ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІҢДІ ТҮЗЕ, БИЛІК!

Оның алдында бес қаруы сай әскер де дәрменсіз

Сәуле Мешітбайқызы

XXI ғасыр әлеуметтік желінің ақырған бурадай әбден күшіне мінген кезеңіне айналып тұр. Бір кездегі фантастикалық шығармалар мен қиял-ғажайып ертегілердің бәрі дерлік шынайы өмірде жүзеге асты. «Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды» деп дәріптелген жаңалық «жаршысы да» ескірді.
Сан ғасырлар бойы уақыттың желіне мүжілмеген алпауыт елдердің өзінің «шаңын қағып», салт-дәстүр сабақтастығын «аяққа таптаған» даму прогресі, ғаламды уысында «шырылдатып» ұстауда. Осындай өлара кезеңде ұлт болып сақталып қала аламыз ба, жоқ болып жер бетіне тараламыз ба деген сауал, кез келген саналы ұлттың басты проблемасына айналып үлгерді. Жақсылық пен жамандықтың қатар жүретіні секілді, ғаламтор дәуірінің да өз қуанышы мен қайғысы, жетістігі мен кемшілігі бір басына жетіп артылады. Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен деген бабалар тәмсілін әр қазақ баласы терең зерделейтін заман туды. Қазақия дейтін көл-көсір байлығы, ұланғайыр даласы, жәдігерге толы тасқа басылған тарихы, сан мыңдаған жылдарға кеткен дәстүрі бар мемлекеттегі билік басындағы елім дейтін арда азаматтардың да сыналар сәті жақын. Ұрымтал тұста – омақаса құласа ұлттық құндылықтан жұрдай болар түрі бар. Еңсесін тіктеп, есесін жібермеуге харекет етсе, харекетте берекет болмақ. Ондай атты күн туса, бақыт құсы өзі-ақ келіп басқа қонбақ!
Ұлттық идеологиясы мықты мемлекеттер етек-жеңін жинақтап, алдын-артын сараптап, дүлей кезеңнің дүрбелеңінен ес жиып, ғаламтор дейтін көзді арбаған, сананы жаулаған сиқыршы – күштің алдында қасқайып тұруға әрекет жасауда. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, мысық табандап жақындап келе жатқан жаһандану дәуірі – ешкімді аямақ емес. Басып-жаншып өте шықпақ. Оның «қарулы нөкерлері» әлеуметтік желілер-әлемге үстемдік құрып, наны жүріп тұр қазір. Тіпті сан мыңдаған әскер ала алмас қамалдар мен мемлекеттердің өзі олардың алдында дәрменсіз. Қорғансыз! Бейшара кейіпте. Заңмен тұсауға – демократия деген жалған ұран тосқауыл. Соның салдарынан әлеуметтік желі – үлкен күшке иелік етуде. Ғалам төрінде «үшінші дүниежүзілік соғыс» жүріп жатқандай бейне. Оны көз көріп, құлақ естіп отыр. Қан майдан. Қырғын – жырғын!
Ұрыс-керіс, ғайбат-айбат, жаға-жыртыс, бейпіл сөз, қанден-өсек, сынап-мінеу, жалған ақпарат, мақтан-мадақ, сатқындық, опасыздық, арсыздық, санай берсең бәрі бар. Адам баласының бар ұяты мен намысы сол жерде тапталып жатыр. Соның бәрін көтеріп тұрған соңғы технология жетістігі – компьютер мен ұялы телефондар. Ғаламның обалы мен сауабын солар арқалап жүр. Бұлар адамзатқа «таңсық емес – талшық! Қызық емес – бұзық!» болып тұр! Барша адамзат баласына қол жетімді құрал болғандықтан, ерік-жігердің бәрін «тартып алып» өзіне телміртіп қойды. Тиімді пайдалансаң – қос қанатың! Тиімсіз пайдалансаң – бос қаласың!
Әлеуметтік желі – желден де жылдам ақпарат таратуға қауқарлы. Сондықтан болар халықты еңсерту, тобырды теңселту оп-оңай! Соны біліп алған кейбір ниеті жаман, пиғылы нашар, мақсаты күмәнді белсенді топтар халықтың арасына іріткі салып, ынтымақ пен бірлікке сына қағып әлек. Уақыт – тамшы тасты да үгітіп жіберер құдірет қой білгенге! Уақытты босқа сөз етіп жатқан жоқпыз. Ғалымдар – уақыттың сынаптай сырғып жылдам өтіп жатқанын, бұдан бір ғасыр бұрынғы мезгіл мен бүгінгі қас – қағым сәттің арасы – жер мен көктей деп дабыл қағуда. Демек уақыт шауып барады асау аттай.
