ДИМАШ АТАМЫЗДЫҢ ПОРТРЕТІ

(Бір суреттің сыры)
———————————————————————————
Бүгін Тараз шаһарында қазақтың ұлы тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа зәулім ескерткіш қойылыпты. Құтты болсын!
Осы тарихи күнге орай әйгілі саясаткердің мына суретіне байланысты бір оқиғаны сіздермен бөліскім келді.

1998 жыл. КазГУ-дің журналистика факультетінің күндізгі бөлімінде оқи жүріп, қалалық «Алматы ақшамы» газетінде тілші болып еңбек етіп жүрген кезіміз. Бас редактор — Ерғали Сағат ағамыз (марқұмның иман нұры пейіште шалқысын), тамаша адам еді.
Бір күні басшымыз бүкіл ұжымдағы ер-азаматтарды сенбі күні жұмысқа шығып, сенбілік жасауға шақырды. Ол кезде газет редакциясы Гоголь көшесіндегі 47 үйде орналасқан, бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабаты толық редакция еді. Редакцияның алдында шағын бақшасы бар болатын. Тал-теректің түбін қопсытып, қыстан қалған шөп-шаламын тазарттық. Бастығымыз редакцияның жертөлесін тазартып, игілікке жарату туралы басылымның коммерциялық бөлімінің басшысы Ермахан ағамызға жүктеген. Кейбір мекемелер айлық-шайлықты азық-түлікпен өтеп беретін, әлеуметтік қайшылықтар алқымнан алып тұрған кез ғой. Басшы-қосшымыз бар, жертөлеге түстік. Кәкір-шүкір, ағаш-шұғаш, темір-терсекке толы аяқ алып жүргісіз әжептәуір аумақтың шаңы белуардан екен. Жастарымыз бет-ауызымызды орамалмен тұмшалап алып, кірістік дейсіз. Бесінге таман жертөлені тазартып кісі қызығарлық қалыпқа жеткізіп қойдық. Сол бір адам адасатын алашаңның астынан дос-бауыр, әріптесім, бүгінде есімі елге мәшһүр Алмат Исаділ (Almat Isa’dil) төртбұрышты қатырма қағаз көтеріп шықты. Бес батпан шаңын сүртіп қарасақ жан жағының жұлым-жұлымы шыққан келбеті аса бүліне қоймаған Димаш атамыздың портретіекен. Кабинетке әкеліп қойдық та жатаққа кеттік. Жексенбі жуынып-шайынып, дүйсенбі жұмысқа келдік. Редакция тапсырмаларын тап-тұйнақтай етіп болған соң, түс ауа Димекеңнің портретін қолға алдық. Аударып-төңкеріп қарадық. Тазарттық. Сәлден соң Алмат «Жәке, алаңдама, қазір мен мұны реставраторлардан артық безендіріп шығамын» деді. Біраз уақыт бұрын ған редакциямызға күрделі жөндеу жұмыстары жасалған еді, шаруашылық бөлімінен әдемі фанер мен обой алып келді. Жұлым-жұлымы шыққан астарын жұлып алып тастап, фанерге қондырды. Жан-жағын оймақтай етіп ойып шықты да керегеге арналған обойды әдемілеп тіліп, портреттің жақтауын әсемдеп желімдеп еді, даңқты тұлғаның келбеті күлімдеп шыға келді. Сосын «Жәке, сен Димаш атамызды әруағын ұдайы ұлықтап, Кеңсайға басына жиі барып Құран жүресің ғой, мынау менен саған естелік болсын, рухы қолдап жүрсін!» деп маған берді. Сол сәттін бастап мен Димаш атамыздың осы бір портретін бір сәтте жанымнан тастаған емеспін. 2000-жылға дейін «Алматы ақшамындағы» кеңседе ту сыртымда тұрды, бес жылға жуық «Жас алаш» газетіндегі кеңседе қапталымда, «Жас қазақ» газетінде орынбасар болған үш жарым жылда кеңсемізге жарық беріп тұрды. Сол жылдары шаңырағымызға дәл Димекеңнің туған күнінде дүниеге сәби келді, құлағына үш мәрте айқай салып, азан шықырып есімін Дінмұхамед қойдық. Біздің Димаш, иншалла, бүгін он бесте, Құдай көп көрмесін!
Ал Жазушылар одағында қызмет еткен он екі жылдың бедерінде Қонаевтың портреті Одақтағы кеңсемде тұрды. Кейін «Ана тіліне» бас редактор болған екі жыл сегіз айда телерадио ғимаратындағы «Қазақ газеттері» серіктестігіндегі кабинеттің төрін толтырды.
Апта сайын, ай сайын Кеңсайға Димаш атамыздың басына, өзге де дәм еткен әруақтарға арнайы ниет етіп барып, бет сипадық.

Сол ұлт көсемінің бейнесін жертөледегі күресіннен суырып алып, кітаптарымызбен бірге алып жүргенімізге табаны күректей 24 жыл болыпты, ширек ғасыр. Қаншама су ағып, тас қалды… Осы жылдарда ел-халық қаншама соқтықпалы соқпақсыз кезеңдерден өтті. Күнгейді де, теріскейді де көріп келеміз. Нешеме көрнекті ақын-жазушылар, өнер адамдары, саяси тұлғалар өмірден өтті. Баршасының рухы пейіште шалқысын.

Ал, бүгін араға сан жылдар салып Дінмұхамед Қонаевтың ұлт үшін атқарған ұлы істерін ел, қоғам бағалай бастады.
Ұлыларымызды өз мезгілінде ардақтап, тіршілігінде қадіріне жете білейік!

P.S. Айтпақшы, жақында осы портретті Алматы қаласындағы Нұрғиса Тілендиев мұражай-үйінің басшысы, аяулы бауырым Ернас Ысқақ арнайы музейге сұрай келіпті. Расында, ұлы күйшінің музейіне бек жарасса керек, Димекең мен Нұрғиса аталарымыздың тіршілігіндегі қарым-қатынасы кісі қызығарлық болған ғой…

#ДІНМҰХАММЕД_ҚОНАЕВ

Жанарбек Әшімжан