Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев естелігінен

Мен жарыммен 50 жыл 6 ай 2 күн бірге өмір сүрдім. Ондай сүйріктей саусақтарды ешқашан көрген емеспін. Іс тоқитын адам болмаса, қазан-ошақтың басындағы кісінің қолына ұқсамайды. Ал тамағын сүйсініп жемеу мүмкін емес. Мазғұт Бақаев деген студенттік досымның әйелінің аты Зухра еді. Бірде содан хат келді. Онда «Мына хатты Фурманов көшесіндегі 135-үйде тұратын Зухра Шәріпқызының өз қолына табыс ет» делініпті. Мені ол солай алдап түсірді. Бірақ сол қылығына ризалығым шексіз. Үйді тауып, қоңырауды бассам, ар жағынан тал шыбықтай бұратылған, аппақ, мінсіз сұлу қыз шықты. Сасқалақтап қалдым. Іздеп келген Зухрам осы қыз екен. Хатты бердім. Кейін білдім, онда «Хатты алып барған жігітпен таныс» деп жазылған екен. Алдымен Зухраны театрға шақырдым. Әкем «Біздің Димаш адамның қолы жетпейтін бір қызға үйленейін деп жүрген шығар» дейтін. Шынында да, арманымдағы жанға кезіктім. Сол кездері мені Риддерге жұмысқа бекіткенде, Зухраға «Бірге барсақ қайтеді?» деген сөздерді батылым жетіп қалай айтқанымды білмеймін. Келісімін алып, Алматыда тойымызды өткізіп, Риддерге тартып кеттік. Сол кезден бастап – 50 жыл 6 ай 2 күнді бірге өткіздік. Алғаш рет оның қолынан қарынға салынған май жедім. Зухраның екпейтін жемісі болмайтын. Жегеннен артылған жемістерді тұздайтын. Сол әдетінен өле-өлгенше айнымады. Сүйріктей саусақтан осындай әдемі өнер туатын. Қолы қалт етсе кітап оқитын. Қай елге, қай жерге бармайын, кітап дүкеніне кірмей кетпейтінмін. Зухраға сыйлыққа кітап алып баратынмын. Оқығанын әдемілеп әңгімелеп беретін.