ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ӨСІМ – МЕМЛЕКЕТ ТІРЕГІ

Халық өсімі – әлеуметтік жағдайдың жақсара түскенінің көрінісі. Демография – кез келген мемлекет үшін маңызды мәселе. Өйткені, қай мемлекеттің де дамуына халық саны ықпал етеді. Тарих беттерінен ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов қазақтың саны 6 миллионға жетті деп айтқанын білеміз. Бірақ халықтың басына түскен тарихи зобалаң, аштық, қуғын-сүргін, репрессия, Ұлы Отан соғысы секілді оқиғалар қазақтың демографиялық өсімін тежеп, 6 миллион халықтың санын 1,5 миллионға дейін азайтып жіберді. Шүкір ХХІ ғасырда 20 миллионға жеттік. Қуанышты жаңалықты алғашқы болып Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бөлісті. Бағалай білсек, бұл ел ретіндегі ең үлкен жетістігіміздің бірі. Осыны саралап, талдау жасап көріп едік.
Кейінгі жылдары елімізде демографиялық жағдай қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысы да жыл сайынғы Жолдауының бір тармағын демографиялық ахуалға арнайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2021 жылы бала туу деңгейі жоғары болып, 44 мың бала дүниеге келді. Табиғи өсімнің артуы, оның ішінде нәресте өлімінің азаюы қамтамасыз етілді. 1991 жылы 1000 тұрғынға шаққанда өлім-жітім 8,2 болса, 2022 жылы 6,8 адамға төмендеген екен. Яғни, «Балалы үй базар» дейтін отбасылардың саны артуда. Біздің ауданда да халық өсімі бар. Аудан халқы 28458 адамға жетті. 2023 жылы 530 бала өмірге келіпті. Әлбетте, «Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді» демекші, мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар жүзеге асып, жүйелі жұмыс жүріп отырса, елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына дем бере алатынын байқатады.
Дей тұрғанмен, елдегі сарапшылар ұлан байтақ қазақ жерінің игілігін толық пайдалану үшін халық саны ең кем дегенде 30 миллион болуы керек екенін алға тартса, халықаралық ұйым 2050 жылы қазақстандықтардың саны 25 миллионға, 2100 жылы 30 миллионға жетеді деген болжам айтуда.
Қазақстан жер көлемі бойынша 9-орын алса, халық саны жағынан 62- орында. Жері кең, халқы аз. Өзбекстанның демографиялық көрсеткішін салыстыра сараласақ, 1989 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша Қазақстанда 16 миллион 536 мың адам болса, Өзбекстанның халық саны 19 миллион 810 мың адамды құрады. Өзбекстанда әр 5 жыл сайын 2 миллион адамнан қосылып отырады екен. Мәселен, 2000 жылы 24 миллион 591 мың, 2005 жылы 26 миллион 254 мың, 2010 жылы 28 миллион 292 мың, 2015 жылы 30 миллион 680 мың, 2020 жылы 33 миллион 226 мың адамға жетіпті. Қазақстанда 2000 жылы 14 миллион 900 мың, 2005 жылы 15 миллион 75 мың, 2010 жылы 16 миллион 204 мың, 2015 жылы 17 миллион 417 мың, 2020 жылы 18 миллион 632 мың адамға жеткен. Статистикалық мәліметтерден 30 жылда Өзбекстан халқына 14 миллион адам қосылса, Қазақстанда 2 миллион адамға ғана көбейгеніне көз жеткізуге болады. Бәлкім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ұлттық қор – балаларға» жобасын әзірлеуінің де басты себебі осында болса керек.
Дүниежүзіндегі жалпы халықтың 18,3 пайызы Қытайда өмір сүреді. Кезінде Қытай компартиясының лидері Мао Цзэдун «Басты байлық – адам» деп санап, «неғұрлым көп жұмысшы болса, соғұрлым өндіріс те, қор да өседі» деген пікірді ұстанды. Бұл қағидадан ресми Пекин де бас тартпай, 2021 жылы әр отбасына үш балаға дейін рұқсат беретін жаңа демографиялық бағдарламаны жариялады. Неге десеңіз, еңбекке жарамды адамдар санын арттыру үшін керек. Өйткені, еңбек құнының арзан болуы, тауардың өзіндік құнын арзандатып, тауарға сұраныс артады. Бұл өз кезегінде кіріс көзіне әсер етеді. Әлемнің алпауыт компаниялары Қытайға қызығушылығының жоғары болуының бір себебі – осы. Ал әлем халқының 17,7 пайызы Үндістанға тиесілі. Түбекте орналасқан мемлекет өркендеудің өзіндік жолын тапты. Қазір Қытаймен де, Үндістанмен де әлем елдері санасады. АҚШ, Жапония, Германия, Түркия, Индонезия, Бразилия, Вьетнам және Иран сынды елдерде 80 миллионнан артық адам қоныстаныпты. Әлбетте, халық саны көп болса, ашық бәсеке орын алады. Бәсеке болған жерде сапаның да артатыны айтпаса да түсінікті.
Қазақ халқы «өс,өн, көбей» деген тілекті көп айтады. «Әлхамдулилла, алпыс миллион қазақпыз!» дейтін күнге тезірек жетейік.
Қуаныш КӨБЕНҒАРАЕВ,
«Мойынқұм таңы».