ЕСКЕ АЛАМЫН ЗАМАНЫМНЫҢ АДАМДАРЫН

«Естелігі бар есіңде қалар
Өмір керемет.
Оңай да қиын бәрін көрген
Өмір керемет» — деген өлең жолдарындағыдай естелігі есімде қалған керемет өмірді көрдім. Адамның өмір жолы толассыз ағатын өзен сияқты. Сол өзен арнасын әркім әртүрлі қасиетімен толықтырады. Мен екі қоғамның қызығы мен қиынын бастан өткерген жанның бірімін. Бүгінгі айтайын деп отырғаным елес болып тарих қойнауында қалған мекемелер, сол мекемелерде қызмет жасаған ауданның өркендеуіне, ауылдың көркеюіне үлес қосқан өзінің кісілік пен кішілік, ізгілік пен ілтипат, ақыл парасат мәдениетімен, сөзімен есте қалған азаматтар мен азаматшаларды және бүгінгі таңда ауылды көркейтуге үлес қосып отырған азаматтарды айтпақпын. Ой салған 60-ты алқымдаған ана сұрағы болды: «Неге жұмыс табу қиын? Дипломы болса да, жұмыссыздар көп қой» деген еді. Бар айтқаным ірі мекеме, өндіріс орындары жоқ қой, шүкір осы өмірімізге деп қысқа жауап қатқанмын.
Кеңес Одағы кезінде осы ауылдың ішінде 100-ден аса мекеме жұмыс жасады, осы мекемелерде мыңдаған адам жұмыс атқарды. Тоқырау кезеңінде Кеңес Одағы ыдырағаннан соң мекемелер тарап бәрі жойылды, жеке меншікке өтті. Талан-тараж, қирату басталды. Жұмыссыз халық үдере көшті, кезінде осы ауылда бірнеше ұлт өкілдерімен 18 мыңнан астам адам тұрса, бүгінде оның 50 пайызы ғана қалды. Жұмыссыз халық не тапса сонымен өлместің күйін кешті, сыртқа жұмыс іздеп кетті, айлық, зейнетақы айлап төленбеді. Халықпен бірге мен де осы қиындықтарды бастан өткердім, сондықтан бүгін жаңарған Қазақстанды көріп шүкіршілік етемін. Осы ауыл ішінде небір алпауыт мекемелердің болғанын кейінгі ұрпақ білмейді. Себебі, көп мекемелердің орны жермен жексен болған, аты да заты да жоқ.
Мен Кеңес Одағында дүниеге келіп, әке-ананың жылы құшағында балалық бал дәурен, жастық шақ, шуақты күнім өтті. Оқуда жүріп еңбек жолым Кеңес дәуірінде Мемлекеттік банкте 1970 жылдың аяғынан басталды. Диплом алдындағы 6 айлық өндірістік тәжірибеден өтуге өзім өскен ауылға келдім. Сол кездегі мемлекеттік банк төрағасы Дүйсенбеков Рахмет аға қабылдап қаржы бөлімінің бастығы Өтеғұлов Сейсебек Дәуренбекұлы ағаны жетекші етіп қаржы бөліміне жіберді. Бір айға жетпей Рахмет аға шақырып алып: «Сені бүгіннен бастап жұмысқа аламын, бірақ осы ауылда банкте қаламын деп уәде бер, сырт адамы тұрақтамайды» деген. Ойда-жоқта бағым жанып қаржы инспекторы атандым. Рахмет аға қатал әскери үлгіде киінетін. Ұлы Отан соғысына қатысқан кісі. Бұл кісі мені 3 жылдай әскери тәртіппен сынақтан өткізді. Банк жүйесінің әліппесін үйреткен марқұм Рахмет, Сейсебек ағаларға алғысым шексіз, Алланың рақымында болғай. Сейсебек ағамен мекемелер тарап, банк жабылғанша қызметте бірге болдық. Соңғы қызмет коммерциялық «Игілік» банкте өтті, кезінде дүркіреп аты шыққан Қазақстанның барлық өлкесінде болған ірі банк, талай ауданда өтетін іс- шараларға демеушілік жасаған болатын.
Адамға әке-ана, ата-ене тәрбиесінен бөлек жүрген ортаның көп ықпалы болатынын көрдім. Менің банктегі 30 жылға жуық өмірім бейбіт заман аясында жақсы адамдар арасында қызықты, жемісті болды. Небір атпал азаматтармен қызмет бабында араласып, сол кісілерге қарап бой мен ой түзедік. Кейбір мекеме басшылары мен есепшілер отбасымен араласып, қуаныш қайғысын бөлістік.