Дөңгеленген «дүниені» қай жерге жығып кетері белгісіз! Айла-тәсілге жетік, тақымы мықты, шыдамы күшті халықтар ғана жаһанданудың жалына жармасып жарқырай бермек. Бағыт-бағдары солғын, болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт ұлттардың қай жерде домалап қаларын ешкім тап басып айта алмайды Онда біз осы екі топтың қайсысына жатамыз?!
Алпауыт күшке ие әлеуметтік желіні, әлеуметтік мәселемізді билікке жеткізетін, олармен пікір алмасатын, санасатын диалог алаңы қылсақ ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әйтпесе, құр дау-жанжалмен уақытымыз өтіп, кім көрінгенге жем болып кету қаупіміз бар…
Қазір әлеуметтік мәселе — құнан қымыздай «ақырған», әлеуметтік желі – кәрі бурадай «құтырған», кей шенеуніктердің бет пердесі ашылған, ел шыдай-шыдай ақырында ашынған қиын кезеңді бастан кешудеміз. Осындай өлара шақта әлеуметтік желіні «жанып тұрған отқа» теңесек, ниеті бұзық сұрқия адамдар сол отқа «май құйып» арандатуға дайын тұр!
Сонымен тиімді пайдаланса — дәру, дұшпандық ниетпен қолданса — қару деуге келетін әлеуметтік желілердің мен білетін түрлері мыналар: Вконтакте, Facebook, Twitter, Однаклассники, M-agent, Whatsapp, Instagramm, Viber, Другвокруг, Cacao Talk, Line, Imo, Skype. Бәлкім бұдан да зорлары шығып жатса таңғалмаймын.
Мен 21.02.2016 жылы (ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ҚУАТЫ МЕН ҚАҺАРЫ халықпен санаспаған билікті де шошындырды) атты мақала жазған болатынмын. Сонда «Негізі әлеуметтік желілерді ойлап тапқандар — оны қолданушылардың көп уақытын сонда өткізуі үшін барын салуда. Жылда миллиардтаған доллар бөлінеді. Бұл олардың бизнесі… Сондықтан ақша табудың небір құйтырқы жолдары қарастырылған. Ақылыңды дос тұтып, ашуыңды ауыздықтамасаң құлтемірге айналуың бір-ақ сәт. Ойыңды өрістете алсаң әлеуметтік желі — көмекшің. Алыс-жақынмен табыстырар, жаманнан жирендіріп, жақсылыққа бастар — серігің!
Осыларды сараптай келе, әлеуметтік желінің шабарманы, құлақ кесті құлы болмауға күш салу — адам баласының ұлы міндеті. Бала-шағаны да әлеуметтік желіге «табынып» кетуден сақтау аға буынға үлкен сын!» деген екенмін. Көзі қарақты оқырман бұл мақаладан хабардар болар. Дегенмен ер кезегі үшке дейін демекші, әлеуметтік желінің бүгінгі қоғамдағы орны мен адам баласына құрған торы жайлы тағы біраз толғанып көрмекпін.
Бір заманда дана Абай, «Өлең — деген өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» деп өлең арқылы ішкі жан тебіренісінің көпке тарайтынын астарлап жеткізсе, бүгінгі жаһандану ғасыры — екінің бірінің шынайы өсек-аяңын халыққа тарататын құралға айналды. Баяғының абыздары ел ішіндегі келеңсіздіктерді алқақотан отырып, жүйелі сөзге арқа сүйеп шешетін болса, бүгінгінің «данышпандары» көзге көрінбейтін виртуалды әлемде өмірдің күрмеуін тарқатады. Тіпті бәрі шетінен көсем де шешен. Кесіп-пішіп сөйлейтіндерін қайтерсің. Өзі заңгер, өзі адвокат, өзі прокурор, өзі сот. Ұрымтал сәт келді ме, қапы жібермейді. Ұнатпай қалды ма, сойып салады. Өйткені «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ.

