Этно-дизайнер Гүлнар Қасым жаңа топтамасын онлайн форматында таныстырды

Қазіргі бас киімдер мен шапандар ұлттық нақыштармен ерекшеленеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Нұр-Сұлтан қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі онлайн шеберлік сағаттар легін жалғастыруда. 17 сәуір күні жобалық кеңсе кезекті онлайн семинар өткізді. Онлайн семинардың арнайы спикері ретінде танымал дизайнер, көпбалалы ана Гүлнар Қасым сөз сөйледі. Әлеуметтік желіде өткен тікелей эфир кезінде дизайнер өзінің жаңа жұмыстарын таныстырды. Эфир барысында дизайнер ұлттық нақыштағы заманауи бас киімдер мен шапан, көйлектерінің жаңа топтамаларын көрсетті. Дизайнер өз сөзінде ұлттық киімдерді кең қолданысқа енуі жолында жұмыс істеп жүргенін жеткізді. 49 жасында мұнай саласынан сән саласына бет бұрған дизайнер шетелде өз туындыларымен танылып үлгерген. Париж бен Миланның сән апталарында этностиль бағытындағы жұмыстарымен өз көрмесін өткізген. Бархат пен жібек маталармен жұмыс істеп, ұлттық нақыштағы стильдегі киімдерге баса назар аударатын дизайнер оқырмандардың әлеуметтік желі арқылы келіп түскен сұрағына жауап берді. «Менің анам мен әжем де үнемі тігін тігетін. Орта жаста мен де өз жолымды таба білдім. Әр адам сүйікті ісімен айналысуы қажет. Жүрегіңіздің қалауын тыңдаңыз», – дейді дизайнер өзінен ақыл-кеңес сұраған жастарға.