Дымы жоқ кедей де бес түрлі садақа бере алады!

Бір күні жоқшылықтан жадап-жүдеген бір кедей көпті көрген дана қартты жолықтырып:
— Айтыңызшы, мен неге осындай кедей болып туылдым екен? – деп налиды.
Данышпан оған:
— Себебі, сен адамдарға жомарттық танытпайсың, өте сараңсың, — деп жауап береді.
Бұл жауапқа таң қалған кедей:
— Қолымда беретін ештеңем жоқ, тапқаным өзімнен артылмаса, қалай жомарттық танытамын? – дейді. Сонда қария:
— Негізі сенің адамдарға жақсылық жасауға мүмкіндік беретін 5 қабілетің бар. Сол мүмкіндіктеріңді оятып, жүзеге асырғаныңда бұлай демес едің, — дейді.
Таң қалған кедей оның қандай қабілет екенін сұрайды. Сонда данышпан:
Біріншіден, өзгелерге жымиып қара, күлімдеп жүр. Алла қаласа, осы арқылы да садақа жасап, сауапқа кенелуіңе мүмкіндік бар;
Екіншіден, айналаңа мейірленіп қара. Олар сенің көзіңнен тек жанашырлық пен жақсылық көретін болсын;
Үшіншіден, сен мылқау емессің, сөйлей аласың. Ендеше, адамдардан жақсы сөзіңді аяма;
Төртіншіден, жүрегің тоқтаусыз соғып тұр. Ендеше, бар ықыласыңмен, жан-тәніңмен беріліп тұрып басқаларға жақсылық тіле. Олардың өмірінің берекелі, тұрмыстарының шырайлы болуы үшін дұға жаса;
Бесінші, аяқ-қолың сау. Ендеше, денсаулығыңды пайдаланып, жұртқа пайдалы істерді атқар. Көмектес! — деп кедейге дұрыс бағыт-бағдар берген екен.
Иә, адамды бай қылатын — дүние-мүлкі мен ақшасы емес, қардай аппақ пейілі мен адал, аппақ көңілі!