Еңбек жолымды бастағанда ауданды ширек ғасырға жуық басқарған Айтбай Назарбеков ағаның көзін көріп, жылы жұмсақ сөзін естіп әкелік мейірімін көрдім. Қызы Күләшпен қатар оқыдық, марқұм қызы Гүлбадан барлығымыз бірге жүріп ойнаған, кештерге баратын едік, себебі мектеп көшесінде көрші болғанбыз. Ауылдан көшкенше сол үйінде тұрды. Айтбай аға ұстамды ақылына көркі сай азамат еді. Ұйымдастыру қабілеті жоғары, саясатпен іс атқаратын. Қаталдығымен қатар жүзінен нұр төгіліп, бойынан ізгілік пен ілтипат көрініп тұратын мәдениетті, сөзге шешен еді.
Осы Айтбай ағаның кезінде салынған жүздеген пәтерді, тұрмыстық ғимараттарды қоспағанда, барлық аудан елді мекендеріне асфальт жол салынып, Алматыдан, Тараздан күніне 3 мезгіл «Икарус» автобусы елді мекендерге қатынайтын. Әуежай жаңа форматпен кеңейтіліп ЯК-40 ұшағы ұшатын, Алматыға 55 минутта, Таразға 30 минутта жетуші едік. Барлық совхоз орталығында заманауи үлгімен мектеп, мәдениет үйі, жедел жәрдем станциясы, кеңсе, балабақша салынған еді. Көбісі әлі халыққа қызмет көрсетуде. Көктерек орман шаруашылығына қарайтын алма бақпен қоса жер теліміне жаңа «Жасұлан» совхозының ашылып, құрылысына куә болған адаммын. Совхоз сүт пен көкөніс өнімдерін өндіруге негізделген. Совхоздағы тұрмыс ғимараттары, үйлері Прибалтика жобасымен соғылды. Совхоз құрылысын толық аудан құрылысының бас мердігері (подрядчик) «Джамбулсельстрой-20» трестіне қарасты ПМК-2006 трест жүргізді. Соғылып жатқан шарап жасау зауыты іске қосылды ма дәлірек білмеймін. Бірақ түгел құрал-жабдығы алынған болатын. Жасұланның алмасы өз облыстарымыздан бөлек Ресейге сатылымға шығатын. Аурухана, балабақша, мектеп-интернаттар алып, қысқа қақты өздері дайындайтын.
Айтбай аға құмды гүлге айналдырған, еңбегі өрге өрлеген, ауданды өрге сүйреген, аянбай еңбек еткен, терін төккен адам екені жалғыз менің есімде емес, аты, атағы ел есінде. Кезінде Дінмұхамед Қонаев атамыз да ауданға келіп ауылға, ағаға батасын берген. Жасаған тірлігін көріп, ақындар, жазушылар, өнер адамдары ән-арнап Мойынқұм байлығын ауылын жырға қосқан берекелі, мерекелі ауыл болатын. Айтбай аға аудан қаржысын өзі қадағалайтын, банк 31 желтоқсан күні түнгі 10-11-ге дейін жұмыс жасайтын, сол күні миллиондаған қаржы игерілетін. Кабинетінде отырып сағат сайын ақпарат алып отыратын. Жұмыс аяқталар кезде өзі келіп қызметкерлерге жылы лебізін білдіруші еді. Жаңа жылды банк қабырғасында қарсы алған жылдар болған. Жұмыс аяқталғанша барлық мекеме басшылары, есепшілер банкте жүретін. Оны көзкөрген замандастар жақсы біледі. Осы кісімен бірге ауданның өрлеуіне бірдей атсалысқан білікті де білімді атпал азаматтармен бірге жұмыс атқару бақыты менде болды.
Кеңес Одағы ыдырағанға дейін аудан көлеміндегі бар мекемелер мен совхоздарға сол кездегі жалғыз мемлекеттік банк қызмет көрсетті. Айналдырған 3 жыл ішінде қаржы бөлімін басқару маған жүктелді. Ауданның бас мекемелерін бақылау менің бақылауымда болды. Оның ішінде құрылыс саласы да бар.
Ауданға ең көп үлес қосқан ірі мекеменің бірі ПМК-2006 болатын. 2 мыңнан астам жұмысшысы, әкімшілік қызметкерлерінің өзі 140 адамнан тұратын. Қарамағында аудандағы ең үлкен асхана 2 банкет залымен, кинотеатр, қонақ үй, фин үлгісіндегі монша, балабақша, дүкен, автопарк, май құю кешенімен, ағаш, темір цехы және асыл тұқымды сиыр, қой, шошқа өсірумен айналысатын жаңа үлгідегі қора-жайларымен қосалқы шаруашылығы, көкөніс пен тағамдар сақтайтын жаңа үлгімен жабдықталған жертөлесі бар болатын. Кеңес Одағы құрамындағы республикалармен қарым-қатынас жасайтын, аудан құрылысынан бөлек осы республикаларда құрылыс жүргізетін. Құрылыс тақтай ағаштартарын Ресейден бригадалары дайындап, тасымалдайтын.
