«Дипломмен — ауылға!»: Қарағанды облысында бағдарламаға қатысушыларға қандай қолдау көрсетіледі

Қарағанды облысында биыл ауылдарға жұмыс істеуге келген 123 жас маман тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несиелерді пайдаланды. Қолдау қаражатын 290 адам алды. Қаржы мүмкіндіктері «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасының жаңа қатысушыларын қолдауға жол ашуда.
Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен Жастар ісі жөніндегі кеңесте айтылды.
— «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы 2009 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Облыс бойынша барлық кезеңде 4 700-ге жуық маман көтерме жәрдемақы, 2 400-ге жуық маман тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алды. Олардың көпшілігі мұғалімдер мен медицина қызметкерлері. Сондай-ақ, мәдениет, спорт, АӨК мамандары, ауыл әкімдіктерінің жас қызметкерлері, — деп хабарлады экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Қазіргі уақытта көтерме жәрдемақы 306 300 теңгені құрайды. Тұрғын үй сатып алуға қарыз бойынша сыйақы минималды – жылдық 0,01%, ал несие сомасы – шамамен 4,6 млн тг.
Кеңес отырысында жастар кәсіпкерлігін қолдау туралы да айтылды. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталықтары жұмысының тиімділігі талқыланды. Облыс бойынша бүгінде осындай 13 орталық бар, олардың жетеуі аудандарда жұмыс істейді.
— Мүмкіндігінше жастар барлық мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері туралы білулері керек. Белсенді түрде хабарлаңыздар және түсіндіріңіздер. Жұмыссыздарға және NEET-жастарға ерекше көңіл бөліңіздер, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Жомарт Шаймұрат