Дамудың жаңа мүмкіндіктері

Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Әсіресе, Президентіміздің жастар саясатына, білім беру жүйесі мен ғылыми әлеуетті арттыру мәселесіне қатысты айтқан сөздері мен берген тапсырмалары кезек күттірмейді. Біздің мақсат – ел Президентінің болашаққа қойған жоспарларына қолдау білдіріп, өзімізге артылған міндетті жауапкершілікпен атқару.

Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Яғни, білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Сондықтан ұстаздар қауымы айтылған мәселелер төңірегінде ой түйіп, нәтижелі  жұмыстануда.

Ел Президенті ұстаздарды қолдаумен қатар халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін тапсырды. Оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар ұсынылып, бір реттік ақшалай сыйақы төленбек. Қаламызда түрлі деңгейдегі олимпиадаларда, білім бәсекелерінде топ жарып жүрген мақтан етер шәкірттеріміз жетерлік. Осындай білімді оқушыларға сыйақы тағайындалатыны, оқу гранттарының бөлінетіндігі жас буынның білім, ғылым жолындағы ізденісін, құлшынысын, қызығушылығын арттыра түсеріне сенімдіміз.

Президент орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығына тоқталды. Бұл жыл санап оқушылар контингенті көбеюіне байланысты орын алып отыр. Бүгінде оралдық мектептерде 55 419 оқушы білім алуда. Бұл өткен оқу жылындағы оқушылар санынан 2811 балаға көп.  Қаламыздағы 51  мектептің  екеуінде оқыту процесі – үш ауысымда. «Меловые горки» елдімекеніндегі №18 мектептің жаңа ғимаратының құрылысын жүзеге асыру арқылы үш ауысымды оқыту мәселесін шешу көзделіп отыр. Ал №30 орта мектептегі үш ауысымды оқыту осы ауданда №52 орта мектептің салынуымен шешілмек. Бұл білім ұясының құрылысы жеке инвесторлар есебінен жүргізіледі  деп күтілуде. Қаламызда жаңа мектеп ғимараттары бой көтеріп, апатты жағдайдағы білім ұйымдарын жою, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Мемлекет басшысы мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тарту қажеттігін жеткізген болатын. Жыл сайын Оралда жеке инвесторлар есебінен білім беру нысандары пайдалануға берілуде. Өткен оқу жылында «125 High school» білім беру орталығы ашылса, биыл республикалық «Fizmat academy» физика-математика мектебі өз жұмысын бастады. Бұл жұмыстар жалғасын табады деген үміттеміз және бірлесе жұмыс жасауға дайынбыз.

Жолдауда аталып өткен ақпараттық жүйенің сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарға да қала мектептерінде басымдық берілетін болады. Өткен оқу жылында қалалық  білім беру ұйымы екі кезеңнен тұратын «Үздік цифрлы сабақ» жобасын іске асырды. Оған қаланың 667 мұғалімі қатысып, 218-і жеңімпаздар қатарынан табылды. Қазіргі таңда ұстаздардың  ақпараттық құзыреттілік шеберліктері арта түсті деуге толық негіз бар. Дәл осы бағыттағы жұмысымыз өз жалғасын табады.

Президентіміз материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтыруды ұсынып, мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізу қажеттігін тапсырды. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс» деген ойы да – өзекті. Білім мен рухани жаңғыруға байланысты осыған дейінгі ізденістерімізді Мемлекет басшысы нұсқаған дамудың жаңа мүмкіндіктері сапаландыра түседі деп санаймыз.

Ақжарқын ТЕМІРХАНОВА,

Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы