ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Қазақстан Республикасының

Қорғаныс министрі

Р.Ф.Жақсылыковқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Руслан Фатихұлы! 

 

Тәуелсіздіктің басты символы – шекара! Шекара – қасиетті ұғым! Қазақстан барлық тараппен құрлықтағы және теңіздегі шекара сызығын халықаралық шартпен бекітіп алды. Делимитация, демаркация процесі сәтті жүзеге асты. Алайда соңғы кездердегі әлемдік геосаяси кеңістіктегі түрлі құбылыстар кім-кімді де ойландырмай қоймайды.

Осы орайда, мен Үкімет назарын еліміздегі шекара бөлімшелеріне аударғым келеді. Тауяда Алматы облысы Панфилов ауданындағы Шекара басқармасы, Нарынқол-Ұйғыр ауданындағы «Райымбек» шекара заставасы, Кеген ауданындағы «Саты», «Рабат» шекара бөлімшелерін бастан аяқ аралап, сарбаздардың әлеуметтік жағдайларымен мұқият таныстым. Бұларға «Қастек», «Жамбыл», «Қарғалы», «Қаскелең», «Алма арасан» шекара бөлімшелерін қосыңыз.

Шекарашылардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Арнайы мақсаттағы нысандардың дені күйреп тұр. Шекарашылар тұратын ғимараттар күрделі жөндеуді, көгілдір отынмен қамтуды, жарықтандыруды, бейнебақылау мен электр жүйесін жабдықтауды талап етеді. Маңызды нысандарды салу және күрделі жөндеу бойынша Алматы облысы әкімдігімен ортақ келісім бар. Шекара бөлімшелерінің инфрақұрылымын реттеу жөніндегі Жол картасына да енген, бірақ мәселе әлі шешімін таппай отыр. Ал соңғы бес жылда қауіпсіздік саласына бөлінген қаржыда есеп жоқ. Ащы да болса айтайын, «Саты», «Рабат» заставасының шекарашылары 90-жылдардағы ескі монша мен есік-терезесі аңғал-саңғал бала-бақшада тұрып жатыр. Панфилов ауданындағы шекара басқармасы 1892 жылы салынған ғимаратқа орналасқан. Шонжыдағы «Райымбек» заставасының әскерилері тұратын тұрғын-үйлер мен спортзал, кітапхана, мәжіліс залының төбесінен су ағып, қабырғалары сетінеп тұр. Түрлі қару-жарақтар сақталған шекара заставаларының қоршауларын жаяу адам жапырып, атты адам опырып өтеді. Осыдан кейін шекаралық өңірлерге отбасымен барып қызмет етіп жүрген офицерлік құрам мен әскери борышын өтейтіндерге «шекарамызды қас қапай күзетіңдер» деп қалай талап етеміз? Болашақ шекарашыларды қалай ынталандырамыз? Осы орайда, жеделдетіп мына шараларды: Бірінші, мемлекетіміздің құрлықтағы және теңіздегі барлық шекара қызметтерінің материалдық-техникалық базасы мен әлеуметтік нысандарын арнайы Үкіметтік комиссия шығарып тексуреуді; Екінші, мектептерде отансүйгіштікті насихаттайтын бағдарламаларды күшейтуді; Үшінші, шіліңгір шілде мен қақаған қаңтарда тау асып, тас басып жүрген Алматы облысындағы шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жеделдетіп шешуді ұсынамын.

 

Құрметпен, «AMANAT»

партиясы фракциясының мүшесі,

депутат  Ж. Әшімжан