Бекболат Орынбеков: «Алты жас маманның бесеуі әлеуметтік көмек ала алмаған»

Сенатор Бекболат Орынбеков аудандық маңызы бар моно және шағын қалаларға жұмыс істеу үшін келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесін көтерді. Ол бұл туралы еліміздің Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Бүгінде ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген әлеуметтік сала мамандарын қолдауға бағытталған «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылуда. Жобаның басты мақсаты – ауылдық елді мекендердегі кадр тапшылығын шешу.

Дегенмен депутаттың айтуы бойынша аталған бағдарламаны аудандық маңызы бар моно және шағын қалаларда жүзеге асыруда бірқатар өзекті мәселелер туындап отыр.

«Аталған қалаларға жұмыс істеуге немесе тұруға келген әлеуметтік сала мамандарына қолдау көрсету шаралары жүргізілмеуде. Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасы бойынша 27 моноқалада 1,5 млн. адам және 42 шағын қалада 1 млн. адам тұрады, оның ішінде 69 аудандық маңызы бар қалаларда 2,5 млн. адам тұрады», – деді Бекболат Орынбеков.

Мұндай жағдай Жамбыл облысындағы аудан орталықтары болып есептелетін Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында орын алып отыр. Сенатор осы қалаларға жұмысқа орналасқан жас мамандар (дәрігерлер) «қала» статусының болуына байланысты барлық әлеуметтік көмектерден шеттетілуде. Бұл жағдай жергілікті жерде кадр тапшылығының одан әрі ұлғаюына әкелуде.

«Шу қаласына 2017-2018 жылдары келген 6 маманның, 5-уі бюджет есебінен берілетін әлеуметтік көмекті алмауына байланысты жұмыстан кеткен. 2019-2020 жылдары жас мамандар келген жоқ. Шу қаласы бойынша кадр тапшылығы – 29 маман», – деді Бекболат Орынбеков.

Сенатор аталған мәселені шешу үшін Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығында көрсетілген талаптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет екенін айтты.

 

ҚР Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі