Өз ісіне адал сақшы

 

Ел басына түскен ауыртпалықты бірге көтеріп, сын сағатта саптан табылған қазақстандықтардың еңбегін ешкімге жоққа шығара қоймас. Қарапайым күндерде де қауырт жұмыс атқарып, уақытпен санаспай қызмет ететін тәртіп сақшылары сын сағатта да елге қызмет етуде.

Орал қалалық полиция басқармасына қарасты №23 учаскелік полиция бекетінің учаскелік полиция инспекторы, капитан Айбек Ақкереев те Батыс Қазақстан облысы аумағына карантиндік режім енгізілгеннен бастап әріптестерімен бірге күшейтілген жұмыс кестесіне сай қызмет етті. Төтенше жағдай кезінде Айбек Базарбайұлы қала аумағындағы №3 блок-бекеттегі түнгі қауіпсіздікті кірпік қақпастан күзеткен болатын.

Ішкі істер органы саласына 2010 жылы қабылданған кейіпкеріміз 2014 жылдан бері БҚО ІІД Орал қалалық ПБ Шаған полиция бөлімшесінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарып келеді.

– Төтенше жағдай кезінде Орал-Атырау бағытындағы тасжолдың бойында орналасқан блок-бекетте түнгі кезекте қызмет атқарған едім. Бекеттегі күнделікті кезекшілікке алты полиция қызметкері, екі қарулы күштер қызметкері, бір медицина маманы түседі. Ал күндізгі кезекте қалалық әкімдік пен прокуратурадан бір-бір маманнан кезекшілікте болады. Қызмет барысында блок-бекетті кесіп өтетін азаматтардың құжаттарын тексеріп, қалаға кіріп-шығу рұқсаттарының бар-жоғын анықтадық, – деді кейіпкеріміз. Айтуынша, Орал-Атырау бағытындағы күре жолдың үстіндегі бекеттен тәулігіне шамамен 250-300 түрлі көлемдегі көлік құралы, жүргізушімен қоса санағанда 350-дей адам өтеді екен. Тәртіпті қадағалайтын сақшы заң мен талаптың баршаға ортақ екенін жақсы біледі, сондықтан тәртіпсіздікке ол жерде де жол берместен адал қызмет етті.

Қарапайым ел азаматы ретінде де өз айтары бар Айбек тұрғындар осы уақытша қиындыққа әлі де түсіністікпен қарап, тәртіпке бағынып, сақтық шараларын естен шығармаса дейді. Бекеттің бекемдігін күзетіп, елінің есендігін ойлаған полиция қызметкері облыс аумағындағы блок-бекеттер алынғаннан кейін өзінің Шаған полиция бөлімшесіндегі қызметіне қайта оралды.

Батыс Қазақстанда тұрғындардың өмір қауіпсіздігін сақтауға бағытталған бірқатар іс-шаралар әлі де жалғасуда. Оралдық полиция қызметкерлері де көшелерге рейдтік шараларға шығып, азаматтарды төтенше жағдай кезінде тәртіпке шақырып, белгіленген талаптарды түсіндіруде.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы