ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВТЫҢ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУЫ – БИЛІКТІ ҚОРҒАУЫ!

Дариға Назарбаеваның сенат спикерлігінен кетуі – қоғамға біраз серпін бергені байқалады. Баяғыдай можонтопай халық жоқ қой қазір. Ойдан – қырдан құйылған ақпараттар ағыны көпшіліктің көзін ашқанның үстіне ашып жатыр. Биліктің қалтарыс – бұлтарысына дейін жіті назарда жүр. Жаңалықтың бәріне қол жетімді. Судағы балықтай сусып көңілге қонбайтын саясаттың өзін «ауға түскен балықтай» тыпырлатып ұстап алып жатқандар көп.

Күні кеше «Дариға, Дариға жан, Дариға спикер» қызметінен кеткенде әлеуметтік желіде ата кегі кеткендей «кіжінгендер» мен қимасынан айырылғандай «күрсінгендерді» де көзіміз көрді. Бұл нені көрсетеді? Бұл қазақ қоғамына түпкілікті бір жаңарудың уақыты жеткеніне сигнал

 

 

Тұра берсе суда сасиды. Біздің билікте де қолқаны қабатын запырын иіс бар. Оны желпіп, тазартып отырмаса тағы болмайды.

Табиғаттың өзі көктемде жасарып, жазда тазарып, күзде жаңарып, қыста ағарып жататыны бізге, адамдарға сабақ болса игі!
Дариға Сенатта жүргенде өліп- өшіп тамсанатындардың кейбірі оны ақ батамен «шығарып салуға да» жарамағандай көрінді. Өлі тыныштық соның айғағы!
Әй, қу дүние – ай! Осындайда ғаламат әнші Жәнібек Кәрменовтың:

 

… Өзіңді біреу мақтаса, желігіп, оған тасыма.
Бетіңе айтар адал дос, жау деп одан жасыма.
Бәрін де кейін көрерсің, іс түскенде басыңа.
Күн үшін жүрген қулардың бірі де қалмас қасыңда…. дегені ойға оралады.

Бізде бір жаман әдет бар. Жалпы қазаққа ортақ десем, артық сілтеп кетермін, бірақ көбімізге тән. Әсіресе зиялы саналатын қауым арасында жиі байқалатын үрдіс.
Мысалы билік басында жүрген біреу күрт көтеріліп кетіп жатса жапатармағай құттықтау басталады. Оның бұған дейін жасаған жұмысы мен жеткен биігі туралы бір ауыз сөз жоқ. Не істеді, не тындырды, оған да жүгініп жатпайды. Үргінге – сүргін қосып, әй, бір оданың астына алады.

Бұл не әдет? Анығында елге қызмет — жауапты міндет арқалау ғой. Олай болса мансап дегенің қуана жайғасатын орындық емес, қинала көтеретін жүк болып шықпай ма?.
Демек біздің қарқынды құттықтау үрдісіміз мансаптының елге қылар қызметінен гөрі, өзі көрер қызығы басым екенін өзінен өзі айғақтап тұр емес пе?.

 

Саясатқа қазақтың көзімен қарайтын кезең келді

Оған кеше тағы да куә болдық. Үш бірдей билік сатысына көтеріліп келе жатқан жастарға желік бітірдік. Қанат байладық. Тап бір үшеуі бәрін жапырып тастағандай шуладық – ай келіп. Иә, еңбектері еленіп жатыр оның белгісі билік сатысына көтеріліп жатыр. Бұған қалай жетті? Қандай еңбектері еленді?
Бұған дейін ел есінде қалған мазмұн мəселесі жайлы бір ауыз сөз болсашы құттықтауларда… Қызды — қыздымен Оңтүстіктегі су апатында есімізден шығарып алдық тіпті.

Иә, жаңа кадрлық ауыс-түйіс, жаңашылдыққа құмар жұрттың бәрінің бірдей көңілінен шықты деуге болмас. Алайда сығырайған үміттің шоғын үрлегенін жасырмаймыз.

 

Енді жаңа тағайындауларға көз жүгіртіп көрелік:

 Маулен Ашимбаев ҚР Парламентінің Сенат Спикері болып сайланды

 

 

 

Дәурен Абаев ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды

 

 

 

Aида Балаева ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі

 

Учитель литературы, трое детей. Что известно о новом министре ...

 

Үшеуі де халықтың көз алдында жүрген, түрлі салада бақтарын сынаған білікті жастар. Бұған дейінгі қызметтері де айқын.

Бірден айтайын, Мәулен Әшімбаев бастаған жаңа толқынның Дәурен Абаев және Аида Балаевамен толығуы жұрттың «енді не болар екен?» деген күмән, күдігін біршама сейілтті. Ең бастысы, үшеуі де қазақша жақсы сөйлейді, ысылған, танылған әрі дер кездегі жастағы тұлғалар. Бұрын «ішіп қойды», «жеп қойды» деген жаманаты шықпаған, қайда барса да абыроймен іс атқарған жастардың лауазымды қызметке келгеніне қарапайым адамдар шынымен қуанып-ақ жатыр.

Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың іскер әрі қолы, ары былғанбаған жастарды жауапты қызметке тартып, лайықты азаматтарға арқа сүйегені жұрт көңілінен шыққаны анық.
Ендігі мәселе маңайларына мемлекетшіл азаматтарды топтастырып, ұлт мүддесі, тілі мен болашағы үшін жан аямай қызмет етсе деген тілек қана.

Қазақ елі үшін атқаратын қызметтеріне адал, ұлттық мүддеге берік болса шіркін!.
Ең қуанарлығы, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бізге басшылардың жаңа буынын тәрбиелеу керек» деген сөзі іс жүзінде іске аса бастады. Өте игі бастама!

Енді тағайындауларды таразылып көрелік. Мәулен Әшімбаев мырзы «Нұр Отанды» көрген, Президент әкімшілігінде өнген жігіт. Бір әттеген-айы, бұйығылау секілді. Бұл жарамайды… Екі көзі от шашып, қыран бүркіттей айбарланып кетуі керек. «Азулы ерлерге жарымадық-ау… «Жуастан жуан шықсын» деп тілеу ғана қалды деп жатқандарға ерегескенде….
Әкесі Сағат Әшімбаев ел мүддесі жолында «өртеніп кеткен» қайраткер еді!

Сағат үшін халықтың, туған елінің мүддесінен жоғары ештеңе болмайтын. Иісі қазақтың жел жағына шығып, ауырына арқасын төсеп, елдің намысы мен арының жолында жүрді. Өз ұлтының бақытты ғұмыры үшін жанталасып жүріп жанып кеткен жан деп айта алам… Ендеше, алтынның сынығы да — алтын екенін естен шығармай, баласы Мәуленге шын көңілден тілеулестігімді білдірем!

 

Құштар көңіл жазбалары. Сыншы Сағат Әшімбаев күнделіктерінен туған ой

 

«Арғымақты ұстау үшін айрыт белден шөп керек, ақылдыны ұстау үшін ақыл қосар көп керек» деген, жанына жақсылар жиналып, ұлты үшін игі істер атқаруды Алла тағала нәсіп етсін оған!
«Құдіретті нәрсе бар. Одан айырылсақ жерден, елден айырыламыз. Ол-тіл!» деген жалынды сөзі қазақ даласын әлі кезіп жүр Сағат марқұмның. Бұл әке арманы — баласына аманат!

Осы күнге дейін езгіде болған, аяққа тапталған қазақ тілінің мәртебесін көтеруге де үлкен мүмкіндік туып тұр Мәуленге. Сенім үдесінен шықса халықтың алғысына бөленер, сенімді ақтай алмаса …
Иә, «Әкесі жақсы адам еді, атасы жақсы адам еді» деп тамсана берсек, Абылайханның да ұрпақтары жүр ортамызда… Сондықтан «жаманнан жақсы туар адам айтса нанғысыз, Жақсыдан жаман туар бір аяқ асқа алғысыз» деген бабалар даналығында естен шығармауға шақырамыз.

ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалған Дәурен Абаевқа да халық үлкен үміт артып отыр. Өйткені ол Ақорданың тыныс –тіршілігімен етене таныс шенеуніктердің бірі. Әбден ысылған азамат. Министрі кезінде – ақ талай сынақтармен бетпе — бет келіп отырды. Хабар эфиріне апта сайын шығып, елбасына қарата айтылған сындарға да, айыптауларға да жауап беріп отырды. Бұл үрдіс алдағы уақытта оппозиция серкелерімен диологқа жол ашса, елдегі демократияның жарқын көрінісіне айналар еді..

Бір әттеген-айы, өзі ана тіліне жетік болса да қазақ тілінің басымдығын артыруға босаң болды. Бұл келешекте Дәурен ескерер маңызды мәселе! Өйткені саясатқа қазақтың да көзімен қарайтын кезең келіп жетті әлдеқашан.
Иә, Абаев мырза ақпарат саласы бойынша БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізуге күш салды. Ол заңның алдағы ғұмырының қаншалықты өміршең болатынына уақыт төреші.
Айтпақшы Абаев қоғамдық даму саласы бойынша бейбіт митингілер туралы заңды да өзгертті. Ол заң біреуге ұнады, біреуге ұнамады… Бұл да сабақ болуы керек оған…
Сондықтан жаңа белеске көтерілген Дәуренге ұлттық мүдде жолындағы күресте жалаң қылыш саясатпен ғана емес, рух көтерер бастамалармен де танылар кезең туды…

