Ерекше балалардың өнері өрге жүзді

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістан қаласындағы Жасанды көл саябағында «Түркістан BALA FEST» балалар өнер фестивалі өтті. Мүмкіндігі шектеулі және ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың шығармашылық әлеуетін қолдау және олардың өнерін кеңінен насихаттау, жарқын болашағына сенімін арттыру мақсатында өткен шара мерекелік көңіл-күйге толы болды. Іс-шара барысында балалар ән, би және қолөнер жанрлары бойынша өз өнерлерін ортаға салып, шығармашылық қабілеттерін паш етті. Фестиваль қатысушыларына мерекелік бағдарламалар ұсынылып, олардың жетістіктері мен талантына ерекше құрмет көрсетілді.

Мерекелік жиында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов пен «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Бейсембаев құттықтау сөз сөйлеп, балаларға жарқын болашақ, зор денсаулық пен толағай табыс тіледі. Олар ерекше қажеттілігі бар балалардың өнері мен жетістіктерін жоғары бағалап, мұндай бастамалардың қоғамдағы инклюзивті мәдениетті дамытудағы маңызын атап өтті. Фестиваль қорытындысында өнер көрсеткен барлық қатысушылар Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов пен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің атынан арнайы марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.

«Түркістан BALA FEST» фестивалі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың болашағына сенім артатын, қоғамдағы мейірім, қамқорлық және тең мүмкіндіктер қағидаттарын насихаттаған тағылымды мәдени шара ретінде ерекшеленді.