Даңқты қаламгердің шығармашылығына арналды

Орал қалалық кітапханасының №6 филиалында қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына орай «Дара тұлға, дүлдүл Жұбан» атты танымдық іс-шара өтті.

Орал қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш іс-шараға басқармаға қызметке қабылданған жас мамандар мен кадр саясаты бөлімінің бастығы, полиция капитаны Шыңғыс Жүсіпов қатысқан. Танымдық іс-шараның шымылдығын ашқан кітапхана меңгерушісі Баян Жолтаева ақын Жұбан Молдағалиевтің поэзия төрінен алатын орыны туралы әңгіме өрбітіп, қазақ өлеңімен бірге көпұлтты кеңес поэзиясын ілгері дамытқан айтулы тұлға екенін айтты. Көркем сөз шеберінің поэмасынан үзінділер оқыды. Одан әрі мерейтой иесінің мемлекеттік марапаттарына тоқталып, «Мен қазақпын» атауымен жасақталған кітаптар көрмесімен жас мамандарды таныстырды. Заманауи құралдармен, техникамен жабдықталған кітапхананың тыныс-тіршілігімен таныстырып, кітап қоры мен мерзімді басылымдар жөнінде біраз мәліметтер берді. Жас мамандардың сұрақтарына да тұшымды жауаптар қайтарылды.

«Бұндай игі іс-шаралар қызметкерлердің бойында адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, ішкі істер саласында идеологиялық және тәрбие жұмыстарының жүзеге асырылуына септігі зор болмақ» дейді полиция басқармасының баспасөз қызметкері Гүламан Исмағұлова.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы