ЭКСПО — Қазақстанды танымайтын елдерге үлкен ПИАР

ЭКСПО көрмесін жеңіп алуымыз қандай ерен еңбек болса, оны енді у-шусыз өткізу де үлкен сынақ болғалы тұр. Өйткені қазір төрткүл дүние Қазақияны бақылап отыр. Жауапкершілігі зор міндет қаншама қымбатқа түскенімен, еліміз бен жеріміздің танылуы үшін үлкен мүмкіндік туғызып отырғаны рас. «Шығын шықпай, кіріс кірмейтінін» пайымдасақ, бұл күн де өте шығар əлі-ақ. Алғашында қызу қарқынмен басталған көрме дайындығы бүгіндері іргелерін бекемдеп жатқандай көрінеді.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген осы-ау. Иə, Астана іргесінен ЭКСПО қалашықтары бой көтеріп, елеулі істер атқарылып жатқанымен, «шамамыз жетпес шоқпарды белімізге байлап алған жоқпыз ба?» деген күдік те əрегідік бой көрсетіп қалатындай. Қорқыныштың болуы да заңдылық. Өйткені əлемнің əр түкпірінен 6 миллиондай турист Қазақияға ағылатын күн жақын. Олар сынап та, мінеп те кетуі бек мүмкін. Керісінше, ризашылықтарын білдіріп, мəртебемізді аспандатып жатса, үлкен мəртебе.

Осы орайда Астана қаласында «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесі қарсаңында Еуразиялық кəсіпкерлер Одағының павильоны салтанатты түрде ашылғанын хабарлаймыз. Онда 100 үздік қазақстандық тауар өндірушінің өнімдері қойылмақ. Шараны «Халық маркасы» федерациясы мен «Еуразиялық кəсіпкерлер Одағы» ұйымдастырғанын айта кеткеніміз жөн. Жобаның мақсаты — отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету. Осы істің басы-қасында жүрген «Халық маркасы» федерациясының президенті Римма Тəжібаевамен ЭКСПО-ға дайындық барысы жайында əңгімелесіп, көптің көңілін күпті еткен сауалдарға жауап алғандай болдық.

— «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесі қарсаңында қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдері сатылатын павильон салтанатты түрде ашылды. Өзіміздің бренд өнімдердің сапасы əлемдік стандартқа сай келіп жатыр ма?

— Қазіргі таңда павильонға 20-дан астам бренд өз өнімдерін ұсынып отыр. Ал «ЭКСПО — 2017» көрмесіне дейін жалпы үздік 100 бренд өз өнімін көрсетеді деп жоспарлап отырмыз. Көпшілік назарына ұсынылған тауарлардың əлеуеті жоғары, экспортқа бағытталған.

— Павильонның ашылғанынан шетелдіктер хабардар ма? Сөзіңізден ұлттық бренд өнімдердің сатылымға қойылғаны аңғарылады.

— Иə, ашылды деген сөз тауарлар сатылымға шықты дегенді білдіреді. Шетелдіктер жайлы мынаны айтқым келеді. Еліміздегі елшіліктердің бəрімен хабарласып, жуырда оларға «Павильон ашылды, қазақстандық кəдесыйларды, өзге де қажетті өнімдерді өз бағасымен ала аласыздар» деп хат жібереміз. Сапасы мен бағасы жағынан ең қолайлы брендтер ұсынып отырғанымызға көздері жететін болады.

— Ұлттық брендтерді жарнамалау басталып кеткен секілді. Бұл қашанға дейін жалғасады?

— ЭКСПО-ға дейін əлі жүз күндей бар ғой. Соған орай, біз күнде əртүрлі брендтермен іс-шара өткізуді қолға алмақпыз. Бұл — күніне бір брендке жарнама жасаймыз деген сөз. Əрі қарай көрме басталған күннен, мысалы, Вьетнам мен Қазақстан күні, Америка мен Қазақстан күні деген атаумен ЭКСПО-ға қатысушы мемлекеттердің барлығын ұсынып отырған тауарларымен қоса жарнамалауды жалғастырамыз.

— Сіздер ұсынып жатқан тауарлар қарапайым халыққа қолжетімді ме?

