Хақ назары, немесе «Алланың көзі тура болсын!»

Алланың назары түсіп тұрған аймақтар болады. Мәселен, Қағба, Пайғамбарымыздың(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешіті. Сол жерде оқылған намаз әлгі назар әсерінен бірден бірнеше мыңға өсіп шыға келеді. Ал Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  мінбері маңындағы жасыл кілем үстінде оқылған намаз, жәннатта оқылған намаз санатына кіреді. Себебі, иә, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  жанында тұрсыз. Сондықтан бізге де кімнің назарында жүргендігімізге бір ауық мән беріп қоюға тура келеді. Себебі, назар, ол қай назар болса да, өзіне баурай бастайды. Біздің жұрген ортамызға, достарымызға қарай бейімделіп кететіндігіміз сондықтан. Сондай-ақ, бір-бірін ұдайы назарда ұстайтындықтан ерлі-зайыптылардың өзі бір-бірінен аумай қалады.

Иә, назар әрқилы болады. Ол — қуат, ол — күш, ол — сыйқырлы әлем. Ол — Ньютон ашқан заңдылық. Сол тартылыс күші, өзінен жоғары күш иесіне ғана жол береді. Адам баласы ол «күшке» Аллаға бет бұрған кезде иелік етеді. Ал оған қауышу үшін Алла назарына ілігу керек. Ол үшін әуелі өзге назар аймағынан «босанған» жөн. Болмаса өзге назар аумағында жүріп ешқашан Аллаға ғибадат жасай алмайсың.

Ұғынықтылық үшін сол айтылған назарға шамалы назар аударайық. Мән берсек, қылмыс Алла назары түсіп тұрған жерде болмайды. Қылмыс негізінен зұлмат назары түсіп тұрған жерлерде болады. Ұдайы сол маңнан табылатын адам, әйтеуір бір күні сол зұлмат күш назарына ілінетіндігі кәдік. Сол кезде біз «Құдай-ай, бұған қайдан ғана ұрынып қалды?» деп, пұшайман болып жатамыз.

Рас, бұл әлем Алла назарынан тыс емес. Бірақ ол әлем ішінде шайтанның да, нәпсінің де үлесі бар. Шайтан — болса да адам баласына жау. Ал нәпсі — біздің қалауымыз. Ол қалауға тапсырыс ниеттен түседі. Сондықтан адамның әуелі ниеті түзуленбей, ісі оңғарылмайды. Ниет түзулену үшін соған әсер ететін аймақ таза болу керек. Ол аймақтың аты… Дұрыс. Назар. Оның өзі әрқилы болатынын жоғарыда айттық.

Мынандай бір тәмсіл бар.

Қызырмен жолдас болған бір адам өз жақынын Қызырдың назарына іліндіргісі келеді. Ол үшін туысына мес қылып үрілген түйенің терісін көтеріп, Қызыр өтетін жермен әрі-бері жүруге кеңес береді. Айтқанындай бұл Қызырды ертіп келе жатқанында «түйе» көтерген әлгі жігіт алдарынан олай-бұлай ойқастап өтеді. Туысы болса «Ойпырмай, мына жігіттің күштісін-ай! Түйені көтеріп алыпты» деп, туысына Қызыр назарын аударуға тырысады. Сонда Қызыр жан-жағына қарап «Оның анау шөпшек теріп жүрген қыздың қай жағында» деп сұраған екен. Осылайша кездейсоқ Қызыр назарына түскен әлгі қыз қазақтың бір бұтағының анасына айналыпты.

Назар xақтығына жапондар да тәжірибе жасау арқылы көз жеткізген. Олар су құйылған үш ыдысқа күріш салып қойып, біреуіне күнделікті ақ тілектер, мадақтар айтса, екіншісін балағаттап отырған. Ал үшіншісіне тіпті назар аудармай қойған. Нәтижесінде, бірінші ыдыстағы күріш бүршік жара бастаса, екінші ыдыстағы күріш өз табиғатын өзгерткен, ал назардан тыс қалған үшінші ыдыстағы күріш шіріп кеткен. Сол сияқты ана назарында өскен бала балпанақтай болады да, ана назарынан тыс қалған сәби шүмпиіп өспей қалады. Бұл үрдіс мемлекеттерге де тән.

Бізге қажетсіз сияқты көрінетін әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік іс-шаралар — негізінен әлем назарына ілігу мақсатында ұйымдастырылады. Жалпы назар жемісін бастығы көзіне түскен қызметкерлер де татып жатады. Назар мәнін білген біздің аталарымыз «Алланың көзі тура болсын» деген мәтелді өмірге әкелген. Соған орай өздері де Хақ назары аумағынан шығып кетпеуге тырысқан. Және де сол Алла назары түскен жерді бізге мирасқа қалдырған.

Ендеше сол Назар берекетіне шомып жүруді Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін!

Құдияр Біләл