Демеушілер ауруханаға оттегі концентраторларын сыйға тартты

Т.Рысқұлов аудандық орталық аурухананың медициналық құрал-жабдықтар қатары 10 дана оттегі концентраторларына артты.

Елді сарсаңға салған дерттің уақытында бұл құрылғылар ақ халатты абзал жандар мен ауыл тұрғындары үшін зор көмек болмақ.

«Golden Compass Jambyl» ЖШС директоры К.З.Изалов бастаған ұжым атынан демеушілік көмегімен сыйланған оттегі концентраторлары бүгінгі коронавирус пандемиясының өршіген жағдайында жұқпалы стационардағы емделуші пациенттерге өте қажет, өмірлерін сақтап қалуда маңызы зор.

«Golden Compass Jambyl» ЖШС былтырғы жылы да құны 12 млн теңге болатын жасанды дем алу аппаратын сыйлаған болатын. Аталған ұйым ауруханаға тұрақты түрде демеушілік көмек көрсетеді. Пандемия кезінде игілікті іс жасап, көмек қолын созған мұндай жомарттыққа аурухана ұжымының да, аудан тұрғындарының да алғысы шексіз!