%d1%81%d0%be%d0%bb-%d0%b6%d0%b0%d0%ba%d1%82%d0%b0%d0%bd-%d1%83%d1%88%d0%b8%d0%bd%d1%88%d0%b8-%d1%80%d0%b8%d0%bc%d0%bc%d0%b0-%d1%82%d3%99%d0%b6%d1%96%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2%d0%b0— Өте қолжетімді. Бағалары да сондай қымбат дей алмаймын. Əрине, бағалары жоғары брендтер де бар. Олар шетелдіктердің қызығушылығын туғызып жатса, кім қарсы? Негізі, бренд өнімдер экспортқа бағытталған. Осы жерде ескеретін бір нəрсе, жоғары сұранысқа ие болу үшін өнімдер көптеп сатылуға тиіс. Ол үшін шетел нарығына көптеп шығару міндеті алдымызда тұр. Сондықтан да Еуразиялық кəсіпкерлер Одағымен келісімшартқа отырдық. Олар қазір Қазақстанның өнімін 30 мемлекетке шығаруға жол ашып бермек.

— Еліміздің ең үздік тауарлары іріктеледі екен. Олар қалай сұрыпталады? Қалай таңдалады? Қандай талаптар қойылады?

— Азық-түлік тауарлары арнайы лабораториялардан өтеді. Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісімшартымызда осылай көрсетілген. Негізі ЭКСПО-ға ұсынылатын тауарлар сапалы болуы — халықаралық талап. Біз де одан ауытқи алмаймыз.

— Шетелдіктердің көрмеге ұсынатын тауарларына да қойылатын талап қатаң болар?

— Иə, тексеріледі, экологиялық таза болуын қадағалайтын орындар бар. Бұл жағынан қорқыныш жоқ.

— Шетелдік кəсіпкерлер келген соң, өз павильондарын аша ала ма?

— Жоқ. Біз ашып жатқан павильондарда өз өнімдерін көрсетеді. Олар екі-үш күнге келеді ғой. Сол аралықта біз де өз тауарларымызды жарнамалаймыз. Тəжірибе жинақтаймыз.

— Түсінікті болды. Енді өз өнімдерін ұсынып жатқан жергілікті кəсіпкерлердің белсенділігі жайлы айтсаңыз.

— Белсенділіктері өте керемет. Күнде хабарласып, брендтерімізді қойсақ деп жатады. Шынын айтайын, біз танымайтын, білмейтін, көрмеген керемет сапалы дүниелер келіп жатыр. Солардың бəрін жинақтап, бір жерден көрсету — павильонның мүмкіншілігін пайдалануға таптырмас орын. Кəсіпкерлер осыны біліп, өз өнімдерін шетел нарығына шығаруға жанталасып жатыр. Осы жерде айта кетейін, павильон ғимараты үш қабаттан тұрады. Онда шағын асхана (ұлттық тағамдарды көрсету үшін), өзге де ұлтымыздың салт-дəстүрлерінен хабар беретін арнайы орындар бар.

— Халық арасында əлі күнге ЭКСПО-ның мəнмағынасын түсінбей жүргендер бар. Оларға ЭКСПО-ның пайдалы жақтары туралы не айтар едіңіз?

— Біріншіден, ЭКСПО-ның экономикалық тұрғыдан пайдасы зор. Өйткені, экономикаға тың серпін беретін жаңа технологиялар емес пе? Сол жаңа технологиялар осы көрмеге шығарылады. Біз онымен танысамыз. Екіншіден, ЭКСПО-ға əлем көз тігіп отыр. Бұл — Қазақстан үшін үлкен пиар. Шынын айтайық, Қазақстанды көптеген елдер əлі күнге білмейді. ЭКСПО арқылы көптеген туристердің келуіне мүмкіндік туып тұр. Туристер дегеніміз жай келіп кететін адамдар емес қой, олар инвесторлар, олар үлкен сауда миссиясымен келетін бизнесмендер. Егер Қазақстан қатты ұнап жатса, олар көптеген инвестициялар əкелуі мүмкін.

— Сіз сөз етіп отырған ұлттық брендтердің медиа саласында жарнамалануы қалай? Көңіліңіз тола ма?

— Толмайды. Жарнамалануы өте нашар деңгейде. Өйткені біз тек қана зауыттарды, фабрикаларды аралап, өнімдердің қалай шығып жатқанын, қандай технологиялар пайдаланып жатқанын көрсетеміз. Шындығына келсек, тұтынушыға мұндай ақпарат қажет емес. Меніңше, тұтынушыға өнімді былай таныстыру керек: «Бұл жерден мынадай өнім шығарылуда, бағасы сондай, сапасы мұндай, бəлен жерде сатылуда» дегендей. Насихат солай жүргізілсе ғана пайдалы. Сосын, жаңа ашылған павильондар жарнамаланып, олардың ішіндегі сатылымға шыққан өнімдер жайлы ақпарат дер кезінде халыққа жетіп отырса, қандай жақсы?!

— Уақытыңызды бөліп, сауалдарға жауап бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК