Қайсар рухты ғазиз жан

Фатима Ғабитова. Отызыншы жылдар.
Қазақ мәдениеті мен руханиятының көрнекті қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің әкесі – ұлт әдебиетінің алыбы, әлем әдебиетінің үздік классиктерінің бірі Мұхтар Әуезов туралы отандық әдебиеттану ғылымында «Мұхтартану», «Әуезовтану» деп аталатын тұтас ғылым саласы қалыптасқан. Кемеңгер жазушы өмірінің әр кезеңі, оның әрбір шығармасы жайлы әлемнің алуан тілінде жүздеген, мыңдаған мақалалар, зерттеу еңбектері мен монографиялар, «Мұхтар Әуезов» атты арнайы энциклопедияға дейін жарық көрді. Сол себепті біз әңгімені Мұрат Мұхтарұлының анасы Фатима Ғабитованың ғұмырнамасынан бастағанды жөн көрдік.
Қазақ тарихында өшпестей із қалдырған ұлтымыздың үш бірдей арысына адал жар болып, Алаштың ардақты азаматтарын сүйсіндірген, етегінен ұл мен қыз бірдей саулаған осы бір ғазиз жан туралы кеңес заманында там-тұмдап жазылғанымен, оның жанға ашпаған сырға толы жазбалары тек тәуелсіздік тұсында ғана толықтай жарық көрді.
Өткен ғасырдың соңында, яғни 1998 жылы «Атамұра» баспасы Фатима Ғабитованың әр жылдары жазылған күнделіктері, жазбалары, өлеңдері мен хаттары, естеліктері мен толғаныстары топтастырылған «Өртеңде өнген гүл» атты жинақты басып шығарды.
Кітаптың қолжазбасы түгелдей менің қолымнан өтті: тартқан азабы мен көрген мехнаты, қайғы-қасіреті мен мұң-зары бір адамның басына жетіп артылатын шерлі жүрек сұм заманның сұмдықтарын сол қалпында баяндаған. Біз қолжазбаға қылдай қиянат жасамастан, қаз-қалпында шығардық.
Қазақтың саяси күрестерде шыңдалған, қуғын-сүргін атаулының талайын көрген, кейбірі патша түрмесіне дейін отырып шыққан аптал азаматтары жантүршігерлік азаптарға шыдамай шарт сынып, морт кетіп жатқанда, нәзік жаратылыстылар қатарындағы Фатима апамыз үнемі алдынан шыға берген қисапсыз қиындықтарға мойымаған, қайтпаған, қайсар мінез танытқан.
Қаймана қазаққа қарақан басын асырау мұң болған кезде ол үш арыстан туған алты баласын түп-түгелімен аман-есен жеткізіп, білімді, өр мінезді, отаншыл азаматтар қатарына қосады.
Байтал түгіл бас қайғы болып, жазған-сызғандарын былай қойғанда, ер азаматтар қанды қасапқа түскенде, күйеулерінің қаламынан шыққан әр туындыны, қылаяғы бір жапырақ қағазға шашылып түскен жазбаларына дейін қызғыштай қорып, жақсы күндерге жеткізе білді. Әсіресе, қазақ поэзиясының алыбы Ілияс Жансүгіров ақталғанда оның 6 томдық шығармалар жинағына енген ұлт әдебиетінің баға жетпес байлығының басым көпшілігі дәл осы Фатима анамыздың құпия сандығынан шығады.
Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов сияқты әрқайсысы тау тұлғалы азаматтарға жар болған Фатима Ғабитова деген қайсар рухты ғазиз жан кім еді? Бұл сұрақтың жауабын оның өз жазбаларынан табамыз.
Фатима апамыз қазақ қоғамы оянып, оның ойы мен қырында саяси күрестер белең алған шақта, Жетісу өлкесіндегі Қапал қаласында 1903 жылы ауқатты татар көпесі Зайнолла Ғабитовтың отбасында дүниеге келіпті. Бір қызығы, Бабыр мен Дулати еңбектерінде аты аталатын ортағасырлық Алматының орнына 1854 жылы Верный бекінісінің іргесі қаланғанда Қапал ресми түрде қала мәртебесін иемденген, сауда-саттығы дүркіреп тұрған шаһар еді.
Әкесі Зайнолла мезгілсіз қайтыс болғанда (кей деректер бойынша бақтасқан ағайындары у беріп өлтірген) Фатима 6 айлық бала екен. Осылайша жасы 24-ке енді ғана толған анасы Ғайнижамал Рәзия, Мәрзия, Фатима есімді үш қызымен жесір қалып, күйеуінің соңындағы мол дәулеттің шашауын шығармай, қыздарын өсіріп-жеткізуге жұмсайды.
Ғайнижамал мен оның қыздары: Рәзия, Фатима және Мәрзия.
1918 жыл.
Бұл кездегі Қапал үлкен қала ғана емес, әйгілі Маман би мен оның іскер, ұлтжанды ұлдарының арқасында қазақ даласындағы оқу-ағарту ісінің елге танылған орталығы да еді. Фатима туған 1903 жылы Қапалдың маңындағы Қарағаш деген жерде Маман ақсақалдың ұрпақтары Уфадағы «Ғалия» медресесінің үлгісі һәм оқу бағдарламасымен алғашында «Маман» жәдит, яғни жаңаша оқу мектебін салып, кейін оны «Мамания» деп аталатын бүгінгінің колледждерімен иықтас іргелі оқу орнына айналдырады. Татар және қазақ мұғалімдері сабақ берген бұл мектепте Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіров те оқиды.
Фатима апамыздың жазбалары бойынша ол бастапқы білімді өз үйінде, анасынан алған екен. Кейін әуелі Қапалдағы орыс мектебі мен «Якобие» қыздар медресесінде білімін жалғастырған. Бұл туралы ол өзінің «Бел-белестерде» деген естелігінде: «Жетісуда татар, қазақ көпестерінің қаражатымен ашылған Алматыда «Исақия», Қапалда «Якобие», Қарағашта «Мамания» мектептері бар еді», – деп жазады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Қапалға Орталық Азиядан немістер қоныс аударыпты. Солардың ішінде Карл Кайзер дейтін банкир Франкфурт университетін бітірген Ида деген неміс, француз тілдерінде еркін сөйлейтін әйелімен бірге Фатиманың әкесі кең-молынан салдырған флигельді үйде пәтер жалдап тұрады. Дәл осы әйел үш қызды қаз-қатар отырғызып, оларды неміс, француз тілдеріне жатықтырып, Еуропа әдебиетінен мол мағлұмат беретін дәрістер оқиды. Қыздардың музыкаға қабілетін байқап, пианинода ойнауды үйретеді.
Бұл кезде он жастан енді ғана асқан, әр нәрсені білмекке құштар Фатима фрау Ида үлгісінің бәрін қағып алып, естігенін жадында тоқып отырған. Кейін тұрмысқа шыққанда оның үйінде сол замандағы қазақ зиялыларында сирек кездесетін пианино болған. Апамыз дүниеден өткенде балаларына мұра ретінде екі бірдей күйсандық қалыпты және оны кімге беретінін өз қолымен жазған өсиетінде көрсетіп кетіпті.
Фатиманың Мәскеу мен Санкт-Петербургте оқыған Алаш арыстарын таң-тамаша қалдырған жан-жақты білімі мен бекзаттық болмысы осылай қалыптасыпты.