Аида Балаева Дәурен Абаевтың орнына Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды. Осылайша ол Қазақстанда ақпарат саласын басқарған алғашқы әйел болып отыр. Бұл да тарихи сәт түсінгенге.
Президент көмекшісі болып жүргенде Аида ханым «Гүлшара Әбдіхалықованың Қызылорда облысының әкімі боп тағайындалғаны еліміз үшін тарихи оқиға болды. Тұңғыш рет әйел адам аймақ тізгінін қолына алды. Меніңше бұл меритократияға қарай жасалған басты қадам, жынысына, әлеуметтік жағдайына қарамастын лайықты адамдар билікке келеді. Әйел облысқа басшы бола алмайды деген стереотип енді жоқ» дегені есте. Енді осы сөзді өзіне қарата айтқым келеді.
Балаева ханымның да билік дәлізінде жүріп өткен жолы жарқын қарап отырсам. Алматы, Астана қалаларының Ішкі саясат департаменттерін басқарды. 2010-2014 жылдары Астана әкімі орынбасары болып Асқар Маминның, Иманғали Тасмағамбетовтің, Әділбек Жақсыбековтің қоластында қызмет атқарды. 2014 жылдың соңында Президент Әкімшілігінің ішкі саясат басқармасының жетекшісі болады. 2019 жылы Президент Тоқаев Балаеваны өзінің көмекшісі және Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің жетекшісі етіп тағайындайды. Ол басқарған жаңа мекеме Президенттің атына келген барлық арыз-шағымдарды, өтініштерді, құттықтауларды, тағы басқа хаттарды тікелей қараумен және азаматтарды қабылдаумен айналысты. Абыройлы қызмет жасады. Өсіп-өркендеуге лайық тұлға!

Әлеуметтік желідегі белсенділігіне қарап, қарапайым халықпен етене болуға талпынысы қуантады. Әйтседе, әлеуметтік желі қолданушылар Балаева ханымның орыс тіліне «құштарлығы» жөнінде жиі — жиі сөз ететінін айтпай кету арға сын! «Халық айтса қалып айтпайды» ғой ешқашан. Бұл да қазақ тілінің мәртебесін көтеремін деген жасқа, халықтан қолдау табамын деген басқа – сабақ болар ескерту. Әйтпесе ана тілінің «жілігін шағып майын ішетін» қазақ қызының, өзінің теңіздей толқыған қазақ тілі тұрғанда, өзгенің «қаңсығына таңсық» болуы көзге де қораш көрініп тұрады. Мұны де ескеріп жүргені дұрыс!
Уәдеге беріктік те, сертке адалдық та басшылық қызметте жүрген адамға бойтұмардай қастерлі болуы керек. Иә, мемлекеттік қызметтің қым – қуыт жұмысы да, сіңбіруге мұрша бермейтін қиындығы да көп. Соның бәрін жеңе отырып, алдына келген әр адамның талабы мен тілегіне көңіл аудару да басшыға керек қасиеттің бірі. Өйткені халық таразы! Таразы да артық-кем түспеу – ұлы міндет! Бұл менің Аида қызыма аналық ақылым!

Өз басым, «қыздың жолы жіңішке» болғандықтан, Аида Балаева секілді министрдің қазақ деген қалың елінің қайғысы мен қуанышын, жетістігі мен кемістігін, табысы мен намысын ақтайды деген сенімдемін. Оған тәжірибесі де, білім деңгейі де әбден лайық!

 

ТҮЙІН: Дандайсудан, тәкаппарлықтан аулақ бол!

Президент Тоқаевтың жастарға сенім артуды қолға алуы құптарлық дүние. Ел арасында жүргендіктен, халықтың риза – пейіліне де куәміз. Мағжан атамыздың «Мен жастарға сенемін» деуінде де үлкен мән жатыр. Жастар қай дәуірде де, қоғамды алға тартатын локоматив. Олар өздеріне дейінге қателікерден сабақ алады, жаманнан жеркенеді, жақсылыққа желкен кереді.
Бүгінгі жастардың көбінің көзі ашық, бюрократтықтан ада, еркін ойлы. Қоғамды жайлаған ұрлық – қарлықтан, парақорлықтан таза!

Ендеше Мәулен Әшімбаев бастаған мемлекетшіл жаңа толқын өкілдерінің маңызды лауазымдарға тағайындалуы қоғамның билікке сенімін арттыру, мемлекеттігімізді нығайту, жемқорлықты ауыздықтау, ел байлығы мен халық еңбегін ұлт дамуына жарату ісіне соны серпін беру деп түсінемін. Жаңа лауазым иелеріне ұлтқа абыройлы қызмет етуді нәсіп етсін! Дандайсудан, тәкәппарланудан аулақ болсын дегім келеді….

 

Сәуле Мешітбайқызы