Осы мекемені Экгардт Иван Богданович басқаратын, ұлты неміс болғанымен қазақ тіліне жетік, мақал-мәтелді сөзіне ұтымды пайдаланып, әңгімені әсерлі айтып, айналасын күлкіге бөлеп отыратын ұшқыр ойлы, тапқыр азамат еді. Жұмыс барысында талай сөздеріне күлгенім бар. Адамдармен тез тіл табысатын, қызметкерлері қағазын өткізе алмағанда тікелей өзі жүре, талай рет «Сайтан болса амалым жоқ, адам болса тілін табам» деген сөзін естіп көрдік те, уәдесіне берік адам. Бірде Фурманов қой совхозының директоры Ахметәлі Жанғозиев совхоз кеңсесінің жанынан соғылған асхана жұмысында аздаған кемшілік болып актіге қол қоймай қызметкерлерін әуреге салғаны бар. Құжат түгел емес деп мен отырмын. Келесі бір күні сағат 9-да Иван Богданович актісімен толық құжаттарды маған ұсынып тұрып: «Ақымақ неме кеңседе қол қойса ешнәрсе жоқ қой, екі ортада 1 кесе қаймағы мен коньягін шығын қылмай» — дегенде күліп жіберіп едім. Мұндай жайттар көп болған алғыр кісі еді. Кейін 1980 жылдан бастап жаңа салынған С.Сейфуллин көшесінде көрші болып отбасымен араластым. Германияға көшкенше балаларының қуанышын бөлістік. Қызы Лиза қазаққа тұрмысқа шығып қазақпен құда болды. Кенже ұлы Иванның тойы көрші-қолаң, үлкен кісілермен есік алдында өтті. Үлкен ұлы Отто директорлық лауазымға дейін көтерілген азамат. Жарын тет Катя деп айтатынбыз, қарапайым мейірбан, көршілермен жақсы қарым-қатынас жасайтын, күндіз-түні үйінен кісі үзілмейтін. Иван Богданович Германияға барған соң көп ұзамай өмірден өтті. Ұлы Иван ауылға келіп бір жылқы сойып, ПМК асханасында ауыл басшыларына, ақсақал, көршілерге үлкен ас беріп, шапан, орамалын жауып кетті, құранды Саттар қажы оқыған еді. Бүгінде осы мекеменің кеңсесі бос тұр. Тоналған ғимараттары қоршауымен тұр, дарбазасында ПМК-2006 жазуы жартылай сақталған. Иван Богдановичтің қол астында қызмет атқарып, ол кісіден тағылым тәрбие алған. Ауыл тумалары марқұм Мұрат Сейдалиев, Бағлан Қарашолақов, Оңдасын Жиенқұлов сынды азаматтар қатардағы құрылыс маманынан сатылап, аудан әкімі болған. Ауылымыздың мақтаныштары. Бағлан Қарашолақов, Оңдасын Жиенқұлов зейнетте болса да лауазымды жұмыс атқарып халқына қызмет жасауда.
Мен араласқан замандастардың қасиетті сөздерін еске алып отырғандықтан осы сәтті пайдаланып өзім талай куә болып риза болған Оңдасын Жиенқұлов бауырымыздың бойындағы асыл қасиеті адам таңдамай адам қазасын бөлісетін марқұм Есенаман Ошақбаев ағаны ертіп алып қазадан қалмайтын. Мен осы қасиетін ұлыма үлгі етіп айтып отырамын.
Ауылдың батысында қазіргі жаңа әкімшілік ғимараты сол мекеменің төрттен бір бөлігінде тұр. Үлкен аумақта ПМК-2006 мекемесімен пара-пар. Пмк-45 трест Чусовхозводстрой мекемесі болған. Бүгінде бес-алты талынан басқа ешнәрсе жоқ. Бұл мекемені марқұм Мұрат Сейдалиев басқарғанда ауылдың осы батыс бөлігі жеке бір қала сияқты еді. Сәнді екі қабатты кеңсесі жаңа үлгімен жабдықталған, бірнеше тұрмыстық кішігірім ғимараттар, қоймалар. Кеңсе алдында демалыс алаңы мен су бұрқағы бар, орындық, әсем гүл ағаштармен безендірілген, ауласының өзіне өзбек өрнегімен ақ пен көк араласқан мозаика плиталар төселген еді, жанында асхана буфетімен, күн шығысында үлкен жылы жай (теплица) бар болатын. Көкөністерден қияр, қызанақ, шалқан көк пияздан дәм татқанбыз. Банк қыздарына 8 наурызда жылы жайда өскен раушан гүлін, не қызғалдақты сыйға тартатын. Бұл мекеменің қарамағында балабақша, дүкен, автопарк май құю кешенімен, қой өсірумен айналысатын қосалқы шаруашылығы, бәрінен мықтысы ауыл зиратына дейін аумақты алма бағы бар болатын, сәнді темір шарбақпен қоршалған, бүгінде жыңғыл, шеңгел орманы болып тұр.
