Эпидемиологиялық ахуал – департамент бақылауында

Батыс Қазақстан Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы кезекті баспасөз мәжілісінің тақырыбы облыстағы коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайға арналды.

Жалпы өңірде күні бүгінге дейін «COVID-19» жұқпасының 7912 жағдайы тіркелген (симптомдармен – 3889, симптомсыз – 4023). Сырқаттанушылықтың жалпы көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 1198,9-ды құрайды. Ал індеттен 7134 науқас сауығып, өкінішке орай 131 адам қайтыс болған. Мұндай мәліметті БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев жеткізді. Өз баяндамасында департамент өкілі ағымдағы жылдың 1-26 қараша күндеріндегі жұқпалы індет бойынша статистикалық мәліметтерден хабардар етті. Сонымен қатар облыс аумағындағы мемлекеттік шекарадан өткен жолаушылардың, халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілердің ПТР-тестілеу анықтамаларын тексеру, облыс тұрғындарын зертханалық тексерулерден өткізу барысын баяндады.

Бұдан әрі өңірдегі мониторингтік топтардың жұмысына тоқталған Нұрлыбек Ермекұлы: – Облысымызда қараша айының басынан бері мониторинг топтары арқылы 101 нысаннан санитарлық талаптарды бұзушылық әшкереленіп, 425- баптың 1-бөлігі бойынша 204 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 10 млн. теңгеден астам айыппұл салынды, – деді. Нақты айтқанда, көпшілікпен өткізілген іс-шара бойынша – 74 факті, бетперделік режимді сақтамау – 59, түнгі сағат 23.00-ден кейін жеке көлікпен жүру – 57, жұмыс режимін бұзу – 13 және қызметкерлер мен персоналға термометрия жүргізбеу бойынша бір факті анықталған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы