ДАЛА ТӨСІН ДҮБІРГЕ БӨЛЕГЕН ТОЙ: Талас ауданында «Қымызмұрындық – 2022» этно-фестивалі өтті

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың ұлттық және рухани құндылықтарын қайта жаңғыртып, жаңаша сипат алуына, кең көлемде дәріптелуіне едәуір оң ықпалын тигізді. Өшкеніміз жанып, өткеніміз санамызда сәулеленді. Бір ғана мысал, ұлттық руханиятымызбен астасып жатқан, бірақ кейінгі уақытта алтын арқауы үзілуге шақ қалған қымызмұрындық дәстүрінің тамырына қайта қан жүгіріп, серпіліс сезіле бастады. Бірнеше жылдан бері облысымыздың әр ауданында «Қымызмұрындық» фестивалі дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, ата дәстүрімен қайта қауышқандай болдық. ДАЛА ТӨСІН ДҮБІРГЕ БӨЛЕГЕН ТОЙ: Талас ауданында «Қымызмұрындық – 2022» этно-фестивалі өтті

Жылдағы дәстүрмен мәні бөлек, маңызы жоғары фестиваль биыл Талас ауданында ұйымдастырылды. Құндылықтарымыз төрге озып, салт-дәстүріміз кеңінен насихатталған игі шараға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбаева  және барлық ауданнан келген ардагерлер, зиялы қауым өкілдері фестиваль төрінен табылды.

«Жұрындысай» балалар сауықтыру лагерінде өткен «Қымызмұрындық – 2022» этно-фестивалінің құрметті қонақтары алдымен бал татыған қымыздан дәм татып, қолөнер шеберлерінің көрмесімен танысты. Қымыз әзірлеушілер қымызды баптау барысындағы тәжірибелерімен бөлісіп, игі дәстүріміздің көкжиегінің кеңейе беруіне тілектестігін білдірді. Ұлттық нақышта безендірілген ақшаңқан киіз үйлерде мол дастарқан жайылып, көпшілікке ұлттық тағамдар: құрт, бауырсақ, ірімшік, шұбат пен қымыз ұсынылды.

Фестивальдің ашылу салтанатында Сәуле Мешітбайқызы шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдіріп, аналық ақ батасын берді.

Мұнан кейін игі шара концерттік бағдарламасына ұласты. Өнер қонған өлкенің өнерпаздары әуелете ән салып, күмбірлете күй төгіп, мың бұрала билеп көпшілікке есте қалар ерекше көңіл күй сыйлады. ДАЛА ТӨСІН ДҮБІРГЕ БӨЛЕГЕН ТОЙ: Талас ауданында «Қымызмұрындық – 2022» этно-фестивалі өтті

Осылайша Таласта өткен фестиваль дала төсін дүбірге бөледі. Бұл той қасиетті өлкенің мерейін аспандатты.

«AR-AI»-ақпарат