 

РЕЙТИНГ ҚУҒАН
САЙТТАР
«ШАЙТАНМЕНДЕ» ДОС БОЛУҒА ТЫМ ҚҰМАР!…

Ар мен ұят жайына қалды кей адамдарда. Адамдық болмысты тануға, сананың ішкі иірімдерін білуге әлеуметтік желі — рентген сәулесіндей қызмет жасап тұр.
Әрине, аударылып-төңкеріліп жатқан лентаның өне бойында оның жақтаушылары мен даттаушылары өріп жүреді. Бейне қазақтың делебесін қоздыратын көкпар секілді! Ақыр аяғында жақ-жақ болып ғайбат айтып, әлгі «құрбандыққа шалынған» бишараның түте-түтесін шығарады… Бұл ең жеңілі.
Ең қауіптісі — бір кезде билікте болып, түрлі жолдармен қуғынға ұшырап, қара басын күйттеген «қайраткерлердің» қоғамда кездесіп жататын түрлі оқиғаларды тиімді пайдаланып, бар кінәні билікке қарай бұруға дайын тұратындығы. Сол жерден ұпай жинап қалуға өлермендене ұмтылатыны. Бар көксегені: тақтағыны тайдырып, қара сөзбен – жарлы-жақыбайды бай қылмақ. Ондай мансапқорлардың «ізбасарлары» да көбейіп барады. Қит етсе, «сынықтан сылтау» іздеп, билікке қарата өсек-оқты боратады-ай келіп. Тіпті біреулер жалған аккаунт ашып алып, «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып» жатады. Ойлап қараңызшы, миллиондаған адам отыратын әлеуметтік желіде – сенің бірауыз сөзіңнің бағасы қандай?! «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дегеннің салмағы да осы арада білінеді.
Бүгіндері әлеуметтік желі айқай мен ұйқайдың, керіс пен терістің, жанжал мен жар-жардың бәсін көтеріп тұр. Бір ғана Серікжан Біләш пен Сайрагүл Сауытбайдың «жыры» мемлекеттік маңызы бар шаруадай талқыланды. Және халық жақ-жақ болып айтысып, айтысып қана қоймай бет тырнасып, жақын ағайындар да бір-бірін көрместей жік-жікке бөлінді. Кім кінәлі?
Қазір қытай мəселесін Серікжан Білəш пен жақтастары əлеуметтік желі арқылы өздерінің «доп тебетін» алаңына айналдырып алды. Мемлекет шешетін, мемлекет араласатын шетін шаруаларды жеке адамдардың саясат шоқпарына айналдырып алуы – ұлт үшін, билік үшін өте қауіпті құбылыс. «Есің барда еліңді тап» демекші, мәселе асқынбай тұрғанда ҰҚК бұл түйткілді шешуге күш салады деген үміттемін.
Одан кейінгі Біләш пен Шахановтың арасындағы сыпсың сөзде әлеуметтік желі пайдаланушылардың деңгейінің қаншалықты өскеніне таразы болары анық. Мұндағы айтылған пікірлерді қағазға түсіру мүмкін емес. Тек қана қазақтың «Ауыздан ақ ит кіріп, көк ит шықты» деген сөзі ғана жеткілікті. Әлеуметтік желі деген бұл күндері ұнатпаған адамыңды сойып салатын, ренжіткен адамыңан кек алатын қарудың өткір түрі десем ешкім қарсы келе қоймас. Елбасынан бастап, қазіргі президентті қосақтап, биліктегі түрлі деңгейдегі шенеуніктерге аузына келгендерін айтып “өлтіріп, тірілтіп”, үрім бұтағының түбіне жететіні жүрегіме батады. «Жазықсыз біреуді қарғама, жазықсыз біреуді қарғасаң, айналып тиер, әй, бала!» деген тәрбиені көрген біздерге бұл ауыр сөз!
