Елбасы анасына ауыл атауы берілді

Қай заманда, қай қоғамда болмасын Ананың орны әрқашан аяулы болған. «Жұмақтың кілті Ананың табанының астында» деген теңеуде тектен-тек айтылған емес. Бұл Ана деген ұлы ұғымға жасалған үлкен құрмет, әділ баға.

Тарихтағы тағылым алар Айғаным, Зере сынды Аналар  өзінен кейінгілерге үлгі болып, өнеге көрсетті. Міне осы ұрпақтар сабақтастығын жалғап бүгінде алтын құрсақты Ана атанып отырған жандар аз емес. Құрсағынан қараны ғана емес, Ханды туғызған Анамыз да бар. Ол кісілерге біз әрдайым қарыздармыз.

Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс шақырылған 16-шы сессиясында Қордай ауданы Қасық ауылына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың анасының есімін беру туралы мәселе көтерілді. Сессия барысында Қасық ауылын Әлжан ана атауына өзгерту туралы ұсыныс айтылды. Мұны халық қалаулылары бірауыздан қолдады. Өйткені Әлжан ана Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентін дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Әрі осы Қасық ауылында талай тұрмыс кешіп, өз ақыл-парасатын жұртқасіңірген жан.

Иә, бұл игі бастаманы барша аналарымызға жасалған құрмет деп білуіміз қажет. Бұны депуттар да айтады. Облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепбергеннің пікірінше, кез келген мемлекеттің ұлттық құндылықтары әйел баласын құрметтеуден басталады.

-Алтын құрсақты Анаға деген құрметті біз қолдаймыз. Өте орынды ұсыныс. Әрі бұл кісінің есімі берілген ауыл көркемдік сипаты жағынан да ерекше болуы қажет, -деп атап өтті сессияда халық қалаулысы.

Қалай дегенде де, Аналарға қандай құрмет көрсетсе де артықтық етпейді. Өйткені бір қолымен бесікті тербеткен Ана, екінші қолымен әлемді тербетеді. Бұл біздің емес, өмірдің өзі берген баға.

 

Саятхан Сатылғанов