ДУЛЫҒАЛЫ БАС (Алақандай ақ толғау)

Жақында ұстазым, профессор Тұрсын Жұртбайды көрдім. Пандемия деп шабылған кезеңде карантиннің қатаң талабын қатты ескерген Ағам бетперде таққан, қолында қара түсті жылтыр қолғап.

Үстінде енді ғана тігіліп шыққан, түсі ақ сұр, су жаңа костюм-шалбар, көкшілдеу көйлегінің өңірі ашық, оны көктем күнгі шықтай мөлдіреп, сорғалаған ақ күмістей сақалы жапқан. Ақ күмістей сақалы ақ, сұр, қара аралас мұртымен жалғасып, кей тұсы иіріле түсіп, кей тұсы толқынданып самай шашға ұласпай ма. Бұдан жоғары маринист Айвазовский жаза беретін, жаза беретін ақжал толқындардай алма-кезек айқасқан қалың ну – қайран шаштар ғой.

Сіз дәл таптыңыз: бұл – Бас! Бас болғандай қандай?!

Сол баяғы Найман-күре, кейінгі Шыңғыстаудың құлжасындай, тау басынан аспанға ұмтылған қайсарлық еседі бұл Бастан.

Бұл Бастан қылтиып шыққан әрбір тал шаш ол кешегі құлын күнінен Абай деп өскен, Алаш деп өткен күндердің бодауы!

Еңбек деген – бір есіл ер, есіл ерді ертеден ерттеп мініп, екі өкпесін тепкілеп әбден бейнетке салған, соңынан адам айтып ауыз жия алмас, толғап тауыса алмас ұлан-асыр бір кеңістікке шыққан екен!

Осынау қасиетті мұрат жолында Тоныкөк абыз бабасындай «түнде ұйықтамапты, күндіз отырмапты. Қызыл қанын ағызыпты, қара терін төгіпті». Кім, не үшін?

Көне дүниедегі бабаларымыздан тартып Байбарысқа дейінгі тарихты түгендеп «Дулыға» депті. Сақ-скиф арасынан шығып, эллада елінде өскен Анақарыс жайлы толғағанда мұндай ғажап бабамыз болғанын сонда барып білдім. Сұңқар ұлын алдына алып, соған әңгімелеп берем деп кітапқа айналып кеткен дүниелерді мен кітаптан оқыдым.

Кітап – ескірмейтін қазына. Сондағы бір-бір мызғымас жартастардай, қадау-қадау тұлғалардың қай-қайсысын да әлі ұмытқаным жоқ.

Тарғытайдан Байбарысқа дейін шеру тартқан жетпіс жеті бабам жайлы хикаят мені қатты толқытқан.

Олар өлімнен де сескенбеген ерлер болған ғой! Міз бақпастан, кірпік қақпастан өлім барда қорқыныш жоқ дейді екен сарбаздар. Қайран, арыстар!

Жарықтықтар! Мұны айтқызып тұрған, айтқанын орындатып тұрған Көк Түріктің нар тәуекелі ғой, асқан тәуекелшіл қасиеті емес пе…

Сондай бабалардың рухына тәнті еткізген, мыңжылдықтан бұрынғыны көз алдыма кәдімгі кинодай елестеткен Басқа қалай риза болмасқа!

Дулығалы бас. «Дулыға түрік деген сөз». Түрік халқын тәңірім жебеген заманнан он төрт ғасыр өткенде Кең-Керістің (Сарыарқа) төрінде кеудемді керіп тұрмын мен.

Ай-хой, Ұлы Даланың төсін дүбірлеткен бабалар ұраны құлаққа келеді. Дауылпаз ұрып, сырнай ойнап, жорыққа бастап барады. Ол бір дәурен екен ғой!

Еуразия кеңістігіндегі алып тас кітаптағы өлмес-өшпес жазулар да жүрегімді тулатады! Бұл – менің өз тарихым. Ешкімге бермес, ешқашан бермес әдебиет кітабым. Мерейімді өсіреді! Рухымды асқақтатады! Намысымды қайрайды! Сол кездегі түрік жұртына, оның өр рухына, намысына бас иесің! Бас!

Олар атқарған қыруар еңбектің иненің жасуындай дәнеңесін жасай алмаған бүгінгі күнімді аяймын. Рас!

Мен көрген, білген, таныған Бас тарихты ғана қаузамайды. Сол Бастың ішіндегі жазуда жиі айтылатын «көркем ойлау жүйесінің» мәңгілік қозғалысы бар мұнда. Ұлт психологиясының көзге көрінбес ішкі астары, төгілген көркем тіл, поэтикалық қуат Басты прозаның ауылына да әкелген. Егер мен «Жазушылыққа жетелейтін нәрсе – тағдыр» деп пайымдайтын болсам, онда «Қар астындағы көбелектер» осы сөзіме дәлел.

