БҚО-да жастарға қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды

Бұл туралы БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәжілісіне қатысқан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Мейірбек Нұркен мәлімдеді.

Баспасөз жиынында Мейірбек Асқарұлы жастардың жұмыссыздық мәселесі және жастар базасын жасақтау туралы баяндады. Батыс Қазақстандағы 14-29 жас аралығындағы 128 527 жас өңір халқының 19,6%-ын құрайды. Орталық басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың ІІ тоқсаны бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%-ды құрап отыр. Ал 2019 жылдың ІV тоқсанында бұл көрсеткіш 2,7% болған. Бұл көрсеткіштің жоғарылауының басты себебі – елдегі пандемиялық жағдайға байланысты жастардың жұмыссыз қалуы. Осы ретте аталмыш мекемедегі жастарға қызмет көрсету орталығы жұмыссыз жастардың үлесін азайтып, оларды жұмысқа орналастыруға ықпалдасу мақсатын көздейді.

Облыс орталығы – Орал қаласындағы Оқушылар және жастар сарайында астрономия, сурет салу үйірмелері, мұз айдыны, Д.Елеусінов атындағы бокс орталығы бар. Сонымен қатар «Bastau» коворкинг орталығы жұмыс жасайды.

Тағы бір айта кетерлігі, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 4651 жас жұмыспен қамтылған. Бұған қоса, «Бастау – Бизнес» жобасы шеңберінде 260 жас грантқа ие болған. Орталық директоры өз баяндамасында карантин кезінде жастарға қызмет көрсету шаралары онлайн түрде жүзеге асырылғанын жеткізді. Алдағы жоспар – облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ресми сайтында жұмыссыз жастар туралы ақпарат орналастырылатын арнайы база жасақтау.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы