Елорда әкімінің орынбасары: «Арнайы техниканы жаңарту жұмысты сапалы жақсартуға мүмкіндік берді»

Нұр-Сұлтанда «Астана – Зеленстрой» ЖШС паркі жаңа арнайы техникамен толықты. Қала аумағын күтіп ұстау үшін 250 көгалшапқыш келіп түсті. Бұл бұрын бар техниканың санын екі есеге көбейтті. Сонымен қатар маусым айында қосымша 110-нан астам арнайы техника мен жабдықтар: жүк көліктері, суғару-жуу машиналары, шағын тиегіштер, экскаваторлар және т. б. келіп түседі. Қызметкерлер жаңа техниканы сатып алудың маңыздылығын атап өтті: «Бұл біздің жұмысымызды сапалы және жылдам орындауға мүмкіндік береді. Техника көп болғандықтан, адамдарды жұмысқа тартуға мүмкіндік туады». Қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев қаланы көгалдандыру және абаттандыру бойынша күнделікті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Ұзақ, қарлы қыстан кейін біз көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына кірістік. Қиын әрі қарлы қыс болды. Осыған қарамастан, біз жеке және абаттандырылған аумақтарды су басуға жол бермедік. Рекордтық мөлшерде қар түсті. Атап айтқанда 6,5 млн текше метр қар шығарылды. Ұзақ қыстан кейін жер ылғалды, шөп жақсы өседі. Ауа райы жақсы болады», – деді Нұр-сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев. Елордада бұталар, ағаштар мен гүлзарлар отырғызу белсенді жүргізілуде. Астананы көгалдандыру және абаттандыру аясында биыл 30 мың ағаш пен 6 млн-нан астам гүл отырғызылады. Бұл жұмыстарға 750 маман жұмылдырылған. Сондай-ақ Нұр-Сұлтанда маса мен басқа да жәндіктерге қарсы ауқымды дезинсекциялық жұмыстар жалғасуда. Биыл дезинсекциялық жұмыстарды қамту аумағы ұлғайды. Мысалы, масалардан аумақты өңдеу жоспары 20%-ға және су қоймаларын өңдеу 25%-ға ұлғайды. Масаларға қарсы 230 миллион шаршы метрден астам аумақ өңделді. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың күзі мен 2020 жылдың қысында коммуналдық қызметтер паркі жаңартылып, үнемделген қаражат есебінен 170 арнайы техника сатып алынды. Бұл шаралар қызметкерлердің еңбек жағдайын және жүргізілетін жұмыстардың сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.