Дәстүрлі кітапханалық конвент ұйымдастырылды

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Т.Рысқұлов ауданында «Кітапхана және өңірдің мәдени кеңістігі» тақырыбында кітапханалық конвент өткізілді. Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен іс-шараға 100-ге жуық кітапханашы қатысты.

Жиынға Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова модераторлық етті. Кітапханалық конвентті Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейітжапаров құттықтау сөзімен ашты.

Іс-шараның құрметті қонағы, Қазақстан Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова «Өлкетану – кітанхана қызметінің мағыналық негізі» тақырыбында баяндама жасап, бүгінгі кітапхана келбетіне тоқталды. Сондай-ақ, бірқатар кітапхана мамандарын «Құрмет» грамотасымен, «Кітапхана ісінің үздігі», «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгілерімен және алғыс хатпен марапаттады.

Жиын барысы Тараз қаласының және Жамбыл, Талас, Жуалы аудандарының кітапхана басшылығы жасаған мазмұнды баяндамаға ұласты. Өңірдегі кітапханалардың жұмыс жүйесі, ауқымды жобалар легі таныстырылған соң, Алматы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының жетекші қызметкері Аян Жолдасов «Кітапханада RFID жүйесі: бүгін және болашаққа жаңа қадам» тақырыбында ой қозғап, пікір білдірді. Ал Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы Ғалия Абылай «SMM және кітапханашы» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті.

Тұрар Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Тұрар – Түркі жұртына ортақ тұлға» memory watch іс-шарасын конвент қатысушылары мен қонақтар назарына ұсынды.

Сонымен қатар Жамбыл облысының 85 жылдығына орай облыс кітапханалары арасында ұйымдастырылған «Туы биік, тұғыры берік – Жамбыл елі» өлкетану оқуларын қорытындылап, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.

Нәтижесінде Т.Рысқұлов аудандық кітапхана жүйесі байқаудың бас жүлдесін иеленді.

Əлия ИСКАКОВА,

аудандық кітапхананың кітапханашысы