Дина Нұрпейісова – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш кәсіби күйші

Күйші, композитор Дина Кенжеқызы 1861 ж Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Үйдегі үш қыздың кішісі болған. Немерелерінің айтуынша, Дина апамыз Төре руынан.
Дина апамыздың аулына 1870 ж Құрманғазы келеді. Сөйтіп 9 жастағы бойжеткен Құрманғазының шәкірті атанады.
Немересі Балжан Нұрпейісованың айтуынша, Дина апамыз 18-19 жастың шамасында Мақат баласы Нұрпейіске тұрмысқа шыққан. Сол жылдары құжат аларда оның фамилиясы Нұрпейісова болып тіркеліп кеткен екен. Нұрпейіс Мақатұлы ерте қайтыс болып, олардан Жамал, Қайрат, Жұрынбай есімді ұрпақ қалған. 1885 жылы жастай жесір қалған Дина апамызды қайын інісі Нұралыға атастырады.
1922 ж Дина Кенжеқызының отбасы Каспий теңізі жағалауына көшіп, Астрахан облысы Марфин ауданы Козлово ауылында тұрақтайды.
1937 ж Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен домбырашы Смағұл Көшекбаев Динаны Алматыға алып кетеді.
Күйші Дина 1939 ж Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ұлттық аспапта орындаушылар байқауында 2000 қатысушы арасынан үздік 9 өнерпаздың бірі болды.
Күйшінің 30-ға жуық күйі бар. Көбі балаларына арналған. Мәселен, «Он алтыншы жыл» («Набор») және «Майдандағы балама», «Ана бұйрығы» күйлері 1916 ж әскер қатарына қабылданған, кейін соғыстан оралмаған ұлы Жұрынбайға арналған. Жалпы он үш құрсақ көтерген.
1944 ж 83 жастағы Дина Кенжеқызы Ташкентте өткен Орта Азия республикалары музыкасының 3-ші онкүндігінде өнер көрсетті. Сол жылы «Қазақ ССР-інің халық әртісі» атағы берілді
Соғыстан кейін Дина апамыз ұлы Жұрынбайдан қалған Ақжан, Балжан және Гүлжан атты немерелерін өз қамқорлығына алды.
1952 ж 91 жасында Дина Нұрпейісова соңғы рет халық алдында өнер көрсетті. Дина апамыз былай деген екен: «Сахнаға шығып бір-екі күй тартқаннан соң-ақ өзімді-өзім ұмытамын. Бусанып тер шығады. Арқам кеңіп, шабытым бәйгеге түскен сәйгүліктің алтын тағалы тұяқтарындай жазылып, құлашым кеңейіп арқаланып кетемін…»
Дина Кенжеқызы 1955 жылдың 31 қаңтарында 94 жасында Алматы қаласында қайтыс болды.
Балжан Нұрпейісова әжесінің соңғы күндері туралы былай дейді: «Ол кісі өле-өлгенше сөзінен жаңылысқан емес. Киелі қара домбыраны бала кезінен серік етіп, құдіретті өнеге тұтқаны соншалық, көз жұмарының алдында бес-он минут бұрын өзінің төсегінің тұсында ілулі тұрған домбырасын алдырып, мәпелей сипап, аялай қағып, Құрманғазының «Қайран шешем» күйін шертті. Әлсіз саусақтары икемге келмей жатса да, күйді көкірегінде жаңғыртып жатып дүниеден озды».
Биыл күйші Динаның туғанына 160 жыл.
Шамғонов, А. (2015), Дина Нұрпейісованың тегі туралы не білеміз? qazaquni.kz
Алаш айнасы (2015). Дина Нұрпейісова туралы 10 дерек. 19 қазан.
Abai TV ( 2021). Беймәлім дерек. Дина Нұрпейісова. Abai TV YouTube парақшасы