Мұрат Сейдалиев ағамыз Ресейдің Ленинград (Сант-Петербург) қаласынан оқу бітірген, екі тілде емін еркін сөйлейтін сөзге шешен мәдениетті сыпайы болатын. Сырттан келген үлкен қонақтарды апаратын едік, ағаның өзі жүріп нысандарын таныстырып, тірліктерін әңгімелеп көрсететін. Асхана, шаруашылық жайын, киіз үйге дейін мақтанышпен көрсетіп дәм таттыратын. Көрікті аумақ еді. Сырттан келгендер өсіп тұрған көкөніс, алма-баққа, гүлдеріне таң қалатын. Осы мекемеден жоғарғы лауазымды қызметтерге аттанған еді.
Аудан халқын қамтамасыз ететін өндірістік мекемелерде жеткілікті еді. Соның бірі аудандық тұрмыстық өтеу кешені (райбыткомбинат) болатын, барлық совхоз орталығында тігін, шаштараз бөлімі бар. Тігін ательесін, аяқ киім тігу, жөндеу цехын, шаштараз, тырнақ салондарын қоспағанда, темір тор тоқу, банкі қақпағын жасау цехтары, Ақбақай мәрмәрі мен қызылтасын өңдеп құлпытас, ескерткіш тақталар жасайтын кішігірім зауыты бар еді.
Ақанжан Байыров, Ләйла Дудова, Дүйсебай Әбішев тағы басқа азаматтар басшылық жасаған орталық көшедегі үлкен аумақты алып жатқан мекеме болатын.
Тағы да халыққа қызмет көрсеткен мекеме аудандық өндірістік заттар жасау кешені (райпромкомбинат). Аудан халқынан бөлек бұл мекеме қазіргі тілмен айтқанда шетелге, ол кезде Кеңес Одағы елдеріне өнімдерін, яғни тауарларын шығаратын. Аурухана, балабақша совхоздар осы мекемеден тігілген көрпе-жастық, оның тыстары, қолғап, шаруа халаттар, киіз үй жабдығы мен ат әбзелдерін алатын, сауда орталықтарында сатылымға шығатын. Қарақалпақстанға киіз үй жабдығы мен ат әбзелдері, ағаш сандықтар жіберетін. Ауылда жүргенде осы мекеменің өнімдеріне мән бермейтінмін. Бірде Ресейдің Ульяновск қаласында болғанымда дүкеннен төсекжай жиынтығы мен ерлер іш киіміндегі «Каз. ССР Джамбулская обл. с. Фурмановка Мойынкуский Райпромкомбинат» жазуын оқығанда жүгіріп сатушыға тұрған адамдарға барып менің Отанымның заты деп мақтанған едім. Мекемені марқұм Мансұров Уайдаш, Тұнатар Ибраев, Ермұрат Асанбаев абыроймен басқарып, халыққа адал қызмет еткен азаматтар.
Мен Кеңес Одағы дәуіріндегі мекемелердің бір тамшысын жазып отырмын. Аудан мал шаруашылығына негізделген, оның ішінде қой өсіру. Аудан орталығында үлкен 5 бөлімшесімен, Фурманов қой совхозы болды, бір бөлімшесі Талдыөзек қой совхозы болып бөлек шыққан. Техникасы ең көп совхоз болатын. Жеке май құю, кешені жаңа үлгідегі көп салалы техника тұрағы, құрылыс бөлімі, асхана, монша, балабақша, кішігірім жылыжай, үлкен аумақты алып қоймалар мен астық қырманы және мал сою өңдеу базасы осы қырманның батыс бөлігінде болатын. Көктемде кәрі саулықты сойып, етін, терісін, қозы елтірісін дайындап өкіметке өткізетін. Қара халықта қозы мен ішек қарын іш майды тиынға алып қарық болатын, бүгінде сол қозы қуырдағын аңсаймын. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев, қой қырқудан әлем чемпионы атанған Шотай Тайбағаров қазақтың қара қойы ауданды, ауылды әлемге танытты. Ауылды сауда орталықтарынан басқа шұжық, кондитер, карамель конфет цехтары, май зауыты, балмұздаққа шейін өндіріп сатылымға шығатын. Ауылдың кіре берісінде қыш зауыты мен үйрек фермасы бар болатын, жазғы демалыста оқушылар жұмыс жасап нәпақа табатын. Одан бөлек ересек оқушылар шөпке, отаққа жүгері мен қызылшаға шығып тиын-тебен табатын, ешкім бос жүрмейтін. Кеңес Одағының ерекшелігі бір мекемеде тұрақты, ұзақ жұмыс жасап сол мекемеден бастығы бар, қара жұмысшысы бар зейнетке шығатын. Жұмыстан жұмысқа себепсіз секіргендерді ұнатпайтын, жұмыссыз бос жүргендерге масыл деген айып жазасы болатын. Жоғарыда аталған мекемелерді білімді басшылар басқаратын, білікті есепшілер есеп қисабын жүргізетін. Барлық мекеме сол кездегі жалғыз мемлекеттік банк қызмет