Соңғы уақыттары Нұрсұлтан Назарбаев жайлы өтірік пен өсекке құралған, арандатуға толы посттар да жиі жариялануда. Онда «экс — президент қайтыс болыпты. Бірақ оның өлімін билік жасырып отыр» деген «көріпкелдік» болжамдар жүр. Мұның бәрі «Атың шықпаса жер өрте» дегенге саяр әрекет. Ал астына жазған комменттер жан түршіктіреді. Мысалы осы «Назарбаев өлді» деген постының астына аз ғана уақытта 300-ге тарта адам лайк басып, шамамен 50-60 адам пікір жазып тастаған.
Адам баласының мұншалықты қатігез, пасық болуы, соншалықты ұсақталып кетуі – жүрекке ауыр тиер көрініс! Әлеуметтік желінің ауыздықсыз кетуіне адамдар арасындағы парықсыздық, тоғышарлық, санасыздық қатты әсер етуде.
Тіпті билікке тіл тиігізіп, орынды-орынсыз сын айтуға құмар «белсенділер де» көбейе түсуде. Көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрған жайттарға көз жіберсек, ҰҚК қайда қарап отыр деген сауал өзінен-өзі ортаға аттандап шыға келмек.
Мысалы, әлеуметтік желінің тамырлас, ағайындас «бауыры» саналатын кейбір сайттарда тақырып аясы өте тар. «Қайтсем елді жалт қаратам, қайтсем көпке сайтты аштырам, оны қалай оқытам?» деген пендеәуи пиғылдар алдыңғы орынға шығып кетті. Əлемде болып жатқан жақсы ақпараттар, үлгі алатын жағымды істер екінші қатарға сырғыды. Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп апамыздың ұлағатты әңгімелерінен көрі, бір сәттік лап етпе, еліктіретін еспе жанр пайда болды. Осыдан барып рейтинг үшін «шайтанмен де» санасатын ұрпақ өсіп жетілді. Бұл да мемлекет қадағалап, реттеп отыратын-ақ шаруа! Соның салдарынан «Қайын атам аймалап, ернімнен сүйді», «18 жастағы жетім келін күйеуіне айта алмаған сырын ақтарды», «Сүйісіп тұрған қыз бен жігіт көпірден құлап кетті», «Алты жасар қызбен некелесті» деген тақырыптар тез оқылатын ақпараттар тізіміне қосылды. Ал билікті қаралап, сынап — мінеген адам – халық батыры! Ең сорақысы, ұлттық таным деңгейіне көтерілген ұлағатты дүниелер шетке сырғыды.
Мысалы, мақаланы жазу барысында зерттеу жүргізіп көрдім. 6 ағұст күні https://www.caravan.kz сайтында «20-летний парень изнасиловал полуторагодовалую девочку в Бишкеке» деген ақпарат шықты. Бір-екі күнде қаралымы 2 мыңнан асып кетті. Азғындық дәріптелді. …Міне, бүгінгі оқырман деңгейі! Кім кінәлі?
Таяуда Zakon.kz сайты: Баян Алагөзованың келіндер жайлы пікірін жариялады. Онда Алагөзова қазақ келіндерін күң есебінде суреттеді. Қазақтың қасиетті дәстүріне күйе жағып, келіннің қадірін түсірген, сөйтіп тұтас ұлттың атынан сөйлеген Алагөзоваға тәйт деген біреу болмады? Ұлттық идеологияның қаншалықты ақсап жатқанын осыдан –ақ біле бер!
Ал күні кеше осы Баян Мақсатқызы әлеуметтік желіде Қазақстанда мүлдем пәк қыз жоқ екенін мәлімдеді. «Қазақстанда жыныстық қатынас – мүлдем жабық тақырып. Барлығы тұрмысқа пәк болып шығады деген стандарт бар. Солай ма? Жоқ, бар болғаны солай деп ойлайды. Сөзіме сеніңіздер. Бізде қыздардың 99%-ы тұрмысқа пәк болып шықпайды. Тіпті, олардың 50%-ы тұрмысқа шыққанға дейін түсік жасатып үлгереді», — дейді продюсер. Ал керек болса. Бұдан асқан көпке топырақ шашу болмас. «Көпке топырақ шашқан адамның көмусіз қалатынын» Баян білмесе де, халық жақсы біледі. Ал осынша бассыздыққа билік тарапынан бір реакцияның болмауын қалай түсінуге болады?

