Ертеректе бір ауылда екі келіншек көрші тұрыпты. Бірі еңбекқор, адал, мейірімді. Екіншісі, өсек пен жанжалға жақын әрі жалқау екен. Жалқау әйел мейірімді келіншектің тірлігін де, жүрісін де, тұрысын да күндей берген екен. Әйтсе де, еш одан биіктей алмапты.
Күндердің күнінде өз итін өлтіріп, білдірмей көршінің ауласына апарып тастапты. Таң атысымен байбалам салып, итімді өлтірдің деп кінә тағып, сол ауылдың биіне төрелік үшін жүгінеді.
Би мейірімді келіншекке қарап:
— Өлтіргенің рас па, — деп сұрайды.
Ол ант-су ішіп, кінәні мойнына алмапты. Ал, бетбақ әйел кінәлаудан танбапты.
Би біраз ойланып, айыпталушыға:
— Айтқаның рас болса, шешініп елдің алдына шық. Айыпсыз екеніңе сол кезде көзім жетеді, — дейді.
— Арым жанымның садағасы. Мен үшін ұятым өмірімнен артық. Басымды алам десеңіз, мойным қыл арқаннан жіңішке, — деп келіншек басын иіп бидің алдына тізерлейді.
Би айыптаушы әйелге де:
— Айтқаның ақиқат болса, сен орында дегенімді: елдің алдына жалаңаш шық, — депті.
Бетбақ әйел жалма-жан шешіне бастайды. Кенет би:
— Тоқтат, арсыз неме! Адал адамды қаралағаның үшін сені жазаға бұйырамын, — деп қаһарына мінеді. Осылайша әділ би арамдық пен адалдықтың ара жігін ажыратып беріпті.
P. S. Арсыз адам арам пиғылын іске асыруда ештеңеден тайынбайды, ал адал адам үшін ар биік.
Гаухар Нұрмахан қызы

