Ерлан Декелбаевқа хат

Желтоқсан мәселесі төңірегінде Желтоқсанды тексеру комиссиясы ашқан, жұрттың көбі біле бермейтін мынадай ащы шындық бар:

1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне 1 жыл 2 ай қалғанда, КОКП Орталық Комитетінің жасырын тапсырмасына орай, КСРО Қауіпсіздік Комитетімен КСРО Ішкі Істер Министрлігі бірлесіп, «егер Кеңестер Одағының бір жерінде билікке қарсы көтеріліс бола қалған жағдайда, оны қалай дымын шығармай басамыз» деген маңызды міндеттің төңірегінде жұмыс жасап, «Метель» операциясын дүниеге әкелген еді. Бірақ сол кезеңде билікке бірде-бір қарсы бас көтеру болмағандықтан, «Метель» операциясы сынақтан өткізілмеді. Сөйтіп, бұл жоспарлы шара өзінің сыналар сәтін күтіп 1 жыл 2 ай жатып қалған-ды. Алматыда билікке өзінің талап-тілегін қойып, алаңға кілең карусыз жас жігіттер мен қыздар шыққанда, «Метель» операциясының авторлары жүрегі жарыла қуанады. КСРО Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы В.Чебриков КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.Горбачевке кіріп, «Метель» операциясын Алматы жастарына сынап көруге жасырын түрде рұқсат алады. Челябинскден, Новосибирскден, Ташкенттен т.б. жерлерден әскер күштері тартылады. Алаңға жиналған қарусыз жастарға қарсы әскер қолдану үшін «Метель» операциясының жоспарында жазылғандай оларға «нашақорлар», «маскүнемдер», «бұзақылар» деген айып тағылады. «Метель» операциясын қарусыз жастарға сынап көру нағыз қылмысты іс еді. Сондықтан да мен осындай зор қылмысы үшін М.Горбачевті Конституциялық сотқа берген болатынмын…

Көп жыл кейін М.Горбачев Қазақстанға келгенде оның қарусыз қазақ жастарына жасаған зор әділетсіздігі үшін, теледидар арқылы бүкіл қазақ халқынан кешірім сұрауға мәжбүрледім. Бұл комиссияның ірі жеңістерінің бірі еді.

2016 жылдың аяғында Ерлан Декелбаевтың ғаламторда «Тарихи кітаптарға мені «сатқын» деп жариялатқан — Мұхтар Шаханов» деген мақаласы шықты. Оған қарсы менің «Декелбаевтың даңғаза әрекеті» атты мақалам жарияланды. Е.Декелбаевтың маған және бүкіл комиссия мүшелеріне қарсы шығу себебі комиссия  шешімінде мынадай жолдар бар екен:

«Исабеков С.К., тяжело раненный 18 декабря, был помещен в тюремную больницу КГБ. Против него было возбуждено уголовное дело (следователь Егоров). На основании единственного показания другого обвиняемого — Декелбаев Е.А. — Исабеков осужден впоследствии на 6 лет лишения свободы.»

Желтоқсан комиссиясының арнаулы тобы бұл мәліметті Қауіпсіздік комитетінің тергеу құжаттарынан алған. Ал Сәбит Исабеков маған жазған хатында былай дейді:

«Біріншіден, мен 6 жылға емес, 4 жылға сотталдым. Екіншіден, желтоқсаншы Е.Ә.Декелбаев тергеу кезінде маған ешқандай көрсетім (показание) берген емес. Егер ол солай болатын болса, Ерлан Декелбаевтың аты-жөні сатқын ретінде менің сот үкімімде жазылып тұратын еді. Мені Алматы облыстық соты соттаса, Е.Декелбаевты Алматы қалалық соты соттаған. Оған қоса екеуміздің тергеушілеріміз екі түрлі. Менікі Егоров болса, Ерланның ісін Голдобин деген тергеуші жүргізген».

Бұдан өзге 1990 жылғы 24 желтоқсанда шыққан Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қаулысында сол кезде С.Исабековке куә болған Гирин мен Қаржаубаевтың есімдері аталады. Ол қаулыда да Е.Декелбаев жөнінде ештеңе айтылмайды. Бәлкім, Қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған тергеу құжаттарында Ерлан Декелбаевқа байланысты қателік кеткен сияқты.

Мұхтар Шаханов,

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының шындығын ашу және оған түпкілікті баға беру комиссиясының тең төрағасы

«Қазақстан ZAMAN» газеті, №26 сан 2017 жыл