 

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ «АРЫНЫН» БАСАР ЗАҢ КЕРЕК

Одан қалды әлеуметтік желі арқылы қазақ қызының ұлттық киімін жалаңаш киіп, тұтас бір ұлттың намысына тиген Шырын Нарчаева да көптің «сүйіктісіне» айналғалы қашан!
Көп жағдайда орыс тілді сайттар қазақ құндылығына тас лақтырған арсыз қылық иелеріне бүйрегі бұрып тұратындай ыңғай білдіреді. Өйткені ұлттық менталитеттен жұрдай Баян Алагөзова мен Шырын Нарчаева, тағы басқа да «жұлдыздар» кімге үлгі? Алайда олар қазір әлеметтік желі мен қаптаған сенсация құмар сайттардың «жұлдыздары». Осындай да «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда» деген Абайды әулие демей көріңіз! Жақында «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп әлеуметтік желінің күн өткен сайын қоғамға кері әсер етіп келе жатқанын қынжыла жеткізді. «Қазір ватсапта неше түрлі чат бар. Орыс тілді чаттарға қарасаңыз: көбінде нақты ақпарат таратылады, артық эмоция, бос сөз жоқ; ал өзіміздің чаттарда нақтылық шамалы, көбінше жалпылама, жөңкіл әсерге толы ақпарат, сосын ішкен ас пен жүрген жүріс суреттері, одан қалды бір-бірімен қырқысып, өсек пен өтірік желдей еседі…
Фейсбукте де сол көрініс.
Әлеуметтік желіні ұлт пайдасына жарату үшін бұл алаңды ақылға ақыл қосатын, ой бөлісетін, ортақ мәмілеге келетін жерге айналдыруымыз керек еді; өкінішке қарай жеңіл-желпі нәрселердің айналасында жүрміз, біреу айтақ десе, ала жөнелетін үрлікпе, біреуді жабыла талайтын дүрлікпе желіге байланып тұр. Әлем елдерінің жақсы нәрселерін үйрене отырып, үйрететін ұлтқа айналуымыз керек еді, негізі!» депті. Дұрыс көтерілген мәселе, Фейсбукке кіре қалсаң, свалкаға кіргендей боласың, ауыздарына келгенді жазып, бір бірімен қырқысқан ел, ара — тұра тәлімі бар әңгімелер де кездесіп қалады, бірақ іздеп отырып зорға табасың, шынымен де не болып барамыз, ағайын?!.
Рас, бүгінгі қоғамдағы түйткілді проблеманың бәрі әлеуметтік желіден бастау алады. Халықтың білім өрісі, парасат өлшемі – қай биікте, тобырлық мәдениеті – қай деңгейде мұның бәріне әлеуметтік желі жауап беріп тұр!
Ең сорақысы бізде бір-бірімізді өтірік мақтау өте көп. Күні үшін жүрген қулар көп. Билікке жағымпаз ұлдар көп. Қайран Алаш арыстары-ай, жазғандарын оқып отырсаң бірін-бірі жел сөзбен мақтау деген атымен жоқ. Жер қылатын даттау да жоқ. Орынды сын, ұлттық мүдде ғана бар. Бізде сұмдық қой, сұмдық!.
Тіпті мақтауға сұранып отыратын жазбаларға күлкің келеді.
Əлеуметтік желіде адамдардың мінез — құлқы толық айқындалып тұрады. Оларды бірнеше топқа бөлуге болады. Тіпті сағадан күтіп, жазбаңды аңдып отыратындар да кездеседі. Пікір емес лайктің өзіне сараң адамдар бар. Алайда жазғаның билікке қарсы ұранға құрылса, 100 адам лезде лайк басып, 100 адам ғайбат жазуға дайын. Ұнамаса фейкке кіріп, алды-артыңды «бомбалап» тастауға әзір.
Сөздің парқына түсінбейтіндерге, билікті қолдасаң «тряпкасың», Бекболатты құттықтасаң «вахабиссің», түрік ағайынға назар аударсаң «Гүленшілсің». «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген тәмсілге жүгінсек, мынаны ашық айтуға болады.
