады.

Омар ойланып отырып, «саған хат жазып берем соны Ибн Асқа ұстат» дейді. Табан астында қағаз табыла қойсын ба, Омар қасында топыраққа көміліп жатқан қойдың қуарған жауырынын алып оған екі ауыз сөз жазып қонақтың қолына ұстатады.

Оқиғаның мән-жайын әлі түсінбеген шағымданушы «бұлардың мені мазақ етуін қарашы, әділдік сұрап келсем, қолыма қу жауырын ұстатып қояа берді».

Неше рет жауырынды лақтырып жіберуге оқталады да, сабыр сақтайды. Сөйтіп, жауырын-хатты алып Ибн Асқа келеді.

Қолбасшы аттың үстінде салынып жатқан мешітің қасында тұр екен. Оған жауырынды ұстатады. «Мына хатты сізге Омар берді». Хаттағы екі сөзді оқыған Әмірдің түсі бұзылып, есінен танып аттан ауып түседі.

Есін жиған соң мысырлықтың аяғына жығылып, кешірім сұрап, аяқталуға шақ қалған мешітті дереу бұзыңдар деп жарлық береді. «Жеріңізді босатып берейін тек ренжімеңіз».

– Тоқта, Ибн Ас бауырым, сен маған мынаны түсіндір әуелі, қолыңдағы жауырында сен талып қалатындай не сөз жазылған, — дейді мысырлық. Әмір ибн Ас әуелі Алладан кешірім сұрап алып, айтқаны:

– Ерте де ислам келмей тұрғанда Омар екеуміз парсылар еліне барып, араб жылқыларын сатушы едік. Бір жолы патшаның туысқаны біздің аттарымызды алдап алып, ақшасын бермей қойды.

Осылай қатты қиналып тұрғанымызда біз жатқан қонақ үйдің иесі мән-жайды білген соң «Сендер Мушауран патшаға жолығыңдар. Ол кісі әр сәрсенбі күні адамдарды қабылдайды, барып шағым айтыңдар, өте әділетті адам» деді.

Сәрсенбі де тілмаш жалдап патшаға барып мән-жайды баяндадық. Патша бізге бір уыс ақша ұстатып шығарып салды. Әділетшілдігі мынау деп қатты қапаландық.

Берген ақшасы бар болғаны жолымызға ғана жететін еді. Біздің жайға қаныққан қонақ үйдің иесі «мұнда бір гәп бар, күтіңдер келесі сәрсенбі де сендерді өзім бастап барам» деді.

Бардық. Барлық шындық бүкпесіз айтылды. Патша басын шайқады. Сөйтсек алдыңғы тілмәшіміз «мына екі араб еліне жете алмай ақша сұрайды» деп өтірік айтқан.

Бұл да сол жылқыларда үлесі бар адам екен. Машаруан дереу ана екеуін тергеуге алып, бізді бір апта сарайында қонақ етіп, ақшамызды артығымен беріп шығарып салды.

Кетерімізде екеумізге бір шарт қойды. Бірің шығыс, бірің батыс қақпадан шығыңдар. Сөйтсек, батыс қақпада әлгі бізден жылқы тартып алған туысының, шығыс қақпада алаяқ тілмаштың басы ілулі тұр екен…

Осыны айтып Әмір ибн Ас үнсіз тұнжырап отырып қалады. Тыңдап отырған яһуди бауыр «бұл оқиғамен мына хаттың қандай байланыс бар» деп сұрайды.

– Әрине, үлкен байланысы бар, — дейді Әмір хатта «Мен Мушаурандан да әділмін» деп жазылған екен.

Осыдан кейін оқиға барысын түсінген мысырлық иеліліндегі жерге салынып жатқан мешітті бұздырмай, өзі де мұсылманшылықты қабылдаған екен делінген бізге жеткен руаятта.

Мешіт бұзылмай толық салынды. Кейін мұсылмандар оны «Әмір ибн Ас» мешітті атап кетті. Бұл құлшылық үйі Африка құрлығында бой көтерген алғашқы мешіт ретінде тарихта қалып, аман-есен бүгінге жетті.

 

Бекен Қайратұлы.

Мақсат Сқақовтың фейсбук парақшасынан