Есіл уақыт!..

Медицина саласында өте мықты еңбектер қалдырған, қан айналымын тұңғыш рет ойлап тапқан ғалым Ибну-Нәфс жазу кезінде қолындағы қаламның сиясы бітіп қалғанда, оны ашып уақыт шығындамау үшін қасына бірнеше қалам қойып қойып, солардың кез-келгенімен жалғастыра беретін.

Ибнул-Жаузи: «Адамға жарасатын нәрсе – уақыттың қадірін біліп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Мен адамдардың уақыттарын сұмдық өлтіретіндіктерін байқадым. Ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатам», – дейді. Оның өміріне көз жібергенімізде, расында да, уақытты өте үнемді пайдаланғанын байқаймыз. Ол бүкіл ғұмырын ғылым-білім, жазу, пәтуамен өткізген. Ғылымның түрлі саласында еңбек жазып қалдырған. Кейбіреуі 20 томға жететін 340- тан астам еңбек қалдырған. Күн сайын төрт қалың дәптерлік жазу жазған. Бір жылда жазғаны 50-60 томға жеткенін байқаймыз. Ибнул-Жаузидің кітап жазу кезінде ұштаған қалам жаңқалары ол қайтыс болғанда мәйітін жуатын суды ысытуға жеткен екен (Заман шууру, Сызынты, 12, Ибрахим Рафиқ Б.151).

«Адам баласы екі нәрсенің қадірін білмейдібос уақыт және денсаулық»703 деп хадисте ескертілген, әрі кезінде ислам ғұламалары осыншалықты көңіл бөлген уақыт мәселесіне біз бүгін өте самарқау қарайтын сияқтымыз. Өйткені, бүгінгі күні уақытты өлтіретін жаулар көбейген. Соның бірі теледидар деуге болады. Бүгінгі күні көк сандығы жоқ үйді елестету қиын. Алайда осы теледидардың уақыттың нағыз жауы екеніне екінің бірі көңіл бөле бермейді. Орташа есеппен күніне 3 сағат теледидар тамашалайтын адамның бір жылда осыған жұмсалатын уақыты 1095 сағатты құрайды екен. Бұл дегеніңіз күндіз-түні 45 күн деген сөз. Яғни тоқтамай көрген 45 түн мен 45 күнге тең. Есіл уақыт! Ал теледидарға босқа кеткен осы 1095 сағат ішінде қандай істер бітіруге болады, соны бір көрейік. Бұл уақыт оқушының бір жылғы орташа оқу жылынан да асық. Яғни 1 жыл оқымай қалдыңыз деген сөз. 1095 сағат ішінде шет тілін өте жақсы меңгеруге болады. Яғни теледидардың кесірінен біз бір шет тілін үйрене алмай қалудамыз. Ал кітап оқығыңыз келсе, өте баяу оқитын адамның өзі осыншама уақытта 25 мың беттік кітапты оқып тауысады екен. Ал әрбір әрпі сауапқа батыратын Құран Кәрімді оқимын десеңіз, 1095 сағат ішінде сіз оны 10 рет хатым (бастан-аяқ оқу) жасайды екенсіз. Осы уақыттың үште бірін ғана қаза намаздарыңызға бөлетін болсаңыз, онда 3 жылдық борышыңыздан еркін құтылады екенсіз. Бұны осылай көбейте беруге болады. Міне, теледидар көрудің адамды қаншама игілікті істерден құр қалдыратынын осыдан-ақ байқауға болады.