Әлеуметтік желіде қорқытып – үркітіп, билікке орынды-орынсыз айқай-шу шығарып «көзге түсіп» жүргендер үнемі назарға ілігеді. Оған мысал жеткілікті. Әріге бармай-ақ, ұлттық кеңестің төрінен орын алғандар ішінде ондай бірнеше «қаһарман» жүр. Бұл өзі «Көп қорқытады, терең батырады» дегеннің кебі емес пе? Ал дау-дамайды қаламайтын, жүректерді «жараламайтын», билікке «азу тісін» көрсетпейтін, дүрліккен жұртқа басу айтатын, салмақты сынға жүгінетін, салиқалы ойға үңілетін азаматтар көп жағдайда тасада қалады. Билік бұл айтқанымды келешекте ескеруі тиіс!
Хакім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Ұлттық идеология дегенде көмейіміз жыртылуға аз қалады. Бірақ сол идеологияның бүгінгі тағдырына үңілген кім бар? Өкінішке қарай, биліктің де бұл тұрғыда кемшін тұсы жетіп жатыр. Фейсбук көпшіліктің ашық алаңына айналса, ватсап əркімнің жеке хикаятына ұласты, инстаграм жеке бастың жарнамасы болып тұр. Инстаграм демекші, «не ішті, не жеді, демалысына қанша миллион жұмсады, тойға қандай қымбат көйлек киді тағы басқа істерін мақтана айтатындарға түсінбей өтетін шығармын осы? Өйткені үйсіз — күйсіз жүргендер қаншама? Аш — жалаңаш жүргендер де бар. Балаларын емдетуге ақша таппай жүргендер көп. Олай болса, біреу жарымай қиналып жатқанда, бәз біреулердің жиналып думандатып жатуы – қандай өресіздік! «Аурудың алдында денсаулық туралы айтпа, кедейдің алдында байлық туралы айтпа» деген бабалар даналығын кім ескермек? Бұған билік бір шара қолдануы керек. Бұл – уақыт талабы. Өйткені жарым көңілдің іште қайнаған запыраны күндердің күні болғанда, билікті шарасыз күйге түсірер кепке айналмасына кім кепіл?!
Иә, бақылаусыз кеткен әлеуметтік желінің «шаңын қағып» жатырмыз, ал бақылауда отырған отандық телеарнадағы іліп-алар хабарлардың жоқтығына кімді кінәлаймыз? Болашақтың тірегі бала. Олай болса бала санасының ұлттық қадір-қасиетті бойына сіңіруі үшін не жасадық? Жүзеге асқан игі істерді жоққа шығармаймыз. Алайда үңірейген кемшіліктер жақсылықтардың бетін бүркемелеп жатыр ғой. Бір «Балапан» телеарнасы қайда жетеді?
Неге барлық ұлттық телеарналарда балалар танымдық бағдарламасы жоқ. Рейтинг үшін түрік пен үнді фильмдері қазақ баласының санасын жаулап алды. Үндіше киініп, олардың салт-дəстүрін жасай бастадық…! Бұл кіріптарлық емей не? Бірде 2 сыныптағы немерем «Əже, апай қандай кино көресіңдер деп сұрағанда, біздің сыныптастар «Абысындарды» көреміз деді. Қыздардың көпшілігі, менен басқасы сол киноны көреді екен. Маған да көруге рұқсат етіңізші» деді. Сондағы менің күйімді ешкімнің басына бермесін! Көзімнен жас шығып кетті… Осылайша “Астана телеарнасында» 2 жылдан астам уақыт үздіксіз жүріп жатқан үндінің «Абысындары» ана түгілі, баланы да өзіне тәуелді етіп тастағанын сезіндім . Егер ұлттық арналар жарнамалап жатқан шетел киноларына тәуелсіз сарапшылар сараптама жасаса, бұдан да асқан сорақылықтардың беті ашылары сөзсіз!