Азамат соғысы жылдарында орыс-қытай шекарасының өтінде тұрған Қапал қаласы, жалпы Жетісу өңірі өзара қырқысқан ақ пен қызыл тарапынан көп шабындыға ұшырайды. Апамыз бұл туралы да: «Большевиктер қыздарды ықтиярсыз алады екен (тартып алады екен) деген дақпыртпен жеңгем Мәрзия екеуімізді нағашы шешемізбен Ақсуға аттандырып, өзі Қапалда қалды. Мәрзия 16-да, мен 15-те едім. Бұл үрку халыққа аса ауыр болды. Үріккен елдің жарымынан көбі өлді», – деп жазады басынан өткен алғашқы босу туралы.
Большевиктер қыздарды ықтиярсыз тартып алып қана қойған жоқ, жазықсыз халықты да қынадай қырды.
Қызыл әскерлердің Иван Мамонтов деген баскесер басқаратын жазалаушы отряды 1918 жылдың жазында Верный мен Қапалдың арасын қанға бояйды. Қапалда ешбір сотсыз, тергеусіз 12 ауқатты адамды жұрт алдында атып тастайды.
Мамонтов отряды бұдан кейін Үшарал мен Үржардың арасын лаңдап, Мақаншыда ақгвардияшыл штабс-капитан В.Н. Виноградовтың отрядымен болған шайқаста қаза табады. Бұлардың жасаған жауыздықтарын Жетісу халқы ұзақ жылдар бойы ұмытқан жоқ.
Кеңес заманындағы ғылыми әдебиетте қызылдар әрекетіне үнемі әділдік, теңдік орнатушы ретінде баға беріліп, ақтар жағы ылғи жамандалып, қараланып отырды. Фатима бұлардың екеуін де оңдырмай сынап, туа біткен тік мінезімен бетпердесін аяусыз сыпырады.
Генерал Дутов, генерал Бакич, атаман Анненковтың шұбырған әскерлері де Қытайға Жетісудан өтеді. Ақтар да ойына келгенін істепті. Бұл туралы Фатима апамыз: «Ақсу ақтың панасы болғалы жергілікті елге де үлкен апат болды. Өлер алдында қандай жыртқыш болса да, ең соңғы күшін жинап айбар қылғандай, ақтар да қарап жатпады. Қырып-жойып әскері Қапалды алды. Ақсуды албастыдай басқан ақтар қаншама тістенсе де, асудың алдында аласұрса да, тұрақтап тұра алмай, Алатауды асып, Қытайға кетті», – деп жазады аласапыран заманның ақиқат шындығын кәнігі жазушыдай көркем тілмен кестелеп.
Осындай ақ пен қызыл арпалысып, аңдысқан заманда аяқастынан арандап қалмау үшін Фатима анасы Ғайнижамалдың батасын алып, бұл кезде жергілікті большевиктер жағында қызмет істеп, іскерлігімен елге танылып қалған Біләл Сүлеев деген азаматқа 1918 жылы тұрмысқа шығады.
Фатима мен Біләл
Фатима апамыз алғашқылардың бірі болып сталиндік қуғын-сүргінге түсіп, ақыр аяғында репрессияның құрбаны болған, отандық оқу-ағарту саласының көрнекті қайраткері туралы «Біләл Сүлеев кім?» деген өмірбаяндық деректерге толы естелік қалдырды. Онда: «Б. Сүлеев 1917–18 жылдардағы оқу жылында Қапал қаласындағы татар мектебінде мұғалім және оқу ісінің басқарушысы болып қызмет атқарды. Менімен Біләл сол мектепте танысты. Біләл – асқан ақылды, келешекті терең болжай алатын ардақты азамат болатын», – деп екеуінің алғашқы таныстығы мен күйеуінің бойындағы абзал қасиеттер жайынан хабар береді.
Біләл Сүлеев. 1925 жыл.
Сол жылдары әрдайым жарының жанынан табылған Фатима апамыздың деректеріне сүйенер болсақ, Б. Сүлеев Азамат соғысы кезеңінде Жетісу өңірінде мектеп ашу, оқу-ағарту жайы және кедейлікпен күрес шараларын ұйымдастырумен айналысқан екен.
Жиырмасыншы жылдардың ортасында Біләл Жетісу облыстық оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1928 жылы 1 қыркүйекте мұның алдында Қазақстанның Оқу-ағарту халық комиссары болып істеген Смағұл Сәдуақасовтың белсене араласуымен Алматыда тұңғыш жоғары оқу орны – Қазақ мемлекеттік университеті ашылып, оның алғашқы ректорлығына Санжар Асфендияров тағайындалады. Фатима осы мүмкіндікті пайдаланып, бір кездегі «Якобие» қыздар медресесінде алған білімін жалғастыру үшін жаңадан ашылған университеттің филология факультетіне оқуға түсіп, Ахмет Байтұрсынов сияқты ғұламаның өзінен дәріс тыңдайды.
Біләл 1928 жылдың соңына дейін Алматыда болып, облыстық оқу-ағарту, ғылым-білім, мәдениет мекемелеріне басшылық жасайды. Кейін Қазақстанның өзге өңірлерінде түрлі лауазымды қызметтер атқарыпты. Фатима апамыз бұл туралы: «1928–29 оқу жылдарында Біләл Ақтөбеге облыстық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады», –деген нақты мағлұмат қалдырады.
Қазақстан мен Ресей арасындағы 20-жылдары орын алған әкімшілік-территориялық межелеу нәтижесінде республика астанасы Орынбордан Қызылордаға көшірілгенде Орынбордағы мұғалімдер институтын – Оралға, ал Ташкенттегі мұғалімдер институтын Семейге орналастыру сияқты аса жауапты да сауапты іспен бұл салада тәжірибесі мол Б. Сүлеев айналысады. Оны да Фатима апамыздың естелігінен табамыз.
Семейге көшірілген пединституттың алғашқы ректоры болып Б. Сүлеев тағайындалады. Ол заманда жоғары оқу орындарын бір республикадан екіншісіне көшірудің машақаты өте қиын еді. Көптеген мәселелер жергілікті жерде осыған тікелей жауапты адамдардың қатысуымен шешілетін. Осындай қат-қабат шаруалардың бәрінің бел ортасында күйеуіне серік болып, білгенінше ақыл қосып, орысша жазу-сызуға жүйрік Фатима жүреді. Бұл туралы ол: «30-жылдың жаз айларында құйын қуған қаңбақтай тұрақтап бір қалада тұра алмай, Ақтөбеден Орынборға, Орынбордан Оралға, Оралдан Ташкентке, Ташкенттен Семейге сапар шеккеміз», – деп жазады.
Оқу-ағарту саласында зор қайрат көрсеткен Біләл Сүлеевті ОГПУ 1930 жылы тамызда қамауға алып, 1932 жылдың 5 қыркүйегіне дейін Алматы абақтысында ұстайды. Дәл осы кезде Сүлеев отбасымен жақын араласқан, оның үйінде талай мәрте қонақта болып, Фатиманың қолынан дәм татқан Мұхтар Әуезов пен Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Әлімхан Ермеков те Алматыдағы ОГПУ түрмесіне отырған еді.
Қапастан босап шыққан Біләл ендігі жерде соңына шам алып түскендер Қазақстанда тыныш таптырмасына көзі анық жеткен соң бойтасалап Ресей жағына кетеді. Кейін Мәскеудің ұйғарымымен 1934–37 жылдары Қарақалпақ АКСР-інің Оқу-ағарту халық комиссары қызметін атқарады. Осы кезде ол екінші рет қамауға алынып, ақыр соңында репрессия құрбаны болады.
Фатима мен Біләлдің арасы жиырмасыншы жылдардың соңына қарай суи бастаған сияқты. Оған Фатиманың 1927 жылдың 21 қаңтары күні жазған:
«Қорқытасың мені әрдайым, Үрейімді аласың. Жоқ, Біләлжан, Ойлап қара, Мен де адам баласы. Қорлауыңа, кірлеуіңе, Сонша көне қоймаспын», – деген жыр жолдары куә.
