ЭНЕРГИЯ ҒАСЫРЫНЫҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ

2026 жылдың наурыз айы Таяу Шығыс үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін геосаяси бетбұрыс кезеңдерінің бірі ретінде есте қалды. Аймақтағы шиеленіс әдеттегі әскери қақтығыстан әлдеқайда ауқымды сипат алып, энергия, логистика және жаһандық ықпал үшін күрестің жаңа кезеңін айқындап берді. Сондықтан да шығар сарапшылар бұл үдерісті тек соғыс немесе текетірес ретінде емес, әлемдік тәртіптің қайта құрылуының белгісі ретінде қарастырды.

Ормуздағы тормуз

АҚШ пен Иранның текетіресі ақыр Ормуз бұғазына кеп тірелді. Наурыздағы оқиғалар тағы да Ормуз бұғазы маңының әлем үшін қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді. Бұл тар өткел арқылы күн сайын әлемдік мұнайдың едәуір бөлігі өтеді. Сондықтан оның уақытша жабылуы немесе шектелуі – бірден жаһандық нарыққа әсер етті.

Наурызда дәл осы тұстағы шиеленіс артып,  бұғаз арқылы тасымал қауіпсіздігіне күмән күшейді. Нәтижесінде мұнай бағасы құбылып, сақтандыру тарифтері өсіп, кейбір тасымалдаушылар бағыттарын өзгертуге мәжбүр болды. Бұл жағдай бір ғана географиялық нүктенің әлемдік экономикаға қаншалықты ықпал ететінін көрсетті.

Энергия емес, жол үшін күрес

Бүгінгі таңда державалар мұнайдың өзін емес, оны жеткізетін бағыттарды бақылауға көбірек мән бере бастады. Бұны біз  жаңа геосаяси логика деп бағалағанымыз жөн.

АҚШ энергия өндірісінде айтарлықтай тәуелсіздікке жеткенімен, әлемдік нарықтағы ықпалын сақтау үшін стратегиялық дәліздерді бақылауды көздейді. Бұл тек экономикалық емес, әскери және саяси құралға да айналып отыр.

Ал Иран болса, керісінше, өз географиялық артықшылығын қысым құралы ретінде пайдаланып келеді. Наурыздағы оқиғалар Тегеранның теңіз жолдарын шектеу арқылы қарсыластарына ықпал ете алатынын айқын көрсетті.

Әскери қысым мен саяси есеп

Аймақтағы шиеленіс барысында Израиль де белсенді позиция ұстанды. Оның қауіпсіздік стратегиясы тек қорғаныс емес, қарсы тараптың инфрақұрылымын әлсіретуге бағытталған.

Ал АҚШ үшін бұл аймақ тек қауіпсіздік мәселесі ғана емес. Вашингтонның әскери белсенділігі энергетикалық және геосаяси ықпалмен тығыз байланысты. Наурыз айында әскери күштердің күшеюі бұл аймақта ұзақ мерзімді жоспарлардың бар екенін аңғартты.

Еуропаның бөлек ұстанымы

Нәтижесінде бұл дағдарыс НАТО елдерінің арасында да ортақ пікірдің жоқ екенін көрсетті. Кейбір еуропалық мемлекеттердің әскери әрекеттерге толық қолдау көрсетпеуі – Батыс ішіндегі стратегиялық көзқарастардың әртүрлі екенін аңғартты.

Бұл жағдай болашақта АҚШ пен Еуропа арасындағы қауіпсіздік саясатына әсер етуі мүмкін. Яғни, біртұтас блок ретінде әрекет ету бұрынғыдай оңай болмауы ықтимал.

 

Әлемдік картадағы басқа нүктелер

Таяу Шығыстағы жағдайды әлемнен тыс немесе өзінше бөлек арал сіпетті қылып жеке қарастыру жеткіліксіз. Өйткені әлемдік бәсеке бірнеше стратегиялық аймақтарды қатар қамтып отыр.

Мәселен, Венесуэла – мұнай қоры бойынша маңызды ел. Ал Панама каналы – жаһандық сауда жолдарының негізгі күретамыры. Бұл нүктелердің барлығы бір-бірімен байланысып, үлкен геосаяси мозаиканы құрайды. Соның ішінде Ормуз бұғазының көзір орынна көзделіп, Иранның қолында ойналуы оның қаншалықты әлемнің картасын өзгертуге ықпалы жүретінін аңғартса керек.

Қытай факторы

Қазіргі жаһандық бәсекені Қытай факторынсыз түсіну мүмкін емес. Бұл тұрғыда Бейжіңнің экономикалық экспансиясы мен жаңа логистикалық бағыттарды дамытуы батыс державаларын алаңдатып отыр.

Сондықтан теңіз жолдары мен энергия дәліздеріне бақылау орнату әрекеттері – тек аймақтық емес, жаһандық қарсы тұрудың бір бөлігі.

 

Цифрлық инфрақұрылым – жаңа майдан

Наурыз айындағы шиеленіс тағы бір маңызды мәселені көтерді: қазіргі қақтығыстар тек жер мен теңізде ғана емес, цифрлық кеңістікте де жүріп жатыр.

Аймақ арқылы өтетін интернет желілеріне қауіп төнуі – болашақ соғыстардың сипаты өзгеріп жатқанын көрсетеді. Егер мұндай инфрақұрылымдарға соққы жасалса, оның салдары тек аймақпен шектелмей, жаһандық деңгейде сезілуі мүмкін.

 

Ұзаққа созылатын дағдарыс па?

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдай қысқа мерзімді шиеленіс емес. Бұл – ұзаққа созылатын геосаяси текетірестің бастамасы. Егер тараптар келісімге келмесе, аймақтағы жағдай жаңа деңгейге өтіп, тек Таяу Шығысты ғана емес, бүкіл әлемдік экономиканы тұрақсыздандыруы ықтимал.

Айланып келгенде Наурыздағы оқиғалар бір нәрсені анық көрсетті: бүгінгі әлемде үстемдік ресурстарға емес, сол ресурстарды басқаратын бағыттарға байланысты. Ормуз бұғазы, Панама каналы сияқты стратегиялық нүктелер – жаңа геосаясаттың негізгі тіректеріне айналды. Ал бұл үдеріс жалғаса берсе, жақын болашақта әлемдік тәртіп мүлде жаңа сипат алуы мүмкін.

 

Елқуат Елтөре