«Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбынды, Туымен тұғырлы»

2021 жылдың 3 маусымында ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен, облыс әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары А.Н.Нүкеновтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбынды, Туымен тұғырлы» атты онлайн дөңгелек үстел өтті.

Аталған шараға Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының бастығы, полиция генерал-майоры  А.Д. Дәрменов, облыстық комиссия мүшелері, белгілі спортшылар және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары, облыстық басқарма басшылары, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімі басшылары, қоғам өкілдері қатысты.

Сондай ақ іс-шараның құрметті қонағы, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, мемлекет және қоғам қайраткері Жандарбек Мәлібекұлы,  Zoom платформасы арқылы қатысты.

 

 

Іс-шара Мемлекеттік Гимнімен басталды. Барлық қатысушылар орындарынан тұрып, бірге Мемлекеттік Гимнді орындады.

Биыл біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз, бұл бәріміз үшін маңызды күн. Осы жылдар ішінде біз егеменді мемлекет ретінде әлемдік дәрежеге қол жеткіздік. Туымыз әлемдік ареналарда сан мәрте желбіреді, – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Облыстық онлайн іс-шараның құрметті қонағы Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, мемлекет және қоғам қайраткері Жандарбек Мәлібекұлы — біздің мемлекеттік рәміздеріміз көп жылдар бойы бостандыққа қол жеткізген ата-бабаларымыздың үмітін бейнелейді. Елтаңбаны жасауда Елбасы — Нұрсұлтан Назарбаевтың да үлесі бар. Дауыс беру кезінде кейбір депутаттар елтаңбадағы жұлдызға қарсылық білдірді. Сол кезде ол жұлдыз жарқырауды бейнелейтінін айтып, ата-бабаларымыздың «Жұлдызың жарқырай берсін!» деген батасын еске алып, ырымдаған болатын. Сондықтан Қазақстанның жұлдызы ешқашан өшпесін! – деді.

 

 

Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының бастығы, полиция генерал-майоры  А.Д. Дәрменов, жастарға патриоттық тәрбие беруде атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті.

Іс-шара барысында саңылақ спортшы, Қазақ күресінен әлем чемпионы Ғалымов Айдос — Көк туымыз желбіреп, әнұран ойнаған сәтте көңілімді мақтаныш кернеп, көзіме жас келді. Қаншама төккен тердің, қажырлы еңбектің бекер кетпегенін сол кезде сезіндім деп өз ойымен бөлісті.

 

 

Ал, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Қорғаныс министрлігінің Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының офицері, әділет капитаны, ультрамарафоншы Алкенов Заңғар өзінің а.ж. 27-29 мамырында «Жезқазған-Жаңаарқа» бағытында 320 шақырым жүгіріп, рекорд орнатқанын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнайтынын айтты.

Сонымен қатар, Қарағанды облысынан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары — Д.Зайтова, А.Абильдин,  В. Пак,  Д.Әбілжановтар  Мемлекет басшысының қабылдауында болған кездерімен, әр саладағы өздерінің жетістіктерімен бөлісті. Және бұл кездесу оларға келешекке деген сенімдерін ұштап, жігерлей түскендігін мақтанышпен атап өтісті.

 

 

Кездесу соңында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары мен спорт саласының әлем чемпиондары Мемлекеттік рәміздері бар кәдесыйлар алды, ал алғыс хаттармен– «Таңшолпан» балалар үйі директорының орынбасары Шахмарал Қабылова, Абай ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры Владислав Кирей, полиция департаменті тылдық қамтамасыз ету басқармасы әскери және арнайы қамтамасыз ету бөлімінің аға инспекторы Дәулет Омарбеков және Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясы бастығының көмекшісі, полиция полковнигі Серғали Тоқтарбеков марапатталды.