Фатима мен Біләлдің отбасы. Анасы Ғайнижамал, Фатима, Фарида, Жәнібек және Біләл Сүлеев. 1925 жыл.
Біләл Ресейге кетіп, Қазақстанға қайтып оралмайтын сыңай танытқан соң, Фатима 1932 жылы онымен ресми түрде ажырасады. Біләлдің бұдан кейінгі отбасылық тағдыры бізге беймәлім.
Фатима Біләлдан Фарида есімді қыз, Жәнібек пен Азат есімді екі ұл сүйген. Үлкен қыздары 1930 жылы 15 қаңтарда қайтыс болып, анасы зор қайғыға ұшырайды. Өзегін өртеген мұң-зарды: «Онға толып, 15 күн асқан шақта, Тәтеңді зар еңіретіп тастап кеттің», – деген жыр жолдарына төгеді.
Фатима Біләлдан көрген арыстай екі ұлын әкесінің көмегінсіз-ақ ер мінезді, намыскер азаматтар етіп өсіреді.
Аналық мейірмен көптеген жыр жолдарын арнаған Жәнібегі өзі сұранып майданға аттанып, 1943 жылы ерлікпен қаза табады.
Әкесінің еш жазықсыз «халық жауы» деген жалған жаламен атылып кеткеніне қатты күйзеліп, бойын ыза-кек буып, намысқа шапқан Жәнібек майданға кірген алғашқы күннен бастап-ақ қаһармандықпен соғысады.
Тарих ғылымының докторы, профессор Л. Ахметованың деректері бойынша қызыл әскер Ж. Сүлеев Смоленск түбінде болған шайқаста неміс мергенін атып түсіріп, қаруластарының шабуылға шығуына жол ашады. Соғысқа кірген 4 ай ішінде ерлігімен көзге түсіп, екі рет әскери марапатқа ұсынылады. Есіл ер өзі ие болған «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін» деп аталатын қос бірдей медальді қолына ұстап үлгерместен, 1943 жылы майданда алған ауыр жарақаттан небәрі 20 жасында көз жұмады.
Тұла бойы тұңғыш қызы Фаридадан жастайынан айырылып, қайғы жұтқан Фатимаға болашағынан зор үміт күткен ер ұлының қыршынынан қиылуы қатты батады. Ол аһ ұрған ащы зарын қазақтың жоқтау үлгісіндегі жыр жолдарымен жеткізеді. Махамбеттің «Мұнар күніне» ұқсас өлең Фатиманың ақындық талантының да осал еместігін айқын танытады. Оның: «Тұман-тұман, тұман күн, Тұманданған бұл қай күн… Тұйғындай қырғи түйілген, Тұман күнгі қыран кім?.. Қабағынан қар жауған, Қарсы алдынан оқ жауған, Ел жауына аттанған, Ту көтерген ұлан кім?..» – деген жоқтауы кімді де болсын тебірентпей қоймайды.
Қаһарман ұлының мезгілсіз келген қазасын қайсарлықпен көтере білген Фатима бар күшін Біләлдан қалған соңғы тұяқ – Азаттың тәрбиесіне жұмсайды. Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдап, түрколог мамандығын таңдаған Азат Сүлеев ұзақ жылдар ғылым саласында еңбектеніп, бертінде – 1997 жылы қайтыс болды. Азаттың ұлы бізбен дос-жар қатынастағы Жәнібек Азатұлы Сүлеев – бүгінде Қазақстандағы танымал журналистердің бірі.
