Даланың дара ділмəрлары

Бөлтірік шешен бір жазда Тезек төреге барады. Бөлтіріктің шешен, ділмәр әрі батыр екенін сырттан есітіп жүрген Тезек оны бар ықыласымен сыйлап, әңгіме жырын тыңдайды. Бір жағынан әрқилы сөзге салып сынайды. Дәм, тағамды тартына алып отырған Бөлтірікке Тезек төре:
— Алып отырыңыз, Бөлтеке, қазы- қартаға мәнісіңіз жоқ қой- депті.
Сонда Бөлтірік:
— Төрем, сіздің үйдің қай дәмін қарасам да бәрінен елдің көз жасының соры шығады. Мұндай ас бізге жақпайды- депті.
Тезек төре әңгімені басқа жаққа бұрмақ болып:
— Бөлтеке, Ысты елі қанша түтінді болады?- десе, ол кідірместен:
— Алты аталы алты мың ауыл Ысты, ат төбеліндей алпыс үйлі төреден аз емес шығар- депті. Тезек төре үндемей отырыпты да тағы бірде:
— Бөлтірігім, анау кермеде тұрған атымды сынап көрші?- дейді. Бөлтірік барып, атты ары- бері қарайды да:
— Бұл ат өз жылқыңыздың тұқымынан емес қой. Қайдан келген жануар өзі? Жаманбай- Таздар ауылының жылқылары ылғи осындай құлан мойын, қара көк болушы еді- деп қояды. Бөлтіріктің мұнысы ана бір жылы Тезек төренің сол елден бір үйір жылқы айдатып алғанын еске салу болатын. Шыдамы таусылған төре:
— Оны қозғамаңыз, ол әлдеқашан бітісіп, сіңісіп кеткен жылқы- деп сипақтапты.
Тезек төре тағы да:
— Енді анау босағада жатқан тазыма не айтасыз? — дейді. Бөлтірік:
— Тазыңыз құмайы, жүйрік- ақ екен, дегенмен бір жаман әдеті бар екен. Ит иесіне тартады деген емес пе, әр үйден ет ұрлап жей ме қалай, көзқарасы соны айтып тұр дегенде, уәжден ұтыла берген Тезек:
— Апыр- ай, басымның ауырып тұрғаны- деп сылтауратады. Сонда Бөлтірік :
— Алла сақтай гөр, төре баласы мен түйе ботасы басы қисайса мал болмаушы еді- дегенде, Тезек төре Бөлтіріктің төтеннен сөз тапқырлығына тәнті болып:
— Шіркін — ай, қазақтан сендей уәж тапқыш шешен туа береді екен- ау !- депті.