 

ВИРТУАЛДЫ ӘЛЕМНІҢ ҚЫЗЫҒЫНА АЛДАНБА, ХАЛҚЫМ!

Біздің телеарналарда қазан-ошақтың əңгімелерінен аса алмайтын бағдарламалар мен реалити-шоулар неге көп?. «Жұлдыздармен» сұхбаттың орнына қарапайым еңбек адамы неге дәріптелмейді? Әнші-биші жүргізетін толымсыз кештен көрі, кәсіби журналисттің өзекті проблемасы неге жүргізілмейді? Ажары қашқан әзілдер мен ұсқыны кеткен күлкіден көрі, экономикалық-саяси жəне тарихи ақпараттарды талқылап, таразыға салатын бағдарламалар көргісі келеді халықтың. Оның ішінде де тек бір жақты мадақтау бағыттағы емес, объективті таразыланған бағдарламалар болса дейтіндер қаншама? Кіндіктен төмен, алып-қашпа, ішкен-жеген тақырыптар мезі етті әбден Алаш жұртын. Бұл менің халықтың арасында жүргенде көкейге түйген, олармен сұхбаттаса жүріп санама сіңірген жеке субъективті пікірім.
“Кезінде Гитлерден: “Шығыс жақтан жаулап алған елдерге қандай саясат қолданамыз?” – деп сұраған. Сонда Гитлер: “Оларға ертеден кешке дейін музыка қойып қою керек, кітап оқуға, ойлануға мүмкіндік бермеу керек. Өйткені адам неғұрлым рухани жағынан саяз болса, соғұрлым өзін бақытты сезінеді”, – деген екен. Қазір сол Гитлердің арманы бүкіл әлемде іске асып жатыр”, – деуге толық негіз бар.
Бүгіндері смартфонға, компьютерге қатын-қалаш былай қалып, бала-шаға тəуелді болып қалды. Ең сорақысы бесіктен белі шықпаған нәрестелер, тәуелділіктің құрбанына айналып отыр. Қол жетімді ұялы телефон да, компьютерде неше түрлі мульфильмдерді, ойындарды орысша, ағылшынша әріптерге тіреп қойған. Мемлекеттік тілдің қамын жеп жатқан олар жоқ. Оларға ақша болса болды. «Күл болмасаң, бүл бол». Бұл да ұлттық идеологияның кемшін түсіп жатқан тұсы. “Үйде орыс жоқ. Керек десеңіз орысша да сөйлемейміз. Бірақ интернеттің кесірінен балаларымыздың тілі орысша — ағылшынша шықты» деп зар илейді бір таныс келін.
«Не ексең соны орасың» дегеннің кебі келді басқа. Қазақ тілінің қауқарсыздығының кесірінен, смартфондардың бәрі өзге тілде. Осыдан барып қазақ балалары, тұп-тұнық миларын – өзге тілмен лайлап жатыр. Қарбалас жұмыстан шаршап-шалдығып жүретін ата-аналар бала тәрбиесіне орашолақ. Әйтеуір мазамды алмаса болды, жыламаса болды деп смартфонды баланың қолына бере салады. Осының салдарынан туа сала ана тілінен алшақтаған ұрпақтар өсіп келеді. Мұның арты неге апарып соғатынын ұлттық идеологияға жауапты азаматтар сезінсе деймін…
Айта кетерлік тағы бір жәйт, бұл – әлеуметтік желідегі қазақ тілінің жағдайы. «Ұялы телефонымдағы пернетақтада қазақ тілі жоқ» деген сылтаумен қаншама қолданушы төл әріптерімізді орыс тілінің әріптері арқылы жазып жүр. Онымен қоса сөздерді барынша қысқартып жазады. Осылай жалғаса берсе ана тіліміздің қоғамдағы орны төмендейтіні анық.
Онымен қоса қазіргі кезде осы желіде таралып жатқан «өлім ойындары» да желінің зиянды жақтарының қатарын толықтырып тұр. Осы ойынның құрсауына түсіп, өз өмірлерін қиып жатқан жасөспірімдер туралы естігенде көңілім қатты түседі. Олар әлгіндей әлеуметтік желінің қолданушылары болмағанда әлі де арамызда жүрер ме еді…
Арамыздағы кейбір қолданушылар өз уақыттарын бос «лайк» жинаумен, жаңалықтар лентасын парақтаумен, пікір айтушылардың жазғанын оқумен немесе «Хат келген шығар?», «Оның постын жіберіп алсам ше?», «Инстаграмдағы жаңа суреттерді көрейін» деген пайдасыз ойлармен өткізеді. Ондайларға айтарым, өз уақытымызды керексіз дүниелерге емес, пайдалы істерге арнайтын болсақ, өзгелермен білгенімізді бөліссек ұтылмасымыз анық.
Иә, әлеуметтік желінің зияны туралы қанша айтсақ та, оның қолдану аясын шектей алмайтындығымыз белгілі. Оның үстіне, желілердің қолданушылары күн санап артып келеді. Осылайша виртуалды өмірден алшақтамайтындардың саны көбеймесе, азаяр емес. Ең бастысы желіні сауатты пайдаланып, қолдану барысында тек пайдалы жақтарын қарап, шектен шықпауды ойлаған жөн секілді. Әлеуметтік желідегі жөнсіздікке, жүгенсіздікке бір дәлел келтірейін. Оны мыңдап келтіруге де болар еді… Уақыт тапшы… Мысалы жақында Ася Асеткина деген журналист қыз елдің бәрін жемтіктегі Қара Қарғаға теңеп Біләшты Қыран құсқа теңеп, Геройханды Геморойхан, Абзал Құспанды , Құсқан, Ақжүніс аналар бірлестігі Сәулені Қара Жүніс, Құрал Медеуовты, Бедеу, Жаңқабайды Маңқабай деп мұқатып тастапты. Жеке басқа тіл тигізген заң алдында жауап береді. Ал біз сөз етіп отырған әлеуметтік желі де тіл тигізбек түгілі бір-бірінің үстіне «құсып» жатса да, билікті орынды-орынсыз сыбап жатса да заң органдары тып-тыныш. Бәлкім заңның солқылдақтығы осыған мәжбүр етіп отыр ма? Егер Мемлекет осы тұрғыда заң шығарып қорғанысқа көшпесе өздеріне қиын. Өйткені «Іріген ауыздан шыққан шіріген сөздер», мемлекеттің тұрақтылығына сына қағып, адамдар арасындағы алауыздықтың «құрбаны» болып кетуі де мүмкін.
Қатын-қалаштары, еркек-телпектері Ася Асеткина сияқты бетімен кеткен жерде, әлеуметтік желінің де құны құлдырай түспек. Құритын ұлттың әуелі қатын-қалаштары осылай аузына келгенін айтып, ойына келгенін істейтін көргенсіздерге айналатыны тарихтан белгілі. Анау Алекторов, Ильминскийлер де әуелі киргиздардың (қазақтардың) қатындарын, қыздарын бұзудан бастау керек дегенін бір жерден оқып едім. Соны бүгінгі билік гендерлік саясатпен жалғастырып, айыздары қанып жатқандай көрінеді кейде маған.

