БҚО-ға коронавирус жұқпасына қарсы вакцинаның алғашқы легі келді

Жұқпалы індетке қарсы екпенің өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков мәлімдеді.

– Облысқа Ресейде өндірілген Gam-COVID-Вaк вакцинасының 1000 доза алғашқы легі жеткізілді. Бүгін азаматтар вакцинацияны кезең-кезеңмен енгізу жоспарына сәйкес облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жасаған алғашқы екпелерді алуды бастады, – деген Арман Талғатұлы ел азаматтарының вакцинация алуы ерікті екенін атап өтті. Яғни, ҚР-ның «Адамдардың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық процедура, оның ішінде вакцинация егілетін адамның келісімімен ғана жүзеге асырылады. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік жоқ, кез келген қудалау заңсыз деп танылады.

 

 

Бүгін, яғни 2021 жылдың 1 ақпанынан басталған КВИ-ға қарсы вакцинацияның бірінші кезеңінде жұқпалы аурулар ауруханаларының, шұғыл және алғашқы медициналық көмектің, жансақтау және жедел жәрдем бөлімдерінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері қамтылады. Ал 1 наурыздан басталатын екінші кезеңде орта мектептер, жоғары оқу орындарының мұғалімдері, алғашқы кезеңге енбеген медицина қызметкерлері қамтылады. Үшінші кезең мектеп-интернаттардың, балабақшалардың мұғалімдерін, оқушылар мен созылмалы аурулары бар тұлғаларды қамтиды. Болашақта халықтың қосымша осал топтары: төтенше жағдайлар, ішкі істер, қорғаныс министрліктерінің, ұлттық қауіпсіздік комитетінің, мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері есебінен контингентті кеңейту жоспарланған. Халықтың осал топтарына коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін ұсынылады.

Қазақстанда биылғы 1 ақпаннан бастап жұқпалы індетке қарсы вакцинация ретінде Ресейде шығарылатын Gam-COVID-Вaк вакцинасы («Sputnik V») қолданылады. 15 ақпаннан Қарағанды ​​фармацевтикалық кешенінде шығарылған Gam-COVID-Вaк вакцинасы қолданысқа енгізіледі. Ал 2021 жылдың ІІ тоқсанынан бастап отандық QazCovid-In препаратын вакцинация процесіне қосу жоспарлануда, ол қазір клиникалық зерттеулердің 3-кезеңінде.

– Батыс Қазақстан облысы бойынша вакцина салу емханаларда 26 вакцинация пунктінде жүргізіледі. Екпе салуды арнайы курстан өткен және нұсқаулық алған мамандар жүргізеді. Емханаларда респираторлық инфекциялардан қорғау шаралары қарастырылған. Медицина қызметкері кез келген вакцинациядан бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Адам вакцинация алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде дәрігердің бақылауында болады. Екпе алғандарға жадынамалар мен ақпараттық материалдар беріледі. Содан кейінгі үш күнде олар тіркелген жері бойынша дәрігерлердің бақылауында болады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Қалибеков журналистерге берген сұқбатында.

Бүгін коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Айдар Нұрәлиев пен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев бар. Олар қауіпті індетті жеңудің бірден-бір жолы осы деп біледі.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы