Гарвардта оқыған Шыңғыс Мұқан өзгерудің жолын айтты

Шыңғыс Мұқан – Америкадағы Гарвард университеті Кеннеди басқару мектебінің түлегі. «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүргенінде газетімізге «Ағылшын тілін жылдам үйренудің жолын білемін» деген мақала жазып, тіл меңгеруге қатысты пайдалы ақпаратымен бөліскен.

Журналистикадағы қызметін «Жас Алаштан» бастаған. Кейін мемлекеттік қызметке ауысқан. «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша білім алып, елге оралған Шыңғыс ағаларың редакциямызға арнайы келіп кетті. Сұқбаттастық. Əңгімені балалық шағынан бастаған кейіпкеріміз балаға да, ата-анаға да қажет əдеттерімен бөлісті.

Шыңғыс ағаларыңның əкесі де журналист. Жұмабек Мұқанов Шардараның аудандық газетін қырық жылға жуық басқарған. Шымкенттен де шалғай жатқан Шардараға ел астанасынан танымал адамдар қонаққа көп барады екен. Оларды шақырып, бəрін ұйымдастырып жүретін – марқұм Жұмабек Мұқанов ағамыз. Кейіпкеріміздің біріншіге барайын деп жүрген кезі. Ауылына Ресейдің Кемер губерниясын көп жыл басқарған Аман Төлеев келетін болыпты. Сценарий бойынша бала Шыңғыс алдынан гүл алып шығуы керек. Үйге жақындап қалды. Жап-жас. Бойы ұзын, шашы көмірдей қара кезі екен. «Кім боласың?» – деп сұрапты Төлеев орыс ша лап. Ешкім үйретпесе де, алты жасар бала: «Президент болам», – деп жауап беріпті. Сол кезде-ақ мемлекеттік қызметке араласатынын сезсе керек…

– 8-сыныптан бастап көршілердің бір түйе, бір сиырын қосып мал бағатынмын. Ол еңбегім үшін айына 200 теңге аламын. Əкем жылда елу түп жеміс ағашын егетін, бағымыз жайқалып тұрады. Өрік, шабдалының неше түрі бар. Төгіліп жатады. Таңертең жинап алып, базарға сатып қайтамын. Қайтар жолда жеңгелеріме макарон, сабын, шəй алып келемін. Тəуелсіздік алған кезеңнен бастап 2000-жылдарға дейін мектепте оқыған біздің
қатарымыз жылы-жұмсақты көп көрген жоқ. Шардарада да құрылыс тоқтап, зауыттар жабылды. Ешкімде мал қалмады. Кей жылдары жарық қайта-қайта сөніп қалатын. Жақсы мұғалімдер тіршілік қамымен қалаға көшіп кетті. Педагогикалық білімі болмаса да, жұмыссыз қалған бұрынғы инженерлер сабақ беріп жүрді. Бір мұғалім бірнеше пəннен беретін. Осындай қиын кезде мектеп бітіріп шықтық.

11-сыныпта виньеткаға түсетін болдық. Бағасы – 500 теңге. Үйде көп ақша жоғын біліп тұрмын. Əкем аудандық газетте сыни мақала жазады да, жоғарыдағыларға жақпай, арасында жұмыссыз қалады. Сұрасам, 500 теңгені тауып беретін жағдай бар. Зейнеткер ата-əжеміз бар дегендей. Бірақ үйдегілерді қинағым келмеді. Виньетканы алмай-ақ қояйын деп шештім.

Ел тəуелсіздік алған алғашқы өтпелі кезеңді көріп өскендіктен, қалаға келгенде кез келген қиындыққа дайын болдық. Алматыға мектеп бітірген жылдың тамыз айында келдім. Ауылға келесі жылдың шілдесінде бір-ақ бардым. Себебі əр демалыста жұмыс істедім, даяшы болдым. Бір оқу орнының жатақханасында жасырын тұрып жүрдім. Күнде терезеден кіремін. Кешкілік университеттің проректоры ма екен, əлде декан ба, əр бөлмені тексеріп шығатын. Қадамы жақындағанын ести сала шкафқа жасырынып қаламын. Бір күні «шкафтарды да тексеріп жүр» деген əңгіме тарады. Оны естігеннен кейін балконға шығып кететін болдым.