көрсететін, тәртіп қатал болатын, клиентпен жұмыс сағат 12.00 дейін, барлық қызмет түрінің кестесі болатын, айлық, ақша өткізу т. б ережеге сай тұратын. Осы банк қызметкерінің бірі мектеп қабырғасынан келіп жұмыс жасаған сыныптас құрбым Сәуле Ақбасова болатын. Ауданның белді бас мекемелерін, 13 совхозды құрылыс қағазымен есеп бөлімінің №2 терезесінен қабылдап жүйеге келтіретін. Банктің аты өзгергенімен сол ғимараттан зейнетке шыққан адам. Біз 15 қараша 1993 жылы теңгенің айналымға түскен науқанының бел ортасында жүріп таңға жұмыс жасаған адамдармыз, әсіресе ұлттық банк қыруар жұмысты бастан өткерді. Коммерциялық банк айырбасталған ақшаны орталық банкке өткізетінбіз. Соны қабылдап санайтын, ретке келтіретін Сәуле құрбым әріптестерімен қонып жатып, жұмыс жасағанын көзіміз көрді, әріптестері де куә. Былтыр аудан жұрты төл теңгеміздің 30 жылдығын атап өтті. Біраз азаматтар, азаматшалар марапат алғанын естідік. Кейін газеттен оқыдым, бірақ бүкіл өмірін банк жұмысына арнаған Сәуле Ақбасованың есімін көрмедім, ойымда ешнәрсе жоқ телефон шалып құттықтап атын естімей қалған шығармын десем, мен жоқпын ғой дегенде ыңғайсызданып сасып қалдым. Таңқалдым көзкөргендерді қойғанда бірге жұмыс жасаған әріптестері отыр ғой. Неге жоғары жаңа әкімдікке ұсыныс айтпаған. «Адам тауға қараймын деп қасындағы төбені көрмейді» дегенді оқығаным бар еді. Ағайынға айтарым таулармен жанаса ілесіп келе жатқан кіші төбелерді айналып өтпесек екен…
Қызмет барысында көптеген басшылар мен есепшілердің өнері мен тірлігіне, небір сөздеріне куә болдым, ол да бір қызық дәурен есте қалған. Қаржы айналымы ең көп ПМК-2006 мекемесінде бірнеше адам бас есепші қызметін атқарды, ішіндегі төресі марқұм Байжанов Жолдасбек (дед Жора) аға болды. Білімді, орыс мінезді сәл кекештеніп сөйлейтін ұзын бойлы еңселі азамат болатын. Таза заң жолымен жүретін, кейін аудандық ауыл шаруашылық мекемесінің жоспарлау бөлімін басқарды. Совхоздың өндірістік жобасындағы (промфинплан) және есеп әлеміндегі сандар сырын осы кісімен талқылайтынмын, көп көмегі тиді. Орысша да, қазақша да әңгімеміз жарасатын. Ойымыз бір жерден шығатын таза адам еді. Осы ПМК-да бас есепші болған Ахметов Бидайбек аға өнерге жақын, сауықшыл кісі еді, әрбір қуанышына ортақ етіп кафеге, үйіне жиі қонақ ететін. Домбыраны қолға алып: «Туған жерім Қияқты, Жан Париждей сияқты» деп басталатын туған жеріне арнаған толғауын айтқанда мына кішкентай қағылез адамның қай жерінен өлең шығып жатыр деп таңқалатынбыз. Аяғын сылтып басатын ақкөңіл аңқылдаған жан еді.
Осы ПМК-да бас есепші болып жүргенде Өрісбаев Аманқұл аға Кеңес аға екеумізге тайға таңба басқандай бізге ат қойып, банк тарихында қалған еді. Бірде Кеңес ағадан қатты ұрыс естіген болу керек және Жаңабай руына күйеу болатын. Соны пайдалана ма жұлқына шығып бір топ есепшілер көзінше «Осы мені Алла Жаңабайдың ұл-қызына жем болуға жаратқан ғой деймін, біреуі отыр арыстандай ақырып, екіншісі отыр жолбарыстай атылып, үйде отыр бір қасқыр ұлып деп жүгіре басып шығып кетті. Аңтарылып отырғанда Кеңес аға келіп өзіне тән дөрекі сұрақ қойды. «Анау не деп мыңқылдап кетті ей» менде ашуға тығылып отырғам «Мән бермей-ақ қойыңыз ертең келеді ғой» дедім. Негізі Аманқұл аға момын сөзге шорқақ көп сөйлемейтін. Мінезі жұмсақ қағазы өтпей қалса жас баладай өкпелеп, алды-артына қарамай кетіп қалатын, ертеңіне келіп Блюхердің қызы қалың қалай деп отыратын. Бұл жолы келіп кешірім сұрап айыбын жуған еді. Күнделікті тірлікте Кеңескүл әкпе, Кеңес аға ағайын ретінде отбасымызбен араласатын едік. Осылай жездеміз есепшілерге бізді жем қылып таңба басқан еді, сыртымыздан жыбырлап айтатын. Қаталдық пен қайсарлық арқасы шығар банк саласынан аман-есен абыроймен жүріп шыққанымыз.