Аралары ертерек суып, өмірінің кейінгі кезеңінде хабар-ошарсыз кеткен алғашқы жары Біләлға деген құрметінен жазбаған Фатима оның ақталуына да зор үлес қосты. Сүлеевке тағылған жалған айыптар алынып, есімі халқымен қайта табысқан соң Біләлдің өмірі, қызметі, шығармашылығы туралы мол мағлұматтар беретін естелігіне «Мен білетін Біләл Сүлеевтің шығармалары» деген тізім қосып, болашақ зерттеушілерге бағыт-бағдар болсын деп оның «Қаптағай», «Бұйрас» және «Матай» (бұл лақапты апамыздың жазуынша 20-жылдарда Біләл ойлап тауып, өзі пайдаланған екен, кейін талант күші зор ақын інісі Ілиясқа сыйлапты) деген бүркеншік аттарына дейін атап көрсетеді.
Фатима Біләлға тым ертелеу, әлі оңы мен солын танып үлгермеген 15-тен 16-ға қараған шағында шыққан. Бұл – Қапалға Сібірден талқандалып, тоз-тозы шыққан ақтардың жөңкіле ағып, елдің астан-кестенін шығара ойрандап, ойына келгенін істеп жатқан кез. Сүйкімді, сұлу әрі білімді Фатимаға қазақ, татардың ең мықты азаматтары көз салып, сезімін білдіре бастаған. Әрине, орысша сайрап тұрған қызға ақтың офицерлері де сұғанақтана көз тастайды. Бұл туралы Фатима естелігінде: «Көшеде көрінсем-ақ төңірегіме толып кететін офицерлерден қорқып мен де үйден шықпайтынмын», – деп жазады.
Міне, осындай аласапыран заманда бойжетіп, үлбіреп отырған қызын тездетіп құтты орнына қондыруға анасы да, теңін табуға Фатиманың өзі де мүдделі болған сияқты. Оның үстіне анасы екеуі күн сайын ел ішінде беделі артып келе жатқан Біләлдің жай-күйінен, адамгершілік асыл қасиеттерінен жақсы хабардар еді.
Фатиманың алғашқы махаббатының сәтсіз аяқталуына сұм заман кінәлі болды. Үнемі тасы өрге домалап, тек мақтау ғана естіп үйренген, жасы әлі 30-ға толмаған азаматтың аяқастынан абақтыға жабылып, түрме азабын тартуы Біләлді қатты есеңгіретіп, есін шығарып жіберсе керек. Ол қамаудан босағанда Қазақстанды зұлмат аштық жайлап, оның соңы елдің әр тұсынан ереуілдеген қарулы көтерілістерге, совет өкіметіне қарсы бас көтерулерге ұласады.
Осыны пайдаланып қалған Голощекин билігі жаппай қуғын-сүргінді бастап жібереді. Өзінен зор азаматтардың түрмеге тоғытылып, Ж. Аймауытов сияқты сол заманның өзінде қазақ әдебиетіндегі асқан талант ретінде мойындалып үлгерген қайраткер жазушының ату жазасына кесілуі Біләлді қатты шошындырады. Қазақстанға келе қалған жағдайда өзін тек өлім ғана күтіп тұрғанын сезген ол Ресейге кетуге мәжбүр болады. Онда да саясатқа араласпай, өндіріс орындарын жағалайды.
Үш баласымен жалғыз қалу Фатимаға оңай түспейді. Екеуара жазысқан хаттарына қарағанда Біләл алыста қалған жарына қарайласып, қаржылай көмек көрсетіп отырған. Әрине, бұл жас келіншекті тұрмыс жағынан демегенімен, алабұртқан көңілін демдей алмаған. Фатиманың Біләлға 1930 жылдың 8 наурызында жазған соңғы хаттарының бірінде басындағы халін құдды бір Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуының» кейіпкерлеріндей: «Күн сайын жүдеудемін. Қанша көңілімді көтеріп, ұмытайын десем де ұмыта алмаймын. Күндіз ештеңе де емес, түнге кірсем бір пәле, түк ұйықтай алмай шығамын», – деп жазады.
Иә, мұның аяғы ажырасумен тынады.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, Ұлттық Ғылым академиясының академигі
Асыл Әби facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/18ckPMgdED/