«Ең қиын жұмыс — өзіңмен жұмыс жасау»

«Ең қиын жұмыс — өзіңмен жұмыс жасау»,- деп жазыпты Сәуле кластасым. Астына мына суретті салыпты. Ойыма Абай атамның сөзі сап ете қалды!

 

Сурет Саят Ыбырайдың парақшасынан алынды

 

Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қылып тыя алдым?
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наза емес…

Әр қазақ жаттауы керек, сосын балаларына жаттату керек бұл сөзді. Баяғыда Шәкерім медресесіне алғаш келгендер осы сөзді жаттаудан бастаушы еді…

Ал өткенде осы сөзді біздің политехтың бір профессорына айтып тұрсам:

— Сұмдық қой мынау, чуть ли не подлец был получается?..- деп салғаны. Не айтарыңды білмей қалады екенсің…

Қайран тіл, қайран сөз,

Наданға қадірсіз,- деген осы екен…

Меніңше, Абайдың Абайлығы да осында — өмір бойы өзімен өзі алысып өткендігінде. (Сол себепті де ол Абайдың қазақтың мінін сынауға хақысы бар!). Бәлкім, өзі туралы ағынан жарылғаны, бәлкім үлгі көрсеткені: өз мініңді өстіп

түгендеп, жіпке тізгендей ғып санап отырып, өзіңмен өзің өстіп алыс дегені.

Ал қазір «өзіңмен жұмыс жасау» дегенді әркім өзінше түсінеді, неше саққа жүгіртеді, бірақ «өз мініңді табу, өз мінезіңді түзеу» деген мағына сыйғызушы аз. Олай емес пе? Өз мінезімді жөндейін деп жүрген адам бар ма осы күні? Бәрі басқаларды түзегісі келеді. «Осы мен де дүниеқоңыз, ашкөз боп кеткем жоқ па? Өсек, өтірік, мақтаншақ деген, қызғаншақтық деген маған айтылған сөз емес пе?» деп жүрген адам көрдіңіз бе? Ар-иман түгендемек, адамгершілік қасиеттерді бүтіндемек былай тұрсын. Бәрі ақ, «сүттен ақ, судан таза». Бәріне басқалар кіналі: көршім кінәлі, өкімет кінәлі, мектеп кінәлі, керек болса әке- шешем кінәлі — тек өзі емес. Бәрі өзгенің мінін тергіш, айыбын ашқыш…

«Құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған…, ӨЗ БОЙЫН ӨЗІ БІР ТЕКСЕРМЕЙ КЕТКЕН КІСІ әуелі адам ба өзі?» (тағы Абай).

«Осы иттігімнен бір арылайыншы, осыным ұят болды-ау» деп, шын ұялып, әр қазақ өз бойын сынамай, адам санатына қосыла алмас.

Рас, «Ең қиын жұмыс — өзіңмен жұмыс жасау»…

Саят Ыбырай

Abai.kz