Елімізде автобус жолаушылар тасымалы саласы тығырыққа тірелді

Елімізде автобус жолаушылар тасымалы саласы тығырыққа тірелді. Тасымалдаушылар карантин кезеңінде шектеулер енгізілгендіктен және субсидиялау тиісті көлемде болмағандықтан, компаниялар банкротқа ұшырауы мүмкін деп дабыл қағуда.
Қазақстанның автомобиль конвенті zoom-конференциясын ұйымдастырды, оған “Атамекен” ҰКП, ҚР ИИДМ КК, ЖАО-ның және тасымалдаушылардың өкілдері қатысты.
Жолаушылар көлігі саласындағы ағымдағы жағдай мен саланы қалпына келтіру шаралары туралы “Қазақстанның автомобиль конвенті” ЗТБ президенті Марат Берқалиев баяндады. Ол аталмыш салада орын алған проблемаларды шешу үшін менен бизнес-омбудсмен ретінде барлық шараларды қолдануымды және тасымалдаушылардың проблемасын Президентке жеткізуімді сұрады.
Өңірлердегі субсидиялау мөлшері біркелкі емес, мен осы мәселеге қатысты олармен келісемін, ал кейбір өңірлерде субсидия мүлдем қарастырылмаған.
Салалық министрліктің ақпараты бойынша, 2017 жылдан бастап саладағы субсидия көлемі 1,7 млрд. теңгеден 2019 жылы 36,9 млрд. теңгеге дейін артқан. Бірақ Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстарының әкімдіктерінде 2017-2019 жылдар аралығында субсидия мүлде көзделмеген.
Жоғарыда айтылған елеулі ілгерілеушіліктер 2018 жылы автобус тасымалдарын дамыту жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарламаның қабылдануымен байланысты екенін атап өткім келеді.
Сонымен бірге, ЖАО негізінен мемлекет қатысатын 8 автобус паркін, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен жаңа автобустар сатып алатын МЖӘ жобаларын қолдайтындығы, оларға субсидия бөлінетіндігі, тиімді бағыт ұсынылатындығы және т.б. белгілі болды, бұл жосықсыз бәсекелестікке және нарықтан жеке тасымалдаушыларды ығыстыруға әкеледі.
Мемлекеттік кәсіпорындар тізіліміндегі ақпаратты www.gosreestr.kz. сайтынан көре аласыздар.
Ағымдағы жылдың 24 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке 2 ай ішінде осы салада тәртіп орнатуды, қалалық жолаушылар тасымалы проблемасын жүйелі түрде шешуді тапсырды.
Тапсырма аясында мемлекеттік органдардың, ҰКП мен бизнестің қатысуымен бірқатар кеңес өткізілді. ҚР ИИДМ автомобиль тасымалдарын дамыту бойынша жаңа шаралар кешенін әзірледі, ол бизнесті қолдаудың жүйелі шараларын көздейді. Бұл құжатты ағымдағы жылдың тамыз айында бекіту жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, бүгінгі күнге дейін төтенше жағдай мен карантиннен кейінгі жағдайда қоғамдық көлікті жетілдірудің басты мәселелері шешілмеген.
Жұмыс орындарын, атап айтқанда, жүргізуші, кондуктор және т.б. жоғалтудың үлкен қаупі бар, саладағы аталмыш жұмыс орындар саны 100 мыңға жуық.
Мемлекет қолда бар жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылдап жатқанын ескере отырып, автобустық тасымалдау саласы үшін тасымалдаушылардың залалдарын субсидиялау үшін республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер қажет. Салалық министрліктің 2020 жылы жоспарланған субсидияларға алдын ала бағалауы бойынша ЖАО бюджетінен (53,2 млрд.тг.) шамамен 70 млрд.теңге қажет, бұл жылжымалы құрамды жаңартуға мүмкіндік береді, осылайша тасымалдау сапасы артады.
Айта кету керек, кейбір өңірлерде тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялаудың қажетті көлемінің болмауына байланысты парктің тозуы байқалады, бұл, сайып келгенде, жолаушылар тасымалын тоқтатуға және жұмыс орындарын жоғалтуға әкеледі.
Сонымен қатар, кейбір өңірлердегі әкімдіктер коммуналдық кәсіпорындарды МЖӘ жобалары түрінде қолдауды жалғастыруда. Әкімдіктер квазимемлекеттік сектор субъектілерін іс жүзінде қаржыландырып, нығайтып отырғандығын мойындауымыз керек. Бұл аталған тауар нарығындағы бәсекелестікті шектейді.
ҚР Президентінің 2019 жылғы 3 шілдедегі Жарлығымен квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді, бұл мемлекеттің қатысуымен құрылатын компания санын шектейтін нақты ережелердің енгізілгендігін білдіреді.
Бірақ әкімдіктер Президент Жарлығын айналып өтіп, өңірлерде мемлекеттің қатысуымен автобус кәсіпорындарын, мемлекеттің үлесі төмен болса да (49%), құруын жалғастыруда.
Шығыс Қазақстан облысында орын алған МЖӘ жобасы бойынша мысал келтірейін. 2019 жылы әкімдіктің қолдауымен “Semey bus” автобус паркі құрылды, ол өз кезегінде басқа жеке тасымалдаушыларды ығыстырды. Автопарк “ҚДБ-Лизинг” АҚ арқылы лизингке 170 жаңа автобус сатып алып, жолаушыларды электронды билеттеуді енгізді, жолаушыларды тасымалдайды, алайда әкімдік тарапынан әлі күнге дейін субсидия алған жоқ.
Қазір қалған коммуналдық парктердің қызметін қалай жоспарлайтынымызды нақтылап, жалпы қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету керек. Мәселелерді кешенді жоспар деңгейінде пысықтау қажет. Бұл проблемаларды шешудің алғашқы қадамы болады.
Айта кету керек, салық жүктемесін азайту мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік маңызы бар тасымалдарды жүзеге асыратын жолаушылар тасымалы ҚҚС төлеуден босатылады. Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.
Сондай-ақ, ҰКП ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын ескере отырып, тұрақты қалалық, қала маңындағы, қалааралық, облысаралық және халықаралық жолаушылар автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ автобекеттер мен автовокзалдардың жұмысын іске қосу алгоритмін әзірлеуде.