Жай есепшіден сатылап аудандық тұтынушылар мекемесіне (райпотребсоюз) төраға болған марқұм Іңкәрбеков Қырғызбай ағаның да ақындық өнері бар, қоңыр дауысымен домбырамен ән айтатын. Р әрпін Ғ әрпіне ұқсатып гүрілдеп сөйлейтін, екпінмен өзіне жарасатын еңселі жарқын жүзді азамат еді. Ағаның тағы бір өнері темірден түйін, ағаштан ою оятын ұста болатын. Тоқырау кезінде ер-тұрман, ағаштан заттар жасап нәпақасын тапқан. Үйін өз шеберлігін пайдаланып соққан еңбекқор жан еді. Осындай жанның бірі жәй есепшіден директорлық лауазымға көтерілген Тілепалдиев Тілеуберді ағаның тұла бойы тұнған ән-жыр еді, тірлік түйіндерін 4 жол өлеңмен шешетін ұшқыр ойлы азамат еді, ерте дертке шалдығып, 23 жыл ауырып өмірден өтті. Көп қошемет жақсылығын көрдім, ән-жыры есте қалды. «Өмірімнің өрнектері» кітабы, ұлағатты өсіп-өнген ұрпағы артында қалды. Өнер, ән-жыр әлемін меңгерген кісілер қатарында ұзақ жыл Көктерек тұтыну кооперациясын басқарған марқұм Асанбаев Дүйсен аға өз заманының сал-серісі еді, ұзын бойлы ақ-сары реңді кісі болатын. Бойында ақындық өнері бар, әнді тамаша айтатын, әңгімені әсерлі баппен жеткізетін. Отырған ортасын ән салып, думандатып отыратын. Қарындасы марқұм Нұржамал әкпемен жақсы араластым. Ортамыз аудандық білім беру орталығының бас есепшісі Стромило Алла Павловна, аудандық аурухананың бас есепшісі Штабель Пашна Яковлевна арамызға Архабаева Зоя апам, Дүйсенова Сайлаукүл әкпе Сәткүл жеңге мен Орынтай әкпе қосылатын отағасын баптаған, ұл-қызын аялаған ардақты аналар еді. Нұржамал әкпе қонағын есіктен ән-жырмен қарсы алып дарбазадан ән-жырмен шығарып салатын, қонақты әдемі күтетін. Алла Павловна екеуі орысша да, қазақ әндерінен дуэт айтатын. Әкпенің ақындық өнері де бар болатын. Халық әндеріне салып отырған ортасына, жеке адамға арнау айтатын. Ұқыпты сәнмен киініп жүретін, сұлу болатын, шыны керек қызығушы едік.
Аудандық сатып алу мекемесінің (райзаготконтора) бас есепшісі Бейқұт Досбергенова әкпемен бауырдай араласып кейде тірлігімізді талқылайтынбыз. Жұмысын жанындай сүйетін тірлікке де жұмысқа да ұқыпты болатын. Қол барабанын қағып өлең айтып билегенде ауызымыз ашылып қалатын. Етжеңді болса да өзбек, татар билерін әсем билейтін, жұбайы домбырамен өлең айтатын отырыстың гүлі болатын. Кезінде жұбайымен бірге Мойынқұм жастар ансамблімен Португалия елінде өнер көрсеткен. Зейнетте жүрсе де Бірлік ауылының Әжелер тобында жүргенін газеттен көріп қаламын.
«Казсельхозтехника» мекемесін басқарған және менімен көрші болған неміс ұлтының өкілі Вольф Роберт Робертович жас болса да алғыр тәрбиелі үлкен-кішімен тіл табысатын, емін-еркін үш тілде (неміс, орыс, қазақ) сөйлейтін, қолы ашық жігіт еді. Домбырамен қазақша өлеңді мәнермен жақсы айтатын, негізі өнерлі отбасы. Үлкен ағасы баянмен үш тілде өлең айтушы еді. Осындай жас көршінің бірі райбыткомбинаттың бас есепшісі Бақыт Нұртаев отбасымен өнерлі болатын. Бақыт домбыра мен күй тартатын, жары Гуля жақсы ән айтатын. Жақсы араласып тұрдық. Жас болған соң Гуля көп қолғабыс беретін. Сол кездегі С.Сейфуллин көшесінің тұрғындары ұйымшыл болатын. Отырыстарда Роберт, Бақыт пен Гуля және көрші саз мектебінің директоры Құлбарақова Бәтес әкпе домбыра, баянмен ән салғанда ортамыз концерт залына айналушы еді. Бәтес әкпенің «Әупілдек», «Толғанай» әндерін, Бақыттың «Еркесылқым» күйін қайталануын сұрайтынбыз. Көңілді қызықты өткізген күндер еді, қарапайым дүмбіл жүгері пісіріп таратып болмаса бар осындай жеңіл мәзірімізбен шәй ішетін көңіліміз кең еді.