 

АҚШ ПЕН ҚЫТАЙ ҒАЛАМТОРДЫ
ЕРКІНЕ ЖІБЕРМЕЙ ОТЫР

ТҮЙІН: Еліміздегі әлеуметтік желілердегі дүрбелеңдерді, қауіп-қатерлерді қайтсек ауыздықтаймыз? Қайтсек тосқауыл қоямыз? Қайтсек үнін өшіреміз? «Асқынған ауру алмай қоймайды» демекші, күні ертең жағдайымыз не болмақ?
Қытай елі ғаламтор қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын 2006 жылдан бастап мемлекеттік деңгейде қолға ала бастапты. Бұл жұмыс ҚХР-дің Қоғам қауіпсіздігі министрлігіне (бізге ІІМ) жүктелген. Олар неше жүз миллион юань қаражат жұмсай отырып киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге кірісіп кетті. Қазіргі таңда ғаламторға қатаң бақылау жүргізуді бір арнаға түсіріп алған Қытай елінде барлық сайттар мен қоса, Вичат, QQ, weibo секілді көпшілікке танымал әлеуметтік желілер қатаң бақылауда тұр.
Олардың тәжірибесі бойынша Шыңжаң, Тибет автономиясы секілді аз ұлттар жиі қоныстанған өңірлерден ғаламторға шығушылар алдыңғы кезекте «бақылауға» түсетін көрінеді.
Яғни «нәзік өңірлер» басты назарда деген сөз. Сонымен қатар кіліт сөздер енгізілген. Тарқатып айтар болсақ, ұлт араздық қақтығысқа әкелетін терминдер, терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге қатысы бар делінген сөздер мен діни атау-терминдер жазылған заман, ғаламтор сақшысы іске кіріседі. Күн сайын жетілдіріліп отырған ғаламтор сақшысы программалары (қосымшалары) интернет кеңістігін кезіп жүреді. Олардың назарына іліккен «күдіктілердің» IP мекен-жайы бірден анықталып, бұғатталады. Цифрлы технологияны қолдана отырып, сүзгіден өткізу, жеке басқа қажетті ақпараттарды «сурып әкету», күдікті тұлғалардың жолын кесу (ғаламторға шыға алмай қалу) секілді алуан түрлі бақылау, басқару жүргізіп отырады.
Олардың ең нәзік түйіндері Қытай компартиясына сын айтушылар мен мемлекет саясатын сынаушылар, шенділерге айып тағу мен жергілікті атқарушы билік органдарын қызметіне (өте-өте партия ұйымдары қызметі) наразылық білдіру, діни мәселелерді талқылау секілді мәселелерге аса сақтықпен қарайды. Осы арада Қытай елінің Google, Уou tube, Facebook, Twitter қатарлы танымал желілердің бүкілдей бұғатталғандығын айта кеткім келеді.
Жоғарыда әлеуметтік желіні қазақ билігінің бірнеше рет бұғаттағаны жайлы айтып өттім. Бақсам бақа, екен демекші, ол да уақытша ғана «жеңіс» екен.
Әлеуметтік желіне бұғаттау, негативпен күресу емес. Адамнан қулық қалған ба? Тығырыққа тірелсе VPN қолдана салады. Енді қайтпек керек?
Әлемде компьютерді алғаш рет іске қосқан мемлекет АҚШ саналады. 1946 жылдан басталған ұзақ мерзімді құлшыныстардың соңы қазіргідей цифрлы технология дәуіріне, «технологиядағы төңкеріс» дәуіріне алып келді. Сол АҚШ елі киберқауіпсіздік мәселесін 1980 жылдардан бастап қолға ала бастаған екен. Олардың күрес нысанасы екі түрге жіктелген. Біріншісі компьютерлік құрылғылар мен ғаламтор желілеріне жасалатын шабуылдарға тосқауыл қою болса, екіншісі ғаламтордағы алдамшылық, ұрлық және кәмелетке толмағандарды зиянды ақпараттардан қорғау болған.
Қазіргі таңда АҚШ-ның әрқайсысы штаттарында киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік маңызы бар ақпараттар мен патент құқығының сақталуын қадағалаумен айналысатын мекемелер жұмыс істейді. Федералдық барлау мекемесі мен АҚШ қарулы күштері саласында да арнайы бөлімдер бұл төңіректе қатаң бақылау жасап отырады.
Осы арада АҚШ тағы киберқауіпсіздікті сақтаудың қызмет көлемі мен ұстанымының Қытай мемлекетіндегі ғаламтор сақшылары қызметінен басқаша сипат алатындығын айту керек. Демократиясы дамыған АҚШ елі, азаматтардың жеке басына қажетті мәліметтер мен адамдардың саяси ұстанымы, діни сенім бостандығы, адамдық құқық секілді жақтарына қатты көңіл бөледі.
Яғни, олардың өзгеше пікірлері үшін қудалауға салу мен сотқа сүйреу, мойындарына жауапкершілік артып қою секілді үстемдікке жол бермейтіндігін ерекше айта кету керек.
Freedom House есебінде Қазақстан 65 елдің ішінде 46-орында тұр. Ұйым зерттеуінде Қазақстан “әлеуметтік желі мен байланыс платформалары жиі бұғатталатын” елдердің бірі ретінде аталады.
Ұйым есебі жарияланардан бірер күн бұрын Қазақстан билігі төрт мемлекеттік органға төтенше жағдай кезінде интернетті және байланыс құралдарын өшіруге рұқсат беріпті. Қазақстан үкіметінің 2018 жылғы 28 қазанда күшіне енген қаулысына сай, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі және Қорғаныс министрлігі елде әлеуметтік, табиғи және техногендік төтенше жағдай болса интернетті бұғаттап, байланыс құралдарын сөндіре алады. Демек, әлеуметтік желінің мойнына «бұғау салынса», билікке ұнамсыз бір істен ши шыққаны деп ойлаған дұрыс.
Алайда әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат тарататындарға, ар-намысқа тиетіндерге, билікке тіл безейтіндерге қарсы бұлтартпас бір заң керек сияқты. Мұны билік басындағы азаматтар ескерер деген ойдамын.
Жаһандану дәуірі мысық табандап, жер бауырлап жақындап келеді. Бұдан әрі адамзат баласын не күтіп тұр? Қуаныш па, қайғы ма? Технология жетістігі – өркениетке бастай ма, жоқ әлде кері кетуді қостай ма? Бұл – ғаламды толғантқан проблема! Бұл ғаламның бір бөлшегі саналатын тәуелсіз қазақ елінің де жанды жері!
Егер қазақ билігі өзгелерге жалтақтамай өзінің болмыс – бітімін, ұлттық құндылығын сақтап қаламын десе, нақты шешімдерді тезірек қабылдауға тиіс! XX ғасырда Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең бесігіңді түзе» десе, XXI ғасырдың ұраны «Ел боламын десең әлеуметтік желіні түзе» деп тұр!