Ескерткіштер – ұлттың құндылығы, елдіктің айғағы

Құндылықтарымыздың бірі – тарихи ескерткіштер. Аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштердің тәрбиелік мәні де жоғары. Ұлт мақтанышы – ұлы тұлғалардың бейнелері, қала берді тарихи жәдігерлер өткенімізге құрметпен қарауымызға негіз болмақ. Бүгінде облыс бойынша жалпы саны 3435 ескерткіш бар. Олардың 5-еуі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген. Ал 25-і республикалық, 698-і жергілікті маңызы бар мемлекеттік тізімге алынған. Сонымен қатар алдын ала тізімге алынғаны – 2707. Оның ішінде, монументтік өнер құрылыстары – 417, қалақұрылысы және сәулет ескерткіштері – 83, археология – 2935. Тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуы және бой көтерген ескерткіштерді тізімге алып отырған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәурембековті әңгімеге тартып, жұмыстарының барысын білген едік.

–Қуаныш Кәрібайұлы, соңғы жылдары облыс орталығында біраз ескерткіш бой көтерді. Олар тізімге алынды ма?

–Иә, тізімге алынды. Атап айтар болсақ, 2019-2022 жылдар аралығында Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған комиссияның келісімін ала отырып, Тараз қаласында «Асқар Тоқпанов», «Кенен Әзірбаев», «Әулиеата», «Қазақ халқына мың алғыс», «Анаға тағзым», «Дінмұхамед Қонаев», «Шерхан Мұртаза» және Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында «Сеңкібай» батыр ескерткіштері орнатылды. Аталған ескерткіштер есепке алынды.

–Бүгінгі күнге дейін қанша ескерткіштің мемлекеттік жерге орналастыру құжаттары рәсімделді?

–2021 жылы біздің дирекцияның ұйымдастыруымен «Жамбыл облысында орналасқан ескерткіштерге тұрақты жер пайдалану құқығы мемлекеттік АКТ-ны дайындау» тақырыбында кеңес өткен болатын. Аталған шараға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыс бойынша филиалының жер кадастр мамандары, аудан әкімдігінің өкілдері, ескерткіштерді қорғау инспекторлары және өлкетанушылар қатысты. Нәтижесінде, өңірде орналасқан 3435 тарихи мәдени ескерткіштердің 724-не мемлекеттік жерге орналастыру АКТ-ы дайындалды. Ал 2020-2022 жылдары Талас, Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Шу аудандарында орналасқан ескерткіштердің қорғау аймағын белгілеу мақсатында географиялық координаттары белгісіз ескерткіштерді анықтау бойынша далалық археологиялық барлау және құжаттама жұмыстары жүргізілді. Сөйтіп, 257 тарихи-мәдени нысанның географиялық координаттары анықталды. Атап айтар болсақ, Талас ауданында – 31, Жуалы ауданында – 43, Жамбыл ауданында – 80, Байзақ ауданында – 52, Шу ауданында 51 тарихи-мәдени нысанның географиялық координаттары анықталды. Сондай-ақ 2018-2022 жылдар аралығында жергілікті бюджет есебінен Жуалы ауданында орналасқан «Баркуаб» қалашығына 31 миллион теңгеге археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілсе, 2021-2022 жылдар аралығында Талас ауданында орналасқан ортағасырлық «Тамды» қалашығына 7 миллион теңгеге музейлендіру жұмыстары жүргізілді.

–Біздің өңірге археологтар келе ме? Немесе қандай институттармен бірлесіп жұмыс атқарып келесіздер?

– Ғылым және жоғары білім министрлігі Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтымен жасалған екі жақты меморандум негізінде Байзақ, Талас, Тұрар Рысқұлов, Жуалы және Меркі аудандарында археологиялық қазба және барлау жұмыстары жүргізілді. Онда ортағасырлық қалашықтар мен қоныстардың өмір сүру кезеңдері анықталып, сызбалары дайындалды. Сол жұмыстардың негізінде камериалдық зерттеулер жалғасуда. Жұмыстар еліміздің Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржы есебінен жүргізілді. Сондай-ақ 2020-2022 жылдар аралығында Ұлттық музейдің қаржыландыруымен халықаралық «Қазақ-Жапон», «Қазақ- Герман» экспедициялары Сарысу, Талас аудандарының аумағында орналасқан Бөріқазған, Тәңірқазған, Бүйрекбастау тұрақтарымен қатар Ақтоғай үңгірінде зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу барысында алынған сынамалар отандық және шетелдік лабораторияларда сараптамалардан өтуде. Қорытындысы халықаралық басылымдарда жарияланатын болады. Ал өткен жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі және Ресей Федерациясы Мемлекеттік Эрмитажы арасында ғылыми әріптестік туралы келісім негізінде Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс елді мекеніндегі «Бақа-төбе» қалашығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Жұмыстар Мемлекеттік орталық музей қаржысы есебінен ұйымдастырылды. Қазба жұмыстары 2015 жылы басталған болатын.

–Жамбыл облысы жер қойнауларындағы қазба байлықтарға бай өлке. Кей кен орындары археологиялық ескерткіштері бар аумақта орналасқан. Олардың сақталуы қалай жүзеге асуда?

– Әрине, археологиялық ескерткіштерді қорғау біздің мекеменің құзырындағы дүние. Бұл жерде облыс бойынша Экология департаментімен бірлескен жұмыстарды атап өткен жөн. Мысалы, Шу ауданындағы «Қазақмыс корпорациясы» мыс кеніші, Қордай ауданындағы «Шоқпар-Гагаринское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алтын өндіру фабрикасы және Талас-Сарысу аудандары аумағындағы «Қаратау инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі фосфор кеніші және басқа да ұйымдардың сұраулары бойынша жер игеру аумағына жататын учаскелерге далалық археологиялық ғылыми-зерттеу барлау жұмыстары жүрді. Сөйтіп, жүзден астам археологиялық ескерткіштер бұзылып кетуден сақталып, барлау жұмыстарының нәтижесінде белгісіз болып келген 56 оба мен қорымдар анықталып, алдын ала мемлекеттік тізімге алынды. Есеп карточкалары толтырылып, ғылыми есептері дайындалды. Бұл жұмыстар өңірге келіп жатқан инвесторлардың қаржысы есебінен атқарылуда. 2021 жылы монументалды және қала құрылысына жататын 500 тарихи мәдени ескерткіштерге мониторинг жұмыстары атқарылса, биыл Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Шу, Талас және Сарысу аудандарында орналасқан ортағасырлық қалалар мен қоныстарға мониторинг жұмыстары жүргізілді.

– Қандай мәселелер немесе кедергілер бар?

– Иә, біраз мәселе бар. Меркі ауданында Меркі ғұрыптық кешені орналасқан жерге аудан әкімдігінің тарапынан жеке тұлғаларға құрылыс нысандарын жүргізуге жер телімі берілген. Сондай-ақ Қордай ауданы, Георгиевск қалашығының қорғау аумағына жеке тұлғаларға құрылыс жұмыстарын жүргізуге жер телімін беру салдарынан нысан күрделі апат алдында тұр. Сондықтан аудан әкімдеріне хат жолдап, Қазақстан Республикасының Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңына сәйкес, әкімдік тарапынан тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғау аймағын белгілеп, мемлекеттік жерге орналастыру бойынша АКТ дайындау жұмыстарын жүргізуді сұранып отырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ерман ӘБДИЕВ.