Осындай қызығы мен жемісі мол жылдар 30 жылда судай ағып өте шықты. Өмірдің жаңа кезеңі, буырқанып аққан өзен арнасынан асып көп мекемелер тарап жойылды. Тек мектеп пен аурухана жұмыс жасап жатты. Орта жаста жұмыссыз қалып жаңа арнаға бет бұруға тура келді. Сіз-біздесіп сыйласып жүрген сол кездегі аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Мақсат Сейдалиев, сыныптасым, Жамбыл мектебінің директоры Бақыт Сүйкімбековтің қолдауымен мектептен шағын буфет аштым. Мектеп әкімшілігінің сұранысына орай буфетті кеңейтіп мектеп асханасына айналдырдық. Асхана меңгерушісі болып 69 жасқа дейін 22 жыл жұмыс жасадым. Өткен жылдарды қызықты жемісті десем, бұл жылдарға сабыры ащы, наны тәтті деп баға берген едім.
Осы нарық заманында ауылды көркейтуге үлес қосқан азаматтарды да айтайын. Шыны керек жойылған қираған нысандарды көргенде жүрегім сыздайтын, барлығының қаражат қағазында менің қолтаңбам болған миллиондаған қаржылар кеткен еді. Осы қираған нысандарды жаңа кейіпке келтіріп халыққа жағдай жасаған Төлеухан Оспанбеков ағамыз еді. Әкім болып тұрғанда Амангелді көшесінде орналасқан 4 қабатты СПТУ-62 қызметкерлері үйі газ жүйесіне қосылған, жанында кіші газостанция бар болатын. Сол көшедегі 5 қабатты 500 орындық мектеп интернат, Үдербаев көшесіндегі 2 қабатты комхоздың үйі бұзылып, жартылай қалған еді. Осы үйлерді пәтерге айналдыруды жөн деп халықтың алғысын алған еді.
Қоғамға нарық қатынастары жаңадан ене бастаған тұста алғаш тірлік жасаған азаматтардың бірі Мәделхан Есенқожаев пен Әлімхан Бұзаубаев бауырмыз еді. Екеуі де отбасымен еңбекқор, нағыз нарық адамдары.
Мәделхан бауырымыз ескі мектеп интернат және соның артында үлкен қазандықты алып, орнына сәнді «Бақсарай» тойханасын салды. Жаңа заманауи дүкен ашып, көз тартарлық қанық бояулармен бояп сәнді арка, баспалдақ жасап, жан-жағын шырша ағаштары мен тауда өсетін көк шыршаны жерсіндіріп, талғаммен отырғызған. Бұл отбасына жаңалық номинациясын берер едім, барған сайын жаңа бір дүниені көрем. Кеңес Одағы кезінде Амангелді көшесі басты көше болғандықтан көптеген тұрмыстық нысандар салынған еді. Осы көшедегі аудандық тұрмыстық қажетін өтеу комбинаты мекемесінің ескі бөлігін Әлімхан Бұзаубаев, жаңа бөлігін Нұржан Қалымбетов бауырымыз алып, ғимаратты әрлеп, жаңа рең беріп, біраз адамға сауда орталығын ашып берді, көшеге өте үйлесімді ансамбль болып тұр. Бір өкініштісі екі әсем ғимарат ортасында алдын шөп басып, есік терезесі сына бастаған, бояуы кеткен сұры қашқан бұрынғы тұрмыс қажетін өтеу комбинатының бір бөлігі көше сиқын бұзып тұр. Әлімхан бауырымыздың жасаған тағы бір тірлігі алдын адам бойы шөп басып қирауға шақ қалған Кеңес Одағы кезіндегі әсем ғимараттың бірі Сәкен Сейфуллин атындағы 400 орындық кинотеатрді алып, жаңа рең беріп заманауи кафе мен тойхана жасады. Оны халық кеңінен пайдалануда. Алдына шырша, гүлдермен безендіріп, сәнді қаладағыдай темір шарбақпен қоршап көшеге сән беріп тұр. Тағы да осы тойханаға қарама-қарсы кезінде аудан жаңадан ашылғанда жұмысшылар жатақханасы ретінде салынған Райпотребсоюз, Райзаготконтора кеңсесі бертінде жеке адамдардың қолына өтіп, бірнеше дүкен ашылған еді. Бүгінде осы ғимарат әбден тозығы жетіп қаңырап бос тұр.