Бұл Баста уақыт пен кеңістіктің қуатты нәрін жеткізе алатын жалғыз ғана қайнар бар. Ол – ғылым. Адамзат дамуының айқын құбыланамасы да осы ғылым.

Ұлы ойшылдар, ғұлама данышпандар ғылым сөзін сөйлеу арқылы өркениеттің тегершігін алға жылжытқан. Барлық дамудың, гүлдену мен өркендеудің алтын сандығы – ғылым.

Бас – ғалымның басы. Ғылымның ішінде әдебиет теориясын, тарихы мен сынын, текстология, мұқым әдебиеттің көктей өтетін өзек-жұлынын, жүйе-жүлгесін – бәрін-бәрін ой сүзгісінен өткізген. Ұлттық ғылымның мазмұнын байытқан, тың тұжырымдармен жаңа сапаға көтерген.

Бізде бір үзілмейтін болат өзек бар: абайтану-алаштану-әуезовтану-қайымтану. Қайыруға көнбес асаудай қайқая шапқан қара шаш бірінен-бірі ажырағысыз алтын арқаудың жұмбағын ашып, шешімін табамын деп ақшулан түске айналды. Бас ойлаудан бас жазуға дейінгі аралық Абайда «Күйесің жүрек, сүйесің», Алашта «Ұраным – Алаш», Әуезовте «Талқы», Қайымда «Білмей мұны жазған жоқ…» болып төртеуі түгелденіп шықты.

Енді бірде «Отырар кітапханасынан» аяңдай басып, жаңа корпусқа келеді. Жаза-жаза мүйізденген сұқ, ортан саусақтарының арасына қыстырған бір тал темекісін урнаға шертіп түсіріп, аудиторияға енеді. Бас – ұстаз.

Бәрімізге жағалай көз тастап, «ауылнайларың кім?» дейді сосын. Біздің бастығымыз – Ақмейір. Сүйріктей сұлу қызды нұсқаймыз, сабақ басталады.

Әңгіме – тек Абайдан. Сонда бізге Абайды танытқан, ұқтырған Бас!

Сонда бізге «Абайдың үш жұмбағы бар, оның біреуін ғана таптым. Қалғанын қашан, кім табады?» дейтұғын Бас! Тағы рас.

Кезінде сөзін оқыған, суретін көрген Бас, міне, алдымда. Тәңірге мадақ! Мың мадақ!

Заманында Алаш жастары Ақаң – Ахмет Байтұрсынұлын қандай ұстаз тұтса, бүгінгі қазақ жастары да осы Басты сондай құрмет тұтады. Осы сөзім сөз! Сөзіме көп адам куә-дүр.

Е-е, Бастан шығатын азаматтық ұстанымды ұмытып барам. Бұлай кім дей алар. Қасқайған нағыз Ердің сөзі: «Күнің түсіп тұрса да адам баласына жалынба, ешкімнің алдында бүгежектеме, күйбеңдеме, күйкі тірлік үшін біреуден бірдеңе дәметіп тіленшектенбе, мықтыға абыройыңды сатып жағымпазданба, басыңды кесіп алса да, өтірік сыңқитып жіберме, қасқайып тұрып шындықты айт! Өйткені сен текті атаның баласысың!»

Мұндай қуатты сөзге ой-сой-бойымен тұра алатындар ғана осы Басқа жақындай ма деп қалдым.

«Мен өз Отанымның басына әңгір-таяқ орнатуға дайынмын, оны түңілдіруге де дайынмын, тіпті қорлауға да дайынмын, тек алдай көрмесем екен деп жанталасам» деген еркін ойлы, тентек мінез Чаадаевтің сөзі Бастың да сөзіне, өзіне айналып кеткелі қашан!

Алғаш көргенімде қырға қарай қайқайған қарагердей қайратты шаштың арасына ақ кірген, кейбір тұсы бозғылт тартқан Бас, дәл қазір де қарап тұрмын, Алтайдың асқар шыңындай көз қарықтырып аппақ қар басыпты. Уақыт шіркін жүйрік, жиырма жыл өткен, дегеніне жеткен.

Жетпіс! Жетіпсіз! Жетіппіз!

Дулығалы бас – Түріктің басы – Алаштың басы – Қазақтың басы!

Басымыз бар ма?

Біз әдетте Махамбеттің басын, Кенесарының басын көп айтамыз. Мен де айтамын. Қазір бәріміз білетін болдық. Бірақ біз қадір дегенді білеміз бе? осындай Алтын Бастың қадірін білеміз бе? Қиын сұрақ…

Ақбуырыл Басқа қарап, мен басымды шайқадым. Мұндай Бас болу, әй, қайдам…

✍ Заңғар КӘРІМХАН.
15.10.2021.