ЕРЛІК ЕЛГЕ — МҰРА, ҰРПАҚҚА – ҰРАН!

Бүгін қасиетті де қастерлі Ұлы Жеңіс күні. Жанқиярлық ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген ерекше күн.

Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 78 жыл толып отыр.
Ұлы Отан соғысы, әрбір шаңыраққа, әрбір азаматымыздың жүрегіне қаралы ізін қалдырмай қоймады. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды.
Миллиондаған адам «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен бел шешпей тылда еңбек етті. Ұлы Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.
Бүгін сол бір қанды қырғыннан қайтпай қалған қыршын боздақтардың асқақ рухтарының аспандайтын күні.
Осыған орай, Жаңатас қаласындағы Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға арналған «Данқ» монументінде митинг ұйымдастырылып, ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі өтті.
Майдан даласында ерлік пен өрліктің асқақ үлгісін көрсеткен аталар мен әкелердің рухына тағзым етуге келген аудан тұрғындарының қарасы қалың болды.
Митингте аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов сөз сөйледі.
—Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсті. Олар Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды.
Біздің елімізден екі миллионға жуық ұлдар мен қыздар Ұлы Отан соғысына қатысты. Біз осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.
Тек қан майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей еңбек еткен тыл еңбеккерлеріне бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз. Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен тыл еңбеккерлерінің қатары сиреп барады.
Сондықтан, ардагерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз. Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан, есімдері тарихтың бетінен мәңгі өшпейтін аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз, —деген Сәкен Үмбетұлы митингке жиналғандарды құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына амандық тіледі.
Аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков сөз сөйлеп, жиналғандарды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
Митингіге жиналғандар Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Бір минут үнсіздіктен соң ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға құрмет көрсетіп, ерлікке тағзым етті.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі