Елбасы Астана әкіміне неге шүйлікті?

Астана әлемдегі «ақылды» қалалардың санатына қосылуға барын салып жатқанын үнемі жазып келеміз. Бірақ кемшіліктерден ада деп айту тым қиын. Себебі Астананың қақ ортасындағы көшелердің кей жерлері шұрқ-тесік. Қыста ғана қармен «тегістеліп», көктем шыға «тыр жалаңаш» ашылып қалады.

Көшелердің өте тар екені де көлік кептелісіне себепкер болып жататыны тағы рас. Қоғамдық көліктердің «еркелігі» — Астана халқының басты проблемасы. Оны айтасыз, Астанаға іргелес ауылдардағы ауызсу мәселесі әлі күнге өзекті. Кейбір зәулім үйлердің жертөлесінен күлімсі иіс қолқаны қабады. Күлімсі иіс демекші, жел солтүстік батыстан соға қалса, Астана тұрғындары жүрек лоқсытар сасық иістен бастарын ала қашады. Олардың қазіргі арманы желдің сол бағыттан соқпауы ғана…
Кәріз суының қалдығы төгілетін Талдыкөлден таралған жағымсыз иіске, шынын айтсақ, елорда халқы тұншығып отыр. Бұл туралы Астана әкіміне есеп беру жиындарында халық үнемі ескертіп келеді. Бірақ нәтиже аз. Айтылған сөз айтылған жерінде қалады.
Астана маңындағы сасық иістің ошағы болып табылатын Талдыкөл мәселесі он жылдан бері шешілмей келеді. Осы иіске ЭКСПО көрмесіне келетін шетелдіктер де тұншығып қалуы әбден мүмкін. Өйткені көрме қалашығы Талдыкөлге жақын орналасқан. Астананың дамуы жөнінде кеңес өткізген Президент жаңбыр жауса көлге айналатын бас қаланың ЭКСПО қонақтарының алдында ұятқа қалдыратынын ерекше ескертті. Әсіресе Елбасы көптен «жүген-құрық» тимей, «сипай қамшылауға» үйреніп алған Астана әкіміне қатты-қатты сөздер айтты:
— Алты жыл Тасмағамбетов ай-налысты, ештеңе істемеді, сен келдің, ештеңе бітірмедің. Астанада сасық иіс әлі бар. Егер биыл шешпесеңдер, Хорошун екеуіңе (орынбасары) Талдыкөл жағасына киіз үй тіккіземін, сонда тұрасыңдар. Масқара ғой, 6 млрд. теңге жұмсалды, түк бітпеді. Мынадай жағымсыз иісі мүңкіп тұрса, Астанаға кім келеді? Талдыкөл мәселесімен қанша жыл болды мені тойғызғандарыңа. Үкіметпен келісіңдер, кімнің көмегі керек, шешіңдер бұл мәселені. Масқара ғой! Астанамыз мынадай деп мақтанамыз. Астана қалай болады сасып тұрса? Масқара!

Елбасының алдында тікесінен тік тұр-ған Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков су сорғыш-тазарту стансасының құрылысы жоспар бойынша жүріп жатқандығын xабарлады. 2017 жылға дейін аталмыш мәселені шешуге уәде етті.

Нағашыбай Қабылбек