Салық Зиманов сексен жасында ағылшын оқып жүрді

Əкем адамдармен тез тіл табысатын. Жиырма бес жасында аудандық газетке редактор болып тағайындалып, қырық жылға жуық істеді. Алматы сияқты үлкен қалаларда ғана жүретін ақын-жазушылар, журналистер мен өнерпаздарды біздің қарапайым ауылымызға əкеліп, ауыл тұрғындарына əңгімесін тыңдататын. Үйімізде Əбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова сынды ел алдында жүрген азаматтар қонақ болған. Кішкентай болсақ та, дастарқан басына отырғызып қоятын. Əңгімесін тыңдай берсін, санасына тоқи берсін дейді екен. Ол кісілер кеткенде отырған орнына бізді аунатып алатын. Үйде екі бөлме кітапқа толы болатын. Кішкентай кезімізде ондай тұлғалардың шығармашылығын біле қоймадық. Есейгенде кітаптарын оқып, қандай адамдармен бірге отырып, орнында аунағаным есіме түскенде қуаттанып кететінмін.

Мектепте немісше оқыдым. Оныншы сыныпқа келгенде: «Немісше оқығым келмейді, ағылшынша оқимын», – дедім. Неміс тілінен беретін апай сынып жетекшім еді. «Кезінде бəрі французша сөйлеуге құмартқан. Сонан кейін неміс тілі сəнге айналды. Ағылшын тілі де бір күні сəннен қалады», – деді. Онысына қарамай неміс тілі сабағында соңғы партада ағылшын тілі кітаптарымды парақтап отыратынмын. Ағылшын тілінен ақылы курсқа барып жүрдім. Кейін Алматыға келіп, университетке түстік. Əкем бір тойда Салық Зимановтың Қазақ академиялық университетін ашып жатқанын естіпті. Онда Сұлтан Сартаев сынды мықты академиктер сабақ береді екен. Ешқайда бұрылмай, тіке сол оқу орнына алып барды. Бар ойым – ағылшын тілін оқу. Кім болып шығатыныммен жұмысым жоқ. Ағылшын, испан тілінің аударма ісінде оқыдым. Бірінші қыркүйек күні келсем, Дима есімді жігіт «осы топ па?» деп сұрайды орысшалап. Орысшам шамалы. Нық сеніммен айтатыным – «да, нет». Содан деканымыз Самат Өтенияз ағайға бардым. Ол кісі орыс тілін де меңгеруге тура келетінін айтты. Ағылшын тілін орыс тілі арқылы үйрену керек екен. Үстелімнің үстінде орысша, ағылшынша, испанша жəне қазақша сөздіктер қатар ашылып тұратын.

Ағылшын тілінен беретін Үміт Əбдіғалиқызы есімді апайымыз сабақ арасында кітаптарын құшақтап, бір жерге барып келетін. «Екі топты қатар алып жүрсіз бе?» деп сұрадық бірде. Сөйтсек, Салық Зимановқа ағылшын тілін үйренуге көмектесіп жүр екен. Салық Зиманұлы сол кезде сексеннен асқан кісі. Өз бетімен ағылшын оқып отырып, бір жерін түсінбей қалса: «Үміт, қайдасың? Мына жерін білмей отырмын», – деп іздейді екен. Сонда əбден кемеліне келген, қалыптасып болған ғалымның сексен жасында ағылшын оқып жүргенін естіп, басымызды шайқағанбыз. Жəй-күйі келмей, қиналыңқырап жүрген баланы бірден танитын. Дəлізде келе жатып, тоқтатып алатын. «Қай жақтың баласысың? Əке-шешең кім? Қарның тоқ па? Мына жер ұнай ма? Ұнамаса, несі ұнамайды?» – деп сұрайтын. Ректорың жағдайыңды, əке-шешеңнің қайда екенін сұрап жатса, қанаттанып қаласың ғой. Сондықтан бұл оқу орны мен үшін ыстық болды. Өкініштісі, кейін ол университет жабылып қалды.

Сол уақытта Қазақ академиялық университетінде оқыған балалар Салық Зимановты аңыз көрсе, Қазақ Мемлекеттік заң университетінің (академиясының) студенттері Нағашыбай Шəйкеновті жыр қылып айтады. Студенттермен бірге жүріп, бір асханадан тамақтанатын бұл ректорларды студенттері қазірге дейін ұмытпай, аузынан тастамай айтып жүреді. Осындай тура мағынасындағы аңыз адамдардың көзін көргенін мақтан етеді.

«Чудопешке» нан пісіретінмін

Жатақханада тұрамыз. Бөлке нан жейміз. Түк құнары жоқ, бір асағаннан қалмайды. Бұлай болмас дедім де үйге хабарласып, нанды қалай пісіретінін сұрадым. Ауылдан «Чудопеш» беріп жіберді. Розыбакиев көшесіндегі базарға барып, 25 келі вермишель мен 25 келі ұн алып, жатақханаға көтеріп келдім. Жеңгелеріме қоңырау шалып, не істеу керегін сұрадым. Су құйып, ашытқыны араластырдым. «Мұздай су болмасын» дегенді ыстық су деп түсініппін де, ашытқыға қайнаған су құйыппын. Нанды тас қылып илеп, көрпемен орап қойдым. Бір-екі сағаттан кейін пісіре беруге болады деген. Екі сағаттан соң жеңгем хабарласып, «көтерілді ме?» дейді. Қараймын, көтерілмеген. Қамыр əдемі болып тұр. Салып көрейін деп «Чудопешті» қостым. Салдым. Пісті. Тастай. Сөйтсем, ыстық су ашытқыны өлтіріп жібереді екен. Оны да біліп алдым. Жылы суға ашытып, нанды жап-жақсы пісіретін болдым.

