ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ ЖАСАЛДЫ

Ел тағдырын өз тағдырынан биік қоя білген, халықтың тыныштығы жолында ерлікпен қаза тапқан, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың туғанына 50 жыл толды.
Батырды еске алуға арналған жиын Сарыкемер ауылындағы “Батырлар аллеясында” орнатылған мемориалдық тақта алдында өтті. Жиынды аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайрат Исмаил ашып, тарих бетіне е сімін алтын әріппен жазған Ғазиз Әбдібекұлының ерлігі ешуақытта ұмытылмайтындығын, ердің есімін ұлықтау мақсатында ауданымызда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатқандығын айтты. Ол оқыған мектептен “Ғазиз Байтасовтың атындағы оқу бөлмесі» ашылатындығын жеткізді. Аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сапар Әлімқұлов батырдың өмір жолына тоқталды. Елімізде “Халық қаһарманы” атағы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы және Қазақстандағы алғашқы полицей Ғазиз Байтасовқа берілгендігін айтты. Ұлы Арманжан Ғазизұлы өз сөзінде “Ауданның әрбір тұрғыны әкеміздің ерлігімен мақтанып, ерлігін есіне алып, рухына тағзым етіп жатқанына біз қуаныштымыз. Алдағы уақытта да әкеміздің ерлігі ұмытылмай, халықтың жадында мәңгі жүреді деп ойлаймыз”,- деді. Аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің қызметкері Жоламан Жиенбаев ерлікті ұлықтаған арнау жырды мәнеріне келтіріп оқыды.

Шара қатысушылары хас батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, оның бейнесі бейнеленген тақта маңына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.