ПМК-2006 кеңсесіне қарама-қарсы үлкен асхана тоналып, қоқыс алаңына айналған ғимаратты Айтбек бауырымыз қорықпай алып, жаңа қалыпқа келтіріп көп салалы үлкен дүкен ашып, халық разылығын алуда. Рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Амангелді көшесінің орта бөлігінде көп салалы дүкен, кафе, рестораны бар, алды гранит қызыл таспен қапталған су бұрқағымен кең демалыс алаңымен үлкен сауда орталығы бар болатын. Осы ғимараттың тоналып жатқан бір бөлігін Бекболат бауырымыз жөнге келтіріп жаңа дүкен, кафе, заманауи ойын алаңы, ауласын су бұрқақпен сәндеп көшенің бір басына сән берген азамат халықтан өз алғысын алуда, жан-жағын көгалға айналдырады деген ойдамын.
Ауыл тумасы Сәбит Алыпбаевқа алғысым шексіз. Жанашыр азамат сиыр қораға айналған моншаны қалыпқа келтіріп, заманауи әр беріп халыққа ұсынды, қызығын бүгінде көріп жатыр. Сондай-ақ бірнеше жыл қаңырап бос тұрған енді болмаса үйіндіге айналуға шақ қалған кезіндегі «Қарлығаш» балабақшасын алып жұмысынан қорықпай, нар тәуекелмен бүгінгі таңда жаңа әсем сауда орталығын жасап, біраз адамға жұмыс орнын тауып берген азамат, ғимарат көшеге өз реңін қосып тұр.
Жоғарыда айтылған қирауға шақ тұрған ғимараттар және СПТУ-дің қоршауының ішіндегі батыс бөліктегі нысандар, жолдың екінші бетіндегі Райпотребсоюз кеңсесін іске асыратын азаматтар табылса қуанарлық іс болар еді, пәтерге халық мұқтаж ғой.
Кеңес Одағының адамдарын бір қалыптан шыққан қыш сияқты деген сөзді естіп қаламын. Сол қалыптың ішінен шыққандар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ауданның өсуіне, ауылдың көркеюіне үлес қосқан азаматтар ынтымақ, бірлікті сақтап абырой атаққа ие болған жандар. Тексеру әдебі, сөз әдебі сақталатын. Сын айтылып мін түзелетін, артық әңгіме сөз сыртқа шықпайтын, Кеңес Одағының бұл да бір ерекшелігі.
Үлкендерде бұрын айтып отыратын бұл сөз орыс халқында да бар. «Отбасының лаңын сыртқа шығарма өзің сөзге, не дауға қаласың» ойлап отырсаң үлкен тәрбие. Ауыл да өзінше бір отбасы ғой, өзім солай ойлаймын. Азаматтарымыз ауылды көркейтумен қатар ауылдың жақсы атын шығарып ынтымақ бірлігін сақтап халқына қызмет жасасын. Кемшіліктен шоу жасамай, жасалып жатқан жақсы дүниені тірлікті, ауыл, аудан жетістігін, байлығын эфирден көрейік, газеттен оқиық, газетке жазылыңыздар, өмір кереметін жазыңыздар. Көре білгенге жақсы дүние көп қой, жақсы өнегелі отбасы, үй, дүкен, аула өнерлі адамдар, ұстаз, дәрігер тағы басқалар.
Халқымызда «Ауылын көріп, азаматын таны» дейді. Ауыл атын қолдайтын, қорғайтын, танымал азаматтарымыз көп болсын, ел аман, жұрт тыныш болсын. Жаңа заман жаңа Қазақстанды қолдайық, болашағымызды ойлайық. Жан-жағымыздағы соғысты, Сирия, Ауған босқындарын, аштан, аурудан қырылып жатқан елге қарап ойланайық ағайын, шүкіршілік етейік өмірімізге.
Мен замандастарымды еске алып, екі қоғам кезеңінде болған, іске асырған тірліктерді оның адамдарын, бастан өткен өмір өрнектерінің бір бөлшегін жаздым. Аты аталған замандастар көзкөргендер ренжімес барлықтарыңыз есте тұрсыздар, барлықтарыңызға құрметпен қараймын.
Ағайын мені дұрыс түсінер деп ойлаймын. Өз басым тірлікте ынтымақ, бірлік болғанын, ауылдың жақсы болып көңілдің толғанын, ұрпағымның жақсы елде жақсы адамдар арасында өсіп өнгенін қалаймын. Бейбіт күнде өмірге келгеніме, аман-есен тірі жүргеніме шүкіршілік етемін, жақсы адамдармен араласып жұмыс жасағанымды мақтан тұтамын. Керемет өмірден басталған тірлік жалғасуда, сол керемет өмірді өз ойыммен айтайын:
Ауылы көркем өрлеп өскен,
Халқы аман өсіп-өнген.
Өмір керемет,
Елін сүйген ертеңіне сенген.
Бейбіт күнде еңбек еткен,
Өмір керемет.
Ынтымағы жарасқан.
Адамдары нұр шашқан
Өмір керемет.
Көңілдері кең дала,
Адамдары бар дана.
Өмір керемет.
Керемет өмірдің қадірін білейік ағайын.
Жібек Мәзбайқызы ӘЛІМҚҰЛОВА,
зейнеткер.
Мойынқұм ауылы.