Елордада Абай әндеріне каверлер байқауының қорытындысы шықты

 

«Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасы аясында Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған каверлер байқауы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Байқауға ән өнеріне қызығушылық танытатын барлық жас қатысты. Арнайы іріктеуден өткен қатысушылар, екінші кезеңге жолдама алды.

Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай, «Balapan» телеарнасының редакторы Гүлнұр Омарова, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің оқытушысы, халықаралық байқаулардың лауреаты Алмат Ізбамбетов, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ төрайымы Динара Сәдуақасова, Республикалық байқаулардың жеңімпазы, жас әнші Зарина Қазбаева болды.

«Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған каверлер байқауында қатысушылар жаңа форматта, керативті орындап шықты. Мені қуантатыны жастардың дең көпшілігінің Абай әндерін мақамына сай орындап шыққаны. Тіпті, арнайы музыкалық білімі бар жас таланттар қобыз, домбыра, бас қобызда сүйемелдеп берді», – дейді «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ төрайымы Динара Сәдуақасова.

Байқауға 100-ден астам дарынды жас қатысты. Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласынан 30-дан аса жас талант бақ сынады.

«Қазақ халық әндеріне, Абай шығармашылығына бала кезімнен бастап қызығып келемін. Байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Мен үшін шығармашылық байқаулар әрдайым бірінші орында. Абай мұрасы біз үшін және болашақ ұрпақ үшін маңызды деп санаймын. Абай әндерін халық арасында дәріптеу біздің борышымыз!» – дейді әнші Әсем Әбдіқасымова.

Марапаттар «Жасы кіші топ» (9-дан 16 жасқа дейін), «Ересек топ»(16-дан 35-ке дейін), «Топтық орындаушылар» және «Кәсіби орындау» номинациялары бойынша берілді. Әр санатта үш жүлделі орын бар.

Байқаудың жүлде қоры – 430 000 теңге болды, сондай-ақ жеңімпаздарға арнайы сертификаттар табыс етілді.