ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР-ПАРТИЯ НАЗАРЫНДА

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы аймақтық «Экологиялық мәселелер жөніндегі кеңесінің» көшпелі отырысы аудандық филиалдың мәжіліс залында өтті.

Кеңес отырысын облыстық мәслихат депутаты, Кеңес төрайымы А. Акчалова жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде аудандағы қоқыс полигондарының ахуалы, қоқыс контейнерлерінің саны мен сапасының жайы қаралды.

Аталған мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары А. Жабағы баяндама жасады.

— Аудан бойынша қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орындар мен полигон саны 13, оның ішінде 1 полигон «Жуалы Су» МКК- ның теңгерімінде.

Аталған полигон Ақсай ауылдық округінде орналасқан. Полигон өз мақсатындағы қызметін 2018 жылдың сәуір айынан бастап жүзеге асырып келеді.

Ал полигон аумағын күтіп-баптау, тұрмыстық қатты қалдықтарды көму және жайластыру жұмыстарымен «Жуалы су» МКК тұрақты түрде айналысады.

Қалған 12 дана қоқыс полигоны ауылдық округтердің өз теңгерімінде.

Ал аудан бойынша 44 дана контейнер орналасқан.

Оның ішінде 28 данасы тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын контейнер. Атап айтқанда, Б.Момышұлы ауылында 22 дана, Шақпақата ауылында 6 данасы орнатылған. Сонымен қатар, 8 дана светодиодный, 8 дана полителен қалдықтарын салатын контейнер бар,-деді.

Жиын соңында кеңес төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты А. Акчалова аулаларда орналасқан ескірген қоқыс жәшіктері жаңалауды қажет ететіндігін атап өтті.

Ал комиссия мүшесі Ж. Исаев кейбір қоқыс полигондарын қоршау қажет екендігін, сонымен қатар, ауыл тұрғындары күл-қоқыстарын қоршаудың сыртына төгіп кететіндігін айтты. Аталған мәселелер бойынша бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

Барлық ұсыныстар назарға алынып, кеңес мүшелері тарапынан бақылауға алынды.

Жуалы ауданы