Есектің сүтін ішкен бала

Былтыр ғой, тура бір жыл бұрын алты жастағы балам екі ай бойы тоқтаусыз жөтелді. Ауруханада апталап жатты, компрестің түр-түрін жасадық. Аяқты бұлау, денені сылау, дәрі мен уколдың (антибиотиктің) күштілері де көмектеспеді. Өкпесі таза, суықтан ада. Бірақ жөтел қайтпады.
Енді дәрігерлер аллергиялық жөтел деп тағы бірталай дәрі жазып берді. Бірақ аллергияның неге қатысты екенін дөп айта алмады. «Солай болады өзі», – деді де қойды.
Ал ұлым бір-екі сағат тыныш болады да, ал жөтелі бастай қалса өкпесі қосыла түсіп қалатындай қақылдап, жиырма минутқа дейін тоқтай алмайды. Ауа жетпей демігіп қалғанына қарап біз уайымдаймыз.
Шешімді жап-жас жиен айтты. «Мен де кішкентайымда осылай оңбай жөтелгем. Апам көк есектің сүтін ішкізген соң жазылдым», – дегенде ойланып қалдым. Құдағиға хабарласып, сұрадым. Біледі-ау деген тағы бір-екі үлкен кісілерден сұрап едім, шынымен шипа деді.
Көк түгілі жай есекті табу қиын қазір деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Тамыр-таныстан сұрап жүріп әзер таптық. Сүтін ішкіздік. Жарты кеседен екі рет. Бары сол болды. Бір жағы қалай болар екен деген қорқыныш та бар. Бірақ осы емнен кейін бала жөтелден құтылды.
Мұны жазып отырған себебім: «Есектің еті қандай харам болса, сүті де сондай харам», – деп айтылады. Бірақ оның емдік қасиеті бар екені рас болып тұр ғой. Мысалы, Виктория Варвашова есімді бойжеткен әлеуметтік желідегі парақшасында асқазан жарасынан есек сүтін ішіп жазылғанын жазыпты. Ол да бұл қадамға біз сияқты амал жоқтан барған көрінеді. Есесіне дәрі-дәрмектің күші жетпеген ауруынан жазылған! Еуропа елдерінде оның литрі екі мың еуроға дейін барады екен. Дәмі немесе есектікі болғаны үшін емес. Емі жақсы болғаны үшін солай бағаланады екен.
Ал енді айтпағым, харам екен деп сол емнен бас тартсақ, қазір менің баламның халі қандай болар еді? Әрине, белгісіз. Осыған қарап мен адамның денсаулығы мен өміріне қатысты осындай жағдайларда таразыны адал мен харам деп емес, ем немесе ем емес деп таразылау керек сияқты. Өйткені харам екен деп бас тартып, ауру арқалап жүре беруге де болмайды ғой. Сіз қалай ойлайсыз?

Батыржан ҚАУМАНОВ.
«Ауырмаңыз!» газеті.
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз!» газетінен алынды» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)