Үшінші курста «Жас Алаш» газетіне жұмысқа тұрдым. Бірінші айда жазғаныма 4000 теңгедей қаламақы алдым. 5-6 айдан кейін штатқа алды. Айлығым – 12 500 теңге. Ол кезде көп ақша. Бір Nokia телефон алуға болатын. Сөйтіп нан пісіруді қойдым. Оған уақыт та болмады. Сабағым түске дейін. Материал дайындап үлгеру үшін сабақтан кейін жұмысқа барып, кешке дейін жазамын. Үлгермесем, таңертең ерте барып, нөмірге беремін. Ары қарай сабаққа кетемін. Сабақ пен жұмыстың арасындағы еркелікті көтерген сол кездегі журналист аға-əпкелеріме ризамын. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Мемлекеттік қызметте де оның пайдасын көп көрдім.

Кейіпкеріміз жан-жақты. Жиырмадан асқанда домбыра үйрене бастапты. Əлі күнге дейін аптасына 2-3 рет курсқа барады екен. Домбыраның аса қажет екенін əсіресе Америкаға барғанда түсініпті.

Ағылшын тілін қай сыныптан оқытқан дұрыс?

Гарвардта жүргенде əлемнің түкпір-түкпірінен келген жастар ұлттық костюмдерін киіп, ұлттық аспаптарында ойнап, өнерін көрсетеді. Екі жүзден астам қазақтың басын қосып, чат аштым. Ол жақта кəдімгідей қауымдастық болдық. Домбыра тартатын бала таппаймыз. Бала кезде ненің қажет, ненің керек емес екенін білмейсің. Домбыраға бір-екі рет барып, тастап кеткенім бар. Негізі ата-ана баласын мəжбүрлеп болсын курстарға апару керек екен. Есесіне кейін рақмет айтады. Америкада пианино сабағының бағасы сағатына 100-150 доллар. Ал біздің елде ондай ақшаға екі ай баруға болады. Біз оның қадірін білмейді екенбіз. Елге қайтқан соң баламмен қосылып үйренемін деп шештім. Ата-ана баласын білімге ғана емес, өнер мен спортқа да баулуы керек.

Керемет спортшы болып кетпесе де, өзі үшін білгені дұрыс. Адамға өнер де керек. Қазір балаларым аптасына төрт рет жүзуге барады. Жазғы уақыты бос өтпесін деп шахмат, таэквондоға да жазып жатырмыз. Кейде еркелігі мен жалқаулығы қатар ұстап, «бармай-ақ қояйыншы» дейді. «Жоқ, барасың». Олай айтқандары ертең ұмытылады. Ал үйренгені өмір бақи сақталып қалады. Қазір бізде уақыт жоқ. Отбасыңа көңіл бөлу керек, ақша табу қажет, туыстарың мен достарыңмен араласу бар. Ал олар ондай шаруадан бос. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланған дұрыс.

Шетте оқу үшін ағылшын тілін білу керек. Бірақ жəй ғана тіл білу жеткіліксіз. Нақты бір саланы игеру міндетті. Соның ішінде математика, физика ғылымдарын игергендердің шоқтығы биік екенін байқадым. Бостонда өзіміздің Жəутіков мектебін, қазақ-түрік лицейін бітірген талай бала жұмыс істеп жүр. Ағылшын тілін 1-сыныптан оқытқан дұрыс па, бұрыс па деп, əлі таласып жүрміз. Ұлым 1-сыныпқа Бостон қаласында барды. Шетелдік ата-аналарға арналған курс ашылды. Онда Американың білім беру жүйесінен хабардар етті, тіл білмейтіндерге ағылшын тілін үйретті. Егер бала 10 жасқа дейін кез келген тілде тілін сындырса, ол балада акцент болмайды екен. Сондықтан ерте бастан оқығаны өзіне жақсы. Туысымның 3-сыныпты бітірген қызы бар. Бес жасында анасы «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияға оқуға түсті де, қызын сонда балабақшаға берді. Қабілетіне де байланысты болар. Бала бір жылда ағылшынша таза сөйлеп қайтты. Қазір үш тілде бірдей сауатты сөйлейді. Мен таңғалдым. Балалардың қабілетіндей қабілет белгілі бір жастан соң жоғалып кетеді.

