ЕРЛАН АЙТАХАНОВ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМ ЖЕТЕКШІЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Президент өз Жолдауында Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін аттыру қажеттігін айтып,  Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді назарға алған болатын. Осы орайда, қала басшысы үкіметтік емес ұйымдардың белсенді өкілдерімен бірлесе жұмыс істеп, өңіріміздегі азаматтық секторды дамыту мәселелерін пысықтау мақсатында кездесті.  
Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың дамуына жағдайлар жасалғанын айтқан Ерлан Қуанышұлы билік пен бұқараның арасындағы іргелі байланыс орнататын ұйымдардың дамуына үлкен сеніммен қарайтынын атап өтті.
«Елімізде азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға бағытталған оң саясаттың нәтижесінде мыңдаған азаматтарды біріктіретін қоғамдық сектор-еліміздің әлеуметтік экономикалық, саяси дамуына, ықпал ететіндей күшке айналды. Жалпы азаматтық сектор қоғаммен қарым-қатынаста маңызды орын алып, қоғамның мәселелерін шешуде мемлекеттік органдарға әділ әріптес деген көзқарас қалыптасты»,-деді қала әкімі.
Басқосуда «Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы», «Интеллект» экономикалық және азаматтық білім беру» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Әйелдерінің Республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Серпіліс» қоғамдық бірлестігі, «Шаңырақ жастар мен жас кәсіпкерлерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Соотечественник» қоғамдық бірлестігінің  басшылары сөз алып, өңірдегі маңызды мәселелерді көтерді.
Жиын соңында Ерлан Айтаханов азаматтық сектордың белсенді өкілдеріне  азаматтардың құқығын сақтауға, бірлікке үндеуге, негізсіз жасалған жалған ақпараттарға тоқтам қоюға шақырды.
«Шымкент қаласы бойынша азаматтық қоғам институттарының мемлекеттік құрылымдармен әлеуметтік серіктестігі, олардың қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысуы жоспарлы және мақсатты процесс ретінде жүзеге асырылуда. Алайда, атқарылған жұмыстармен қатар кемшіліктер де бар екендігі белгілі. Өңір халқының бірлігін сақтауда және дамытуда азаматтық сектор өкілдерінің әлеуетін пайдалану, сонымен қатар, олардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалу керек»,-деді әкім қорытынды сөзінде.
Жалпы Шымкент қаласында 432 үкіметтік емес ұйым тіркелген болса, бүгінгі таңда оның 50-і нақты қызмет атқаруда.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Автор фото: Самат Мырзалиев.