Елордалық полицейлер дауыс зорайтқыш азаматтарға COVID-19 жұқтыру қаупі туралы ескертеді

 

20-21 маусым күндері қосымша шектеу шараларының енгізілуіне байланысты полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті күзейту күшейтілді, кезекшілікке түскен полицейлердің саны артты. Бұдан бөлек, көшелерге патрульдеу жүргізіліп жатыр. Дауыс зорайтқыш арқылы полицейлер халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Қазақ және орыс тілдеріндегі аудиожазбада келесі ақпарат бар: «Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Қазақстанның бірқатар өңірінде эпидемиологиялық жағдайдың өршуін және коронавирус инфекциясымен ауыру көрсеткішінің артуын ескере отырып, Ведомствоаралық комиссия биылғы 20-21 маусым, демалыс күндеріне, бірқатар қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және басқа да базарлардың қызметі тоқтатылады. Қоғамдық көліктердің қызметі шектелі, қоғамдық демалыс орындары – парктер, саябақтар, жағалаулар, жағажайлар, аквапарктер қызметі тоқтатылады. Фитнес-орталықтарының қызметі тоқтатылады. 65 жастан асқан адамдардың далаға шығуы шектеледі. Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласына аумақтық жақын орналасқан туристік аймақтарға кіруге тыйым салынады, ал аталған аймақтардағы адамдарға – әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет». Патрульдеу бағдары барлық аумақты қамтитындай етіп құрылған. Полицейлер барлық тұрғын алаптарына кіріп, сондай-ақ адам көп жиналатын жерлерге тоқталады. «Біздің басты мақсатымыз – мейлінше көп адамға қауіпсіздік шаралары туралы ескерту. Дауыс зорайтқыш пен патрульдеу арқылы тұрғындар қазір енгізілген ережелер мен шектеулерді сақтаудың қаншалықты маңызды екеніне назар аударады деп есептейміз», – деді полиция департаментінде.