Гарвард маған не берді?

Американың басқару жүйесі біздікінен өзгеше. Speechwriting деген сабақ болды. Яғни ел алдында сөйлейтін сөзді қалай жазу керегін үйретеді. Барак Обаманың спичрайтерінен сабақ алдым. Бізде мемлекеттік қызметкерлердің халық алдындағы сөзі есеп беру мен баяндама ғана. Ал қағазға жазылған сөзде мотивация болуы керек.

Либерал-демократиялық құндылықтарды алдымен отбасымнан, сонан соң «Жас
Алаштан» бойға сіңірдім деп ойлаймын. Ал Гарвард құндылықтар жайындағы таным-түсінігімді кеңейтті. «Адамдармен өзгерісті ұйымдастыру» деген пəннен Маршалл Ганц есімді оқытушы берді. Маршалл Ганц – Обаманы президент қылған адам. Сайлау стратегиясын жасаған. Обама əлеуметтік ұйымдастырушы болып істеген. Ондай мамандық бізде əзірге жоқ. Көп елдің қоғамында елдегі бар проблеманы мемлекет шешіп беруі керек. Шағын ауыл болса да, Үкіметке қарап отырады. Əлеуметтік ұйымдастырушының міндеті – сол қоғамдағы проблеманы шешуге ұйытқы болу. Демек ауыл халқы проблемасын өздері шешуі керек.

Бастық пен басшы деген сөздердің мағынасы екі бөлек. Бастық статусын сақтап, құжаттарға қол қойып қана отыруы мүмкін. Ал басшы өзгерістерді бастайды. Адамның өзгеруі қиын. Бірде мынадай зерттеу жүргізіліпті: Дəрігер алдына келген жеті адамның
əрқайсысына «мынадай əдетіңді тастамасаң, өлесің» дегенді айтады. Жетеудің біреуі ғана өзгере алыпты. Демек өмір мен өлім қатар келсе де, адамның əдетін қоюы қиын. Қазір таңғы бесте тұрып жүгіріп жүрмін. Астанада Марат Жыланбаев есімді марафоншының жүгіретін тобы бар. Соған қосылдым. Бұл менің ішкі өзгерісім.

Қазір аурудан қайтыс болатындардың арасында жүрек-қан тамырлары аурулары бірінші орында тұр. Ал жүгіру жүрекке жақсы. Өзгергің келсе, құрбандық жасауға тура келеді. Мен ұйқымды қидым. Таңертең сегіз-тоғызда емес, төртте оянамын. Ерте тұру үшін ерте жату қажет. Досым кешкі 7-8-дерде туған күніне шақырса, уақытында барып, «бір сағаттан соң ұйықтауым керек еді, сондықтан қайта берейін» деп ерте кетіп қаламын. Демек мен қарым-қатынасты да қидым деген сөз. Тойға да бармай қалуың мүмкін. Америкада ешкім ешкімге өкпелемейді. Туған күні болса сусынын ішіп, тəттісін жеп, қонақтар арасынан сөйлескісі, танысқысы келген адаммен əңгімелеседі. Ары кетсе жарты сағат, бір сағат айналады да, туған күн иесін құттықтап, бір қаламсабын сыйлап, өз
жұмысына кете береді. Ал біз кең көсіліп отырып, уақыт өлтіргенге бейімбіз. Өзгеруді ойлаған екенсіз, кішкентай құрбандықтарға дайын болыңыз.

Менің ойымша, қазақтардың сыртқа жұмыс істеуге барғаны жақсы. Ондағы тəжірибесін елге əкеліп, айналасына көрсетсе, пайдалы болар еді. Кез келген тауар мен қызметтің сатылатын жəне сатылмайтын деген түрлері бар. Шетелге тауар ұсынып, олар сатып алса, мемлекеттік бюджетке ақша келеді. Ал сатылмайтын түрге Қазақстанда салынып жатқан жолдар, қалалар жатады. Біздің ақшамыздың көбі сатылмайтын секторларға жұмсалып жатыр. Ал сатылатын сектордың 90 пайызы – шикізат. Жұмысын тоқтатқан шахтаны ойлаңызшы. Кезінде көмір өндірді. Көмір бар кезде ол қалашықта мейрамхана да, дүкен де болды, үйлер салынды. Көмір қалай таусылды, қаладағы өмір де біртіндеп саябырсыды. Адамдар көшіп, ақыр соңында қалашық бос қалды. Ал сатылмайтын дүниеміз таусылса, ақшаны қайдан аламыз? Яғни сатылатын қызметтерге бейімделу қажет.

Жазып алған Